«Таңдауыма өкінген емеспін»

1392

1

Қызылорда қаласының тұрғыны Ғазиза Рысқұлова 15 жылдан бері дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Түрлі құрылыс мекемелерінде мамандығы бойынша еңбек етті. Қазірде ол көпке танымал санаулы дәнекерлеушілердің біріне айналған.


Ғазиза мектеп бітірген жылы қаладағы №6 кәсіптік-лицейге түсті. Алғашында ұстаздары талдырмаш қыздың талабына күмәнмен қараған. Оқытушылары қызды аспаз болуға үгіттеді. Бір ай бойы журналға тіркемей, райынан қайтар деп күтті. Бірақ, Ғазиза алған бетінен қайтпады. Ақыры «Газ-электрмен дәнекерлеу» мамандығын игеріп шықты.
– Отбасында екі ағайындымыз. Әкемізден ерте айырылдық. Анамыз қатардан қалдырмай өсірді. Күндіз-түні еңбек ететін. Бірде солғын тартқан жүзінен қажығанын байқадым. Анамнан қандай жұмыс жасап көп ақша табуға болады деп сұрадым. Ол кісі дәнекерлеуші деді. Міне, сол уақыттан бастап менің санамда тек «дәнекерлеуші» мамандығы мықтап орнығып алды. Қазір шүкір деймін. Оқуды бітіргеннен бастап, жұмыс жасап келемін. Тынымсыз еңбектің арқасында біршама жетістікке жеттім, – дейді ол.
Ғазиза қазір Атырау қаласында вахталық әдіспен жұмыс жасайды. «ТеңізШевройл» компаниясында жалғыз ­газ-электр дәнекерлеушісі. Нағыз өз ісінің шебері. Білек күшін талап ететін мамандықты жүрексінбей таңдаған Ғазиза мамандықтың қиындығы мен қыр-сырларын өндірісте жүріп меңгерген. Бірнеше жылда біліктілігін ең жоғары деңгейге көтеріп, бүгінде 6-шы санатты дәнекерлеуші. 2015 жылы байқауға қатысып, «Құбыр өткізгіштерін қол электр доғалы үздік дәнекерлеуші» аталымы бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Алматы қаласында ЕТҰ жеңімпаздары арасында өткен сайыс­ты 2-орынды еншіледі.


– Мамандықтың оңайы жоқ. Әрбір істің өз қиыншылығы бар. Мен ешқашан таңдауыма өкінген емеспін. Қайта мақтан тұтамын. Көпшілік ер азаматтың жұмысы деп бағалайды. Кейде тепсе темір үзетін азаматтардың өзі бұл іске ықылас таныта бермейді. Бірақ, бұл пікірмен келіспеймін. Кезінде трактор айдап, пойыз жөндеп, ұшақ та басқарған қыз-келіншектер болды, – дейді ол.


Ғазизаның осы саланың білікті маманы атануына ықпал еткен ұстазы Ниякүл Дәулетбаева. Ол 30 жыл бойы дәнекерлеу­ші болып еңбек еткен. Сонымен қатар оқушыларға дәріс беріп, дәнекерлеу ісіне баулып келеді. «Ұстаздан шәкірт озар» деп бекер айтылмаған. Ния­күл шәкіртінің жемісті еңбегін жоғары бағалайды. Мақтан етеді. Ғазиза бүгінде мамандығына әбден төселген. Тіпті, дәнекерлеуді қыздарға үйретіп жүр. Солардың бірі – Мейрамгүл Айдарәлиева. Білмегенін қысылмай сұрайды. Еңбекқор қыз оған дәнкерлеудің қыр-сырын айтып, маман болып қалыптасуына жол сілтеген. Ынтасы бар жастарға да үйретуге дайын тұрады. Жаңадан келген мамандардың көпшілігі жұмыстың ауырлығына шыдамай шығып кетіп жатады екен. Бірақ, ол қиындықтың бәрін еңсерген қыз.


– Вахталық әдіспен жұмыс жасағанда барлық жағдай бола бермейді. Газ құбырларын жалғау үшін нысан басынан тысқары жүретін кездер болады. Талай қиындықты бастан өткердік. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жұмыс жасаған кез де болды. Кейде денсаулығың сыр береді. Көзің ашып, ұйқысыз өткен түндер қаншама?! Бірақ, мен қажыған емеспін. Әріптестерім ер азаматтар болғандықтан, бірдей еңбек етеміз. Жауапкершілікті бірдей сезінеміз, – дейді қайсар қыз.

Ғазизаның бойында өжеттілік бар. Ол бастаған ісін соңына дейін жеткізіп, нәтиже көрсете біледі. Кәсібіне деген сүйіспеншілік осы болса керек.


Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<