Өткен жылы елімізде, өңірде тарихи тұлғалар мен оқиғалардың мерейлі белесі аталып өтті. Абай Құнанбайұлының туғанына180 жыл, Қызылорданың Қазақ елі астанасы болғанына 100 жыл, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Байқоңыр ғарыш айлағының ашылғанына 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының 70 жылдығы кең көлемде тойланды.
Бұл мерейлі даталардың тарихтағы орны мен маңызы айрықша. Қызылордалықтар осы жерде Қазақ елі астанасының туы тігілгеніне, ұлтымызға «Қазақ» атауы қайтарылғанына бір ғасыр толған мерекені жыл көлемінде атап өтіп, ауқымды әрі салтанатты іс-шарамен қорытындылады.
Сол жағалауда жаңадан ашылған «Қайсар Арена» стадионында «Мерейлі мерекеңмен, Қызылорда!» атты гала-концерт өтті. Мереке бастауындағы астананы Орынбордан Ақмешітке көшіру және Киргиз АКСР-ның Қазақ АКСР деп өзгертілуі, қалаға Қызылорда атауының берілуі, Ақмешітке қарай бағыт алған «Қызыл паравоз», Алаш арыстарының бейнелері, тарих желісінен сабақталған көріністер сол дәуірді көпшіліктің көз алдына әкелгендей әсер қалдырды. Одан кейін экрандағы көріністер жаңарған, жаңғырған Қызылорданың бүгінгі жасампаз келбетіне ауысты.
– Бір ғасыр бұрын Қазақ Республикасының алғашқы астанасы болған Қызылордада мемлекеттігіміздің негізі қаланды. Сол кезеңде қаламыз еліміздің саяси, мәдени-рухани орталығына айналды. Ұлттық өнер мен ғылымның, білім мен баспасөздің алтын қазығы осында қағылды. Шежірелі шаһарымыздың елдік асыл мұраты, жасампаз жолы қалыптасты. Ұлтымызға «Қазақ» атауын қайтарып, азат ел болуды аңсаған асқақ арман орындалды. Тілегі мен мақсаты ортақ Алаш арыстары ұлт мүддесі үшін тәуелсіз ел болуға бірікті.
Жүз жылда бірнеше кезеңді басынан өткерген Қызылорда бүгінде Президентіміздің ерекше қолдауымен сәулетті де әсем қалаға айналып келеді.
Ең ғажап қала – ол адамның бақытты болған жері. Баршамызды бақыт құшағына алған Қызылорда – біздің мақтанышымыз, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтау сөзінде.
«Қайсар Арена» стадионындағы гала-концертті тамашалаған қызылордалықтар мен қала қонақтары сахна сәніне, арнайы дайындалған тақырыптық дрон шоуға, би қойылымдары мен бейнероликтерге жоғары баға берді. Салтанатты шараның шарықтау шегінде мереке аспанын мың бояулы отшашулар жарқыратты.
Осыдан бір ғасыр бұрын тарихи шешімдер қабылданған қалада азат ел болуды аңсаған асқақ армандар тоғысты. Тілегі ортақ текті азаматтар ұлт мүддесі үшін ұлы мақсаттарға ұйып, Тәуелсіз Қазақстан жолына топтасты. Осылайша ежелден еңбекшіл әрі елжанды халқымыздың бірлігі мен берекесінің арқасында дария бойы дамыған қалаға айналды.





