Тасбөгеттің жаңа тынысы

94

0

Қалаға қарасты қарқынды дамып келетін кенттің бірі – Тасбөгет. Іргетасы 1947 жылы жұмысшы поселкесі ретінде қаланған. Кейіннен 1958 жылы Сырдария ауданының орталығы болса, қайта бөліністен кейін қала типтес қонысқа айналды. Ал 1997 жылдан бастап Қызылорда қаласының құрамына кірді. Қазіргі таңда оған Тасбөгет кенті, «Сабалақ» саяжайы және Иіркөл елді мекендері қарайды.

Биыл кенттің бюджеті 496 млн теңге болса, алты айдың қорытындысымен 302,2 млн теңге игерілген. Салық түсімінің жылдық жоспары 125,6 млн теңге деп болжанса, нақты түсім 129,6 млн теңгені құрап отыр.

Кәсіпкерлік жандануда

Кейінгі жылдары кент тұрғындары кәсіппен айналысуға ерекше бет бұрып келеді. Оны жаңа әлеуметтік нысандардың бой көтеруінен, шағын және орта бизнес саласының жандануынан байқауға болады. Мәселен, кентте 880 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Оның 606-сы жеке кәсіпкер, 256-сы заңды тұлға, 18-і шаруа қожалығы. Осы жылдың өзінде 3 азық-түлік шағын маркеті, 2 көлік жуу бекеті, 2 дәмхана, техникалық жөндеу орталығы және отбасылық кафе ашылып, халық игілігіне жұмыс істей бас­тады.

Өткен жылы да кент тұрғындары мемлекеттік бағдарламаларға белсене қатысып, жобаларын қорғаған болатын. Нәтижесінде 29 тұрғын 72,7 млн теңге көлемінде қаржыға қол жеткізіп, өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды.

Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көргендердің бірі – «Бисенова» ЖК басшысы Айжан Бисенова. Ол «Бизнестің жол кар­тасы-2025» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында 5 млн теңге грантқа қол жеткізіп, кәсібін табыс­ты дамытуда. Көпшілікке оның кәсібі «NS print KZO» атауымен танымал. Бұл жоба – ультракүлгін бояуды пайдалану арқылы қабыр­ғаға тікелей бейне түсіретін заманауи принтер қызметі. Жаңа тех­нологияның арқасында тұтыну­шылар интерьерді өз қалауынша әсемдеуге мүмкіндік алуда. 

–        Мемлекеттік бағдар­ламалар – кәсіпті жандандырудың үлкен қолдауы. Қазір қол қусырып отыратын емес, мүмкіндікті тиімді пайдаланып, алға ұмтылатын уақыт, – дейді кәсіпкер.

ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ЖҮЙЕЛІ ШЕШІЛУДЕ

Инфрақұрылым – кез келген елді мекеннің өмір сапа­сын айқындайтын негізгі көр­сет­­кіштердің бірі. Осы тұрғыда Тасбөгет кентінде бюджет, де­меушілік және инвестиция есебінен ауқымды жұмыстар жүргізіліп, әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруде.

Тасбөгеттің жаңа тынысы

Кенттегі ең өзекті мәселелердің бірі – тұрғын үй. Қазіргі таңда мұнда барлығы 95 көпқабатты үй бар, оның 25-і апатты жағдайда деп танылған. Өткен жылы «Наурыз» және «Тасарық» шағын аудандарындағы тозығы жеткен 10 үйдің шатырына жөндеу жүргізу үшін қалалық бюджеттен 68 млн теңге бөлініп, жұмыс толық аяқталды. Ал биыл 16 көпқабатты үйдің шатырын жөндеуге 104,5 млн теңге қарастырылып, мердігер мекеме тарапынан жұмыстар аяқталуға жақын. Сонымен қатар, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бас­қармасының тапсырысымен 2,7 шақырым жаңа жылу құбырының құрылысы жүргізілуде. Жалпы құны – 1,2 млрд теңге. Жобаны биыл қазан айында толық аяқтау жоспарланған.

