Биыл Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл. Мерейтой қарсаңында Сыр өңірінде тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты ашылды.
Жаңа музей ғимараты заманауи талаптарға сай жабдықталып, өңірдің бай тарихы мен мәдени мұрасын кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді. Мұнда келушілер Қызылорданың астана болған кезеңіндегі құнды жәдігерлермен, тарихи құжаттармен және көрнекті тұлғалардың өмірі мен қызметіне қатысты экспозициялармен таныса алады. Бұл бастама – Сыр елінің рухани жаңғыру жолындағы маңызды қадамы әрі жас ұрпаққа тарихи сананы сіңірудің тиімді жолы болып отыр. Шараға «Самұрық – Қазына» Ұлттық компаниясының басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов арнайы қатысты.
Салтанатты рәсімде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөз алып, жаңа ғимараттың ұлт руханиятына қызмет етіп, мәдени мұралардың ордасына айналуына тілегін білдірді.
– Бүгін аймағымыз үшін тарихи сәт, айтулы күн. Қасиетті Сыр өңірі – астаналар мекені, ұлт руханияты мен мәдениетінің алтын діңгегі. Ежелгі сақ заманындағы Шірік-Рабат, Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкент, Ақ Орда мен қазақ хандығының астанасы Сығанақ қаласы соның айғағы. Киелі топырақта түркі жұртының абызы Қорқыт бабамыздан бастап, ел тарихынан ойып орын алатын қаншама тұлғалар, қайраткерлер, мәдениет майталмандары мен әдебиет өкілдері дүниеге келді.
Президентіміз бірлік пен берекенің, өнер мен мәдениеттің құтты ұясы болған Сыр өңірін алтын бесікке теңеп, айрықша бағасын берді. Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда келесі бесінші отырысты Сыр бойында, кезінде қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиында қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты. Бұл біз үшін зор мәртебе.
«Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірінде Президенттің, Үкіметтің ерекше қолдауымен байыпты бастамалар қолға алынып, жаңа жобалар іске асуда. Әсіресе, мәдениет саласында жүзеге асқан жобалар жетерлік. Бүгінгі облыстық тарихи-өлкетану музейінің халық игілігіне берілуі соның бір айғағы. Музейдің салынуына «Самұрық-Қазына» Ұлттық компаниясы өз үлесін қосты.
Заманауи жаңа ғимарат ұлтымыздың тарихи «Қазақ» атауы қайтарылған және Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл мерейтойына, облыстық музейдің 85 жылдығына керемет тарту болды. Жаңа музей егемен еліміздің өткені мен келешегін байланыстыратын тарих айнасына, мәдени мұралардың орталығына айналсын. Киелі «Сыр елі – жыр елінің» мәдени қазынасы арта бергей! – деді облыс әкімі.
Салтанатты шарада Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов та Сыр жұртшылығын тарихи сәтпен құттықтап, тілегін жеткізді.
– Соңғы екі-үш жыл көлемінде Сыр өңірінде руханият саласына айрықша көңіл бөлініп келеді. Бірқатар мәдени нысандар жаңарып, жаңалары бой көтеруде. Бүгін біз сондай игі бастаманың бірінің куәсі болып тұрмыз. «Мұражай» сөзі – «муза сарайы» деген мағына береді. Бұл – жай ғана экспонаттар жиынтығы емес, бұл – ұлттың өткеніне көз жүгіртіп, болашағына бағдар жасайтын рухани кеңістік, алтын қор.

Бір кездері Қызылордадағы музейлердің жағдайы көңіл көншітпейтін. Алайда аймақ басшылығының бастамасымен аудан орталықтарында «Руханият» орталықтары ашылып, тарихи-мәдени мұраларды жүйелі түрде сақтауға жол ашылды. Енді, міне, облыстық тарихи-өлкетану музейі де өз тарихында тұңғыш рет арнайы салынған заманауи ғимаратқа көшіп отыр. Бұл – музейдің 85 жылдық шежіресінде айтулы жаңалық.
Бүгінде облыс аумағында 14 тарихи-өлкетану музейі жұмыс істейді. Онда 170 мыңнан астам құнды жәдігер сақталған. Жаңа ғимараттың ашылуы – қорымызды байытып, ұрпаққа рухани мұра қалдыру жолындағы үлкен мүмкіндік. Бұл – өткенімізді қадірлеп, келешекке қалдыратын аманат, – деді Наурызбай Сейітқалиұлы.
Жиын барысында музей ғимаратының құрылысын сапалы жүргізіп, ел игілігіне табыстауға және заманауи экспозициясын жасақтауға үлес қосқан құрылысшылар мен музей қызметкерлері марапатталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазіргі заман талабына сай музей – қоғам санасын жаңғыртуға зор ықпал ететін институтқа айналуы керек. Сол арқылы жас ұрпақ төл тарихымыз бен салт-дәстүрімізді терең танып, одан тағылым алуы қажет» деп атап өткен болатын. Расында да, бүгінгі таңда музей өткенді ұлықтайтын ғана емес, келешекті кемелдендіретін мәдени-ағартушылық кеңістікке айналып отыр.
Жаңа нысан – осы сөздің айқын дәлелі. Мұнда негізгі қордағы 40 мыңға жуық түпнұсқа жәдігер мен көмекші қордағы 35 мыңнан астам тарихи экспонатты халықаралық стандарттарға сай сақтау мүмкіндігі қарастырылған. Жалпы аумағы 3 мың шаршы метрден асатын музей ғимараты 11 экспозициялық залды қамтиды. Жаңадан ашылған орта ғасырлар өркениеті мен ғарышты игеру залдары – тарихи таным көкжиегін кеңейте түссе, балалар музейінің арнайы бөлмесі өскелең ұрпақты рухани әлемге жетелейді.
Ең бастысы музейде экспонаттарды таныстыруда заманауи технологиялар мен жасанды интеллектінің тың мүмкіндіктері қолданылған.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»





