Егемендік – өз билігін өзі егелену деген сөз. Біраз кісілер «Егемендік пен тәуелсіздік бір ұғым емес пе, екеуі бір мейрам болса да жетпей ме» деген пікірде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің басты мерекесі, яғни, жалғыз ұлттық мейрамы 25 қазан – Республика күні екенін атап өтіп, «Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн» деген болатын. Ал 16 желтоқсан мереке ретінде емес, еліміздің тәуелсіздік алуына зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек деп, ол күнге жаңаша сипат берген.
Шын мәнінде егемендік – халқымыздың жүрегінен орын алған тарихи дата, мемлекеттігіміздің жаңғыру нышаны.
1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстан Республикасының тәуелсіз ел болуға бет алғанын айқындады. Осы құжатта алғаш рет еліміздің жері мен байлығы, тағдыры өз халқына тиесілі екені ресми түрде жарияланды.
Бұрын біз Кеңес одағына бағынышты ел есебінде дербес шешім қабылдап, сыртқы саясатта өз мүддемізді білдіре алмайтын едік.
Декларацияда Қазақстан халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар егемен мемлекет болып танылды. Онда елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баян етілді.
Кеңес одағы құрамындағы ел бола тұра республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз шешілетіні жарияланды.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң осы декларациядағы бағдарлама негізінде қабылданды. Демек, Егемендік декларациясы ел тәуелсіздігіне тікелей жол ашты.
Бұл – ғасырлар бойы азаттықты аңсаған ата-бабамыздың арманы орындалған күн еді.
Тәуелсіздік пен егемендік идеясы қазақ халқының жадында әрқашан сақталып келді. Күлтегін мен Тоныкөк жазбаларынан бастап, Қасым ханның «Қасқа жолы», Абылай ханның ел бірлігі жолындағы күресі, Алаш арыстарының ұлт тәуелсіздігі үшін жасаған ерліктері – соның айғағы. Республика күні – осы тарихи сабақтастықтың, ұлт рухының жалғасы.
Республика ұғымының мәні – халық билігі, яғни, ел тағдырын азаматтардың өздері шешетін мемлекет. Бұл – демократия мен әділдікке, теңдік пен бірлікке негізделген қоғамның нышаны. Сондықтан Республика күні – елімізде өмір сүріп жатқан әр азаматтың жүрегінде мемлекетке деген мақтаныш пен жауапкершілікті оятатын мереке.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан әлемге бейбітшілікті ту еткен, ынтымақ пен тұрақтылықты сақтаған, экономикалық тұрғыдан өсіп-өркендеген ел ретінде танылды.
Қазіргі кезеңде халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесі, өңірлік көшбасшы мемлекет. Бұл жетістіктер – халқымыздың еңбегінің, ел бірлігінің және сарабдал саясаттың нәтижесі.
Бүгінгі таңда Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалар елдің саяси жүйесін жаңғыртуға, әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған. Бұл үдерістердің түпкі мақсаты – азаматтың мемлекет алдындағы құқығы мен қадірін арттыру, елдің болашағын ортақ жауапкершілікпен құру.
Республика күні – осы реформалар рухымен үндес мереке. Өйткені «республика» ұғымы жаңару, өзгеріс, жауапкершілік дегенді білдіреді.
Бүгінгі Қазақстан – өз болашағына сенетін, тарихынан тағылым алып, жаңа белестерге ұмтылған ел.
Халқымыз «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді.
Тарих дәлелдегендей, татулық пен келісім – елдің ең үлкен байлығы. Қазақстанның бүгіні мен ертеңі осы құндылықтарға сүйенеді. Бейбіт өмірдің, дамудың, өркендеудің кепілі ұлттың бірлігі мен азаматтардың өзара түсіністігі деп тану керек.
Ардагер ұрпақ үшін бұл – ел тәуелсіздігі жолындағы күрестің, еңбектің, төзімнің нәтижесін еске алу күні. Ал жас буын үшін – жауапкершілік пен патриотизмге бастайтын сабақ. Сондықтан әрбір азамат Республика күнін жүрегімен сезініп, елінің дамуына үлес қосуға ұмтылуы тиіс.
Республика күні – бұл жай ғана тарихи дата емес. Бұл – мемлекеттілігіміздің, демократиялық құндылықтарымыздың және ұлттық бірлігіміздің мерекесі. Ол – бізді өткенге тағзым етуге, бүгінгі жетістіктерімізді бағалауға және болашаққа сеніммен қарауға үндейді.
Бірлігіміз бекем, еңбегіміз берекелі болсын! Республика күні баршамызға құтты, елімізге игілік әкелсін!
Бекмырза ЕЛАМАНОВ,
Қызылорда облысының
құрметті азаматы,
ҚР Сенаторлар кеңесінің мүшесі