– Биыл кент көшелерін жөндеуге 15 млн теңге бөлініп, жұмыс то­лығымен аяқталды. Бұдан бөлек, абаттандыру, арық жүйелерін тазалау және аяқсумен қамтамасыз етуге тағы 15 млн теңге қаралды. Сондай-ақ кенттің шеткі ай­мақ­тарын көгалдандыру мен санитарлық-тазалық жұмыстарына қосымша 10 млн теңге бөлініп, тиісті шаралар іске асырылуда, – дейді кент әкімі Айдын Ты­ныштықбай.

Тасбөгет тұрғындары жиі кө­теретін мәселелердің бірі – кө­шелерді жарықтандыру. Бұл ба­ғытта да бірқатар жұмыс­тар жүйелі жүзеге асуда. Атап айтқанда, З.Мәмбетов, С.Сейфуллин, Н.Өткел­баев, Ә.Жан­гелдин, А.Жан­кин, Ж.Әбіл­қа­сымов көшелеріне жарық шамдарын орнатуға 34 млн теңге қаралып, жарықтандырылды. Бұдан бөлек, үнемделген қаржы есебінен М.Абдра­манов, Ж.Дүйсенов, С.Өтеуов және Т.Батыршаев көше­лері жарықпен қамтылды.

– Кент көшелері бойындағы қозғалысқа кедергі келтірген қураған ағаштар кесілді. Сонымен бірге жаңа бейіт аумағын қоршау және тегістеуге қалалық бюджеттен 83,5 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «SM ORDA GROUP» ЖШС мердігер компаниясы жұмысты толық аяқтады, – дейді кент әкімі.

«КӨГІЛДІР ОТЫН» МЕН  АУЫЗСУ – «САБАЛАҚҚА» ЖЕТТІ

«Сабалақ» саяжайындағы тұр­ғындардың көптен бері көтеріп келген «көгілдір отын» мәселесі де  шешімін табуда. Мұнда газ желісін тарту үшін 3 кезеңнен тұратын жоба дайындалған. Жалпы құны 3 млрд теңгені құрайтын жобаның алғашқы бөлігіне облыс басшысының қолдауымен 300 млн теңге бөлініп, бүгінде саяжайдың ішкі газ желілері тартылуда.

Тұрғындардың тағы бір өзекті сұранысы – ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін тапты. Бұл жобаға облыстық бюджеттен 188,7 млн теңге, ал қалалық бюджеттен 200,3 млн теңге бөлініп отыр. Қазіргі таңда «Авангард ПГС» ЖШС жоспарға сәйкес жұмысты қарқынды жүргізуде.

Кент тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған шаралар мұнымен шектелмейді. Жыл басынан бастау алған жұ­мыстардың жалғасы ретінде биыл да бірқатар жаңа жоба әзірленген.

Тасбөгеттің жаңа тынысы

Тасбөгет кенті аумағында қоғамдық көлік қатынайтын көшелерді орташа жөндеуден өткізу үшін жоба-сметалық құжаттама дайындалды. Жобаның жалпы құны – 328 млн теңге. Қаржыландыру үшін облыстық бюджетке өтінім жолданды. Кент­тегі Е.Қосжанов, Қ.Юсупов, Ә.Жалғасбаев, С.Ша­жанбаев, Қ.Байдәулетов, Қ.Тілеу­бер­генов және Ж.Тәжімов көше­леріне жарық шамдар орнату жоспарланған. Бұл мақсатта 24,6 млн теңгеге бюджеттік өтінім берілді. Оған қоса биыл екі жаңа балалар ойын алаңы бой көтермек. Жобаның  құны – 25,1 млн теңге, – дейді кент әкімі.

Жалпы  «Сабалақ» саяжайы мен Тасбөгет кентінде тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағыт­талған жүйелі жұмыс бар. «Көгілдір отынмен» қамтамасыз ету, ауызсу, жол, жарықтандыру және балалардың ойын алаңдарын салу елді мекеннің әлеуметтік бейнесін жақсартып, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай қалып­тастырады. Сондай-ақ бұл өз кезегінде елді мекеннің инфрақұрылымдық әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етуде.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»