Өнер – ұрпақтың таным көкжиегін кеңейтетін құдіретті күш. Сол асыл өнерді шәкірт жүрегіне дарытып, қиялын қанаттандырып жүрген жандардың бірі – Арал қаласындағы №71 орта мектептің көркем еңбек пәні мұғалімі Нұржан Балов.
Ұстаздың шығармашылығы ұлттық құндылық пен жаңашыл ойдың табиғи үндестігінен тұрады. Ол табиғи тасқа сурет салып, жаратылыстың қатты болмысын өнердің нәзік тілімен сөйлете біледі. Әр тастың өзіндік пішіні мен болмысын терең сезініп, оны көркем бейнеге айналдыруда. Тас бетінде бедерленген бейнелер ұлттық нақыш пен терең мағынаны айқын танытады.
Қарапайым дүниеден жүрекке жылу сыйлар сұлулық тудыру үлкен ізденіс пен табандылықты талап етеді. Табиғи дарынын тынымсыз еңбегімен ұштастырған ұстаз көркемсурет өнерін үйретумен ғана шектелмей, оқушылардың шығармашылық әлеуетін ашуға айрықша мән береді. Аудандық, облыстық деңгейде өткен ашық сабақтар, шеберлік сыныптары мен коучингтер – соның айқын дәлелі.
Қызылорда қаласында өткен «Көркем еңбек сабағында ұлттық құндылықтар мен жасанды интеллектті ұштастыру» тақырыбындағы облыстық семинар-практикум аясында ұйымдастырылған «Заманауи сән мен талғамды тоғыстыру – шеберлік нәтижесі» көрмесіне қатысып, өз тәжірибесін бөлісті. Ұлттық құндылықтар мен заманауи технологияны ұштастырған бұл шара кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, «Отбасы тәрбиесі – құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі» атты облыстық семинарда «Ұлттық құндылықтар – ұлт қазынасы» тақырыбында шеберлік сағатын өткізіп, ұлттық тәрбие мен заманауи өнердің сабақтастығын жоғары деңгейде көрсетті. Қызылорда облыстық оқу орталығы ұйымдастырған облыстық әдістемелік семинарда «Металды көркемдеп өңдеу: зергерлік бұйымдарға бедер салу, соғу» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізіп, өзінің озық тәжірибесін бөлісті.
Сондай-ақ Нұржан Ертөреұлы Астана қаласында өткен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Көшпенділер мәдени мұрасы – ұлттық қолөнер құндылығы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысып, ұлттық қолөнерді дәріптеу бағытындағы кәсіби ізденісін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ұстаз жаңашылдығы экологиялық мәдениеттен де көрініс табады. Күнделікті тұрмыста қоқысқа айналатын энергетикалық сусын қалбырларын кәдеге жаратып, зергерлік бұйымдар мен ұлттық нақыштағы сувенирлер жасауы – қоғамға пайдалы тың бастама. Сусын қалбырларынан жасалған сырға, сақина, білезік, шашбау, белдік, киіз үй пішініндегі той сыйлықтары көрмелер мен семинарларда көпшіліктің жоғары бағасына ие болды.
Ұстаз еңбегінің жемісі – шәкірт жетістігі. Мектептің 8-сынып оқушысы Ерболат Ақберік «Табиғатты аяла» жас өлкетанушылар, эколог және табиғат зерттеушілерінің республикалық форумының облыстық кезеңінде «Үздік арт-нысан» номинациясы бойынша І орын иеленді.
Алматы қаласында Сүлеймен Демирел университеті базасында өткен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Педагогикалық идеялар фестивалі – 2026» байқауында І орын иеленуі – ұстаз еңбегінің жарқын жемісі.
Мектебімізде оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, қолөнерге қызығушылығын арттыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Қолөнер және сән» тақырыбында мектеп жобасы табысты жүзеге асырылуда. Жобаны жүзеге асыру барысында Нұржан Балов мектеп оқушыларымен бірлесе отырып, қалдық заттарды өңдеп оларды сәнді әрі пайдалы бұйымдарға айналдырады. Өнер мен экологияны ұштастырған, болашаққа бағытталған бұл жоба оқушылардың қиялын дамытып қана қоймай, еңбекке баулып, табиғатқа жанашырлықпен қарауға тәрбиелейді. Шығармашылық арқылы жауапкершілік пен экологиялық сананы қалыптастыратын бұл бастама – жас ұрпаққа берілген құнды тәрбие мен жарқын болашаққа жасалған маңызды қадам.
Он бес жылдық ұстаздық тәжірибесі бар, он саусағынан өнер тамған Нұржан Балов – ұлттық рухты жаңғыртып, жаңашылдықты шығармашылықпен ұштастыра білген, өнер арқылы тәрбие беріп келе жатқан заманауи педагог.
Осындай елге үлгі болар еңбегімен ерекшеленіп жүрген әріптесіме шығармашылық табыс, ал шәкірттеріне биік белестер тілеймін!
Салтанат АБДУЛЛАЕВА,
№71 орта мектебінің директоры.
Арал қаласы





