Отызыншы жылдардағы ашаршылық сұмдығын Сталинге Тұрар Рысқұлов хат арқылы жеткізгені тарихтан мәлім. «Ұжымдастыру жылдарындағы халық шығыны 1930 жылғы аштықтан 313 мың адам, 1931 жылғы аштықтан 755 мың адам, 1932 жылғы аштықтан 769 мың адам өлді. Жиынтығы 1 млн 750 мың адам. Ауыл халқының 40 пайызы жоғалды. 1 миллионнан астам адам шетелге көшіп кетті. Оның 616 мың адамы қайтқан жоқ. 1929 жылы Қазақстандағы 40,5 миллион малдың 1933 жылы тек 4,5 миллионы ғана қалды» делінген хатта.
Бұл тек ресми дерек қана, ал із-түзсіз, іздеусіз, жер ауып, ел ауып бара жатып далада қалғандардың есебін кім түгендеп жүрді дейсің? 1893 жылы дүниеге келіп, 1904 жылы басталған Қазалы теміржол вокзалының құрылысы қалай жүргізілгенін көзімен көрген, 1916 жылғы патша жарлығымен бірінші дүниежүзілік соғыста окоп қазу жұмысында болған, ашаршылық нәубетін басынан өткерген, екінші дүниежүзілік соғыста Украина жеріндегі қорғаныс жұмыстарына алынған, 1986 жылы тоқсан үш жасында өмірден өткен атам: «Құдай ұрпағымыздың ұрпағынан бетін аулақ етсін, жұт жеті ағайынды деген рас екен» деп отыратын ара-тұра отыз екінің ашаршылығы есіне түсіп естелік айтқанда. Аспаннан тамшы тамбай қалады, егін өнім бермейді, шөп шықпайды, аң-құс жоғалып кетеді, өзен-көл тартылады, тіпті судағы балық қашып кетеді екен.
Ал анамның айтуынша, ашаршылықта теңіз жағасында ауқаттылау тұрған нағашы атамыздың бұрын бос қайтып көрмеген ау-құралына бір аптаға жуық ештеңе түспепті. Тек содан кейін ғана бірді-екілі шабақ іліне бастап, жалғанып кеткен көрінеді. «Өзен жағалағанның өзегі талмас, көл жағалағанның көні кеппес» деген де рас-ау.
Ішкені алдында, ішпегені артындағы ұрпаққа ол зұлматты ұқтыру тым қиындап бара жатқандай. Қазір қымбатшылық екені рас, жоқ-жұқалардың да жаппай емес, ішінара бар екені де рас, жұмыссыздықтың да белең алып тұрғаны шындық. Мұндай өтпелі кезең дамыған мемлекеттердің бәрінде де болған. Сол тығырықтан шығу жолын басшысы да, қосшысы да, қарапайым халқы да бірлесе отырып тауып, қандай шеберлікпен шығып кеткенімен таныса отырып, «біз қай жерден қателік жібердік, нені ұқсата алмай отырмыз осы?» деп, қайран қаласың.
Бүгінде арланбай еңбек еткен жанның қолы қимылдаса, аузы қимылдайтыны да өтірік емес. Әке-аналарымыз, ата-әжелеріміздің басынан өткерген қасіреті бүгінгі ұрпаққа беріліп отырған мүмкіндікпен салыстыруға да келмейді. Ендеше, өткеннің өкініші мен бүгінгі күннің айналадағы аласапыранынан сабақ алып, қанағат қарын тойғызатынын естен шығармасақ, ұтпасақ ұтылмасымыз анық.
Әлімжан ҚИЯС





