Тарихы терең Түркістан

231

0

Фото: Автордан

Сыр елінің ардагерлері мінген автобус маусым айының 4-ші жұлдызында таң ата Түркістан облысын бетке алып, жолға шықты. Бабалар рухына Құран бағыштап, тарихи жерлерді аралап көреміз деген көңіл-күй ардагерлерді қанаттандырып, автобус ішін жанға жайлы бір әуен тербеп келеді.

Қасиетті Құрбан айт қар­са­ңында облыстық ардагерлер ке­ңесінің төрағасы Серік Әбіш­ұлы Дүйсенбаев бастаған Сыр елі­нің өсіп-өркендеуіне, жас ұр­паққа ру­хани-тағылым беруде ең­бе­гі сіңген ардагерлердің көрші об­лыс­тарға бұл алғашқы сапары емес. Бұған дейін де Ұлытау облы­сын, қасиетті қазақ жерінің бабалар дүбірге бөлеп өткен кең даласын аралап, тарих көмбесінен сыр шерткен мекендердің сырына үңіліп, қаныққан болатын.

Жол сапары адамдардың бір-бірін жақын тануға, болмыс-біті­мін айқындауға мол септігін тигі­зетіні ақиқат. Әр саланың тізгінін ұстаған 50 ардагер жарқын жүз­бен шүйіркелесіп, әңгімелері бір арнаға тоғысып келеді. Ол – Түр­кістан облысы Отырар ауданы­ның жерінде мәңгілік мекен тап­қан – Арыстанбаб әулиенің басы­на құрбандық шалып, Құран ба­ғыштап, бабаның рухани әле­міне бойлау.

Жолаушының мақсаты дітте­ген жерге жету болса, ардагерлерді Түркістан қаласынан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов күтіп алып, Отырар ауданына қарай жол бастады.

Қашан да келіп-кетуші көп­шілік арылмайтын Арыстанбаб әу­лие кесенесінің алдындағы ар­найы орынға құрбандық малын шалып, баба рухына Құран ба­ғыш­талды.

Отырар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Арзықұл Бектібай, аудан әкімшілігінің қыз­меткерлері Сыр елінен келген ардагерлерге қонақжайлық көр­сетіп, ыстық ықыласқа бөлендік. Отырар музейі көненің кө­зін­дей жәдігерлермен қайта та­быстыр­ғандай рухани мол тағлым алдық.

Түркістан шаһары жасарып, жаңарып, сұлу да әсем қалаға айналыпты. Салынған, енді салынып жатқан ғимараттар көз тартып, оның үстіне күтіп алып, қызмет көрсеткен түркістандықтардың қонақ­жайлығы екі облыс арда­гер­­лерін рухани жақындатып, көңіл толқытты. Қ.А.Яссауи баба­­мызға Құран бағыштап, қала­ны ара­лауға шықтық. Электро кар­мен кесене маңын аралатып, «Ви­зит» орталығында Қ.А.Яс­сауи кесе­несінің шығыс, батыс бө­лігіндегі өрнектеліп жазылған қасиетті сөздердің мән-мағынасы түсіндірілді. Көне есік, түрлі жәдігерлер таныстырылды. Онан кейін «Ұлы дала елі» орталығын тамашалаған соң, «Алтын самұ­рық» 8Д әуе театрына кіріп, 50 ардагер теңдесі жоқ ғажайып кө­ріністердің куәсі болды. «Жасан­ды көл», «Жастар» саябағы Түр­кістан қаласының жасыл же­лекке бөленген, экологиясы таза, жанға жайлы мекен екенін дәлел­дей түскендей болды. Рухани, мәдени орталықтарды аралап, көзбен көріп, көңілге түйген ардагерлер жансарайы ашылып, бір серпіліп қалды. Бір күндік са­пар жылға татырлық рухани азық сыйлады. Бір айта кететіні, Түр­кістан қаласының әкімі Әзім­бек Пазылбекұлы Сыр елінің ар­дагерлерімен жүздесіп, дәм-тұ­зын ұсынып, қазақтың салт-дәс­түрін берік ұстанған азамат екенін көрсете білді. Түркістан облысына зиярат жасап барған ардагерлеріміз рухани кемелденіп, елге аман-есен, соны серпіліспен оралды.

Осындай рухани тазалықтан нәр алып қайтуға бастамашы болып, ұйымдастырған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевқа, орынбаса­ры Мақсұт Баекеевке, сапарлас болған қалалық мәдениет сала­сының қызметкерлеріне ардагерлер алғысы шексіз.

Қаршыға ЕСІМСЕЙІТОВА,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,

Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі