Тарихи драма Алаш идеясын арқау етті

184

0

Еліміздің тарихында әлі де толық ашылып, айтылмай келе жатқан Алашорда қозғалысының өзіндік орны бар.

Оның ар жағында Алаш арыстарының азапты өмірі, аласапыран тағдыры тұр.

Биыл аймақтағы айтулы мереке – бұрынғы Ақмешіт, қазіргі Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл! Осыған орай қалалық «Жастар театры» алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбайдың «Жас Алаш. Шындық шырағы» ат­ты тарихи драмасын алғаш сах­наға алып шықпақ. Спек­такльдің режиссері театр және кино актері Ұлан Болатбек.

Шығарма авторы Елдос Тоқтарбай, қоюшы режиссер Ұлан Болатбек, театрдың көр­кемдік жетекшісі Оңталап Нұр­маханов және театр бас­шысы Нұрмат Мансұр өңір­дің БАҚ өкілдерімен кез­де­сіп, қойылымның жалпы маз­мұ­нымен таныстырып, идея­ның туындауына негіз болған де­ректер жайлы әңгімеледі.

– Өздеріңіз білесіздер, Ақ­мешіт – тарихи қала, ел өмі­ріндегі көптеген тарихи оқи­ғаларға куә болған қала деп білеміз.

Ақмешітте Алаш арыста­ры­ның ізі қалған. Жаңа рес­пуб­ликамыздың негізі қа­лан­ған. Өз территориямызда бол­ған тұңғыш астана екені бізге белгілі. Бес жыл астана болған бас шаһарда мемлекет үшін маңызды шешімдер қа­был­данған.

 Биыл бұрынғы Ақмешіт, қазіргі Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толып отыр. Осы жүз жыл­дың тарихын халыққа қалай жет­кіземіз? Оған дейін біле­сіздер, кейінгі жылдарда театр сахналарында, кино әле­мінде Алаш қайраткерлері, Алашорда қозғалысы туралы бірлі-жарым дүниелер жүзеге асырыла бастады. Оның өзін­де біртұтас концепсиялық дү­ние емес, бір тұлғаның өмі­рі немесе бір кезеңдегі оқи­ғаның берілуі арқылы ғана бей­неленіп келді.

Баршаңыз білесіздер, Алаш қайраткерленің ұрпақ­та­рынан жалғыз қалған, ға­сыр жасаған Міржақып Дула­т­ов­тың қызы Гүлнар Дулат­ова артына көп мұра қалдырды.  Өмірден өткенше әкесінің ғана емес, әкесінің көзін көр­ген, жанында болған, майдан­дас, мұраттас болған қаншама азаматтардың сөзін сақтап қа­лып, жазып, жариялап кетті.

Сол Гүлнар анамыз өзінің кітабында өмірінің ең бақыты шағы, қайталанбас төрт жы­лы Қызылордада өткенін ай­тады. Әлбетте, бұл жерде Әли­хан Бөкейханов, Ахмет Бай­тұрсынов, Міржақып Дулат­ов сынды Алаш қайрат­кер­лерінің арасындағы адами қарым-қатынас, адал достық, бір-біріне деген жан аямас жа­қындығы себеп болса керек.

Осы жайды ойлана келе, Алаш арыстарының рухты істері, сол уақыттағы бұрынғы қудаланып, саясат сахнасынан ығыстырылған тұлғалардың ұлттық мүдде, ұлт ісі, жалпы руханиятқа еткен қызметі жа­нама хроникалық деректер ар­қылы беріледі, – дейді Елдос Тоқтарбай.

Спектакльдің режиссері Ұлан Болатбектің айтуынша, қойылымда Алаш қайраткер­лерінің жастық шағы, білімі, іскерлігі, ұлттық мүдде жо­лын­дағы күрескерлік кезеңі сах­наланады. Алаш идеясы жо­лындағы арыстардың жан­кешті қызметі, оларға қар­сы советтік өкіметтің сойылын соққан НКВД жансызда­ры­ның қиянаты суреттеледі.

– Жастар театры осындай аса маңызды тақырыпты сах­наға  алып шығуға тәуекел етіп, ерекше ізденіспен ең­бек етті. Дарынды актер, Қа­зақ­­станның еңбек сіңір­ген қай­раткері Дулыға Ақмол­даның шеберлік сағатына қатысты. Нәтиже­сінде, танымы терең тарихи туынды көрерменге жол тартпақ. Бағасын халық береді, – деді ол.

Қорыта айтқанда, тарихи туынды ұлттың рухын көте­ріп, қазақ тарихындағы Қызыл­орда қаласының айшықты ор­нын айқындап, Алаш арыс­тарының ұстанымын өске­лең ұрпаққа насихаттау, ора­сан еңбегінен тағылым алу идеясына негізделген.

Айта кетейік, баспасөз алаңында шығарма авторлары мен журналистер аз-кем пікір алмасты. Сұхбат барысында Алаш қайраткерлері өмірінің маңызды әрі мағыналы кезе­ңін Қызылорда қаласында өт­кергені, осы жерде олардың алғашқы әдеби шығармалары дүниеге келгені айтылды. Осы тұрғыда Сыр елінде Алаш қайраткерлерінің есімін ес­те қалдыратындай, олардың ел тарихындағы орнын ұр­пақ­қа үлгі ететін жарқын іс­тер жал­ғасын тапса деген ұсы­ныс­тар айтылды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»