Кеше Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай жиын өтті.
Қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев 15 сәуір қазақ тарихындағы елеулі күн екенін атап өтті. Өйткені 1925 жылы осы күні Ақмешіт қаласында Қазақ АКСР кеңестерінің V съезі бастау алды. Күн тәртібінде ұлтымызға «қазақ» атауын қайтару және Ақмешіт атауын ауыстыру мәселесі тұрды.
– Қаулыны жүзеге асыру мақсатында Қызылорда уездік қалалық атқару комитеті 1925 жылы 30 мамырда мемлекеттік мекемелерге, кооперативтік және басқа да ұйымдарға мөр, мөртабан, мекеме мандайшаларындағы атауын бір ай көлемінде «Қызылорда» деп өзгертуді міндеттеді. Қызылорда атауын съезде көпшілікке ұсынған ұлт мақтанышы Сұлтанбек Қожанов болса, оны ойлап тапқан жерлесіміз Қоңырқожа Қожықов деген деректер кездеседі. Тапқырлықпен табылған қала атауы әліге дейін өзінің биігін аласартпай, жарқын жолынан жаңылған емес, – деді Айдын Қайруллаев.
Түркілік семантикалық тұрғыда «қызыл» сөзінің түп төркіні түркі дәстүріндегі күнмен байланысты. Ал ортағасырлық жазба ескерткіштерінде «алтын» деген мәнге ие. «Орда» сөзі билік, астана мағынасында қолданылған. Большевиктер үшін Қызылорда – қызылдар қаласы, түркі тілінде алтын орда мағынасын білдіреді.
– Ұлт зиялылары қазақ халқының, түбі ортақ түркі тарихын жақсы білді. Съезде қылышынан қан тамып тұрған большевиктер мұның арғы мәніне бас ауыртпай, ұсынысты бірден қабылдады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары тарихи «Ақмешіт» атауын қайтару туралы пікірлер болды. Дегенмен, «Қызылорда» атауы тарихпен біте қайнасып, ұлт жадында астана ретіндегі бейнесімен сақталғанын, мемлекеттік құрылым, ұлттық идея, тарихи сабақтастық ұғымдарымен де тығыз байланысты екенін ұмытпауымыз керек, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті гуманитарлық-педагогикалық институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сағат Тайман.
Астана болған кезінде Қызылордаға талай қазақ зиялысының табаны тиіп, ізі қалды. Университеттің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев осы тақырып турасында сөз қозғады.
– 1919 жылы Орынборда ашылған Қазақ халық ағарту институты 1925 жылы Қызылорда қаласына көшірілді. 1925-1928 жылдары Сәкен Сейфуллин осында сабақ берді, кейін ректоры болды. Тәжірибелі педагог, ағарту жұмысын ұйымдастырушы Сейітқали Меңдешев, Құдайберген Жұбанов институтта сабақ берді. Зиялылар Қызылорда қаласында тұрған кезін жазба етіп қалдырған. Мысалы, «Өмір мектебі» кітабында жазушы Сәбит Мұқанов: «Маған ерекше әсер еткен көріністің біреуі – Сырдария өзені. Атағы жер жаратын бұл өзенді бірінші рет көруім. Оның суы Есіл өзеніндей мөп-мөлдір боп ақпай, сап-сары қоймалжың боп ағады екен. Төңірегіндегі жарқабақтары аласа, кей тұста жазық жермен тұтасқан жайпақ» деп суреттеген. Қазақ көшесінде Қызылордада тұрақтаған Лапин Жағыпар, Қоңырқожа Қожықұлы, Серікбай Ақайұлы, Әлмағанбет Құрымшин, Сұлтанбек Қожанұлының қызыл кірпіштен салынған біркелкі үйі болған. Бұл туралы журналист, әдеби мұраларды жинаушы Гүлнар Дулатованың естелігінде жазылған, – деді ғалым.
Ел орталығын Орынбордан Ақмешітке ауыстырғанда саяси элита да келді. Архив құжатын негізге ала отырып, деректерді сөйлеткен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың кітапханашысы Ақмарал Серікбаева онда Алаш зиялылары Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынұлының «Қызылорда» атауына ерекше риза болғанын жеткізді.
– Алаш көсемінің Қызылордамен байланысы ұзаққа созылған жоқ. Тарихи мәліметке қарасақ, Әлихан Бөкейханов мұнда екі рет – 1925 және 1926 жылдары келген. Конференцияға қатысқаны туралы ешқандай ресми дерек жоқ. Есесіне сол жиыннан бейнежазба сақталыпты. Онда қазақ зиялысының конференция президиумының қақ алдында жеке орындықта отырғанын көреміз, – деді ол.
Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының директоры Ерғазы Алданазаров Сыр бойындағы ондаған қаланың астана мәртбесіне ие болған төртеуін ерекше атап өтті. Олар – Арал маңын мекендеген сақтардың астанасы Шірік-Рабат, ортағасырлық Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкент, Қыпшақ хандығының, сонымен қатар Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы мен Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ, 1925-1929 жылдары Қазақ АКСР-нің астанасы қызметін атқарған Ақмешіт (Қызылорда) қалалары.
– Қызылорда астана болған кезеңде қалада маңызды мемлекеттік және қоғамдық шаралар өтті. Бірақ экономикалық және саяси қиындықтар астананы Алматыға көшіру туралы шешім қабылдауға себеп болды. Қызылорда қаласы республиканың саяси өмірінде маңызды роль атқарды. Ол жаңа республиканың қалыптасу кезеңінде көптеген маңызды оқиғаның куәсі болды, – деді орталық басшысы.
Жиында өзге де баяндамашылар Қызылорданың ел астанасы болған кездегі орнын айшықтап, бұрынғы зерттеулер қала тарихы мен архитектурасын толық қамти алмайтынын, сондықтан бұл кезең әлі де жан-жақты зерттеуді қажет ететінін жеткізді.
Жиын барысында сондай-ақ Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына арналған кітап көрмесі өтті.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»






