Қызылордада бильярд спортынан спорт шеберлігіне үміткер Серік Сауытовты еске алуға арналған бильярдтан халықаралық турнир болып өтті.
Турнирге Өзбекстан, Қырғызстан және елімізден 192 спортшы қатысты, олардың алпысы кәсіби спортшылар болды.
Қаладағы «Start-loft», «Grant», «Aventodor» бильяр клубтарында үш күн бойы өткен жарысқа қызылордалық спортсүйер қауым көп жиналды. Олардың дені екі дүркін Әлем чемпионы Ернар Шымбаев пен Әлем кубогында орыс билярдының атақты феномені Иосиф Абрамовты ұтқан қырғыз Ызатбек Ратбековтің ойынын көруге құмарланғаны анық.
Сонымен қатар бұл турнирге – Жәнібек Қызыбеков, Әлібек Омаров, Фархад Қосжанов, Айдос Туғанбаев секілді тастаяқта атағы дүрілдеп тұрған шеберлер де қатысты.
Алайда, Шымбаев пен Ратбеков ойындарын емес, ішкі ойларының басқа екенін байқатты. Олар Серік Сауытовтың ұлы Дінмұханбеттің шақыруын құрметпен қабыл алғанын білдіріп, қонақтарға жол берді. Осылайша, екі миллион теңгелік 1-орынды қырғызстандық Арсен Қалыбекуулы олжалап, бір миллион жүлдесі бар 2-орынды Өзбекстан чемпионы Нодирбек Мирзоев алды.
1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқан елшіл ер, өмірде талай мұқтажға жақсылық жасаған жан, Әлем чемпионатының сегіздік тобына дейін жетіп, бильярд ойынынан да мықтылығын танытқан Серік Сауытовты еске алуға арналған турнир бұл спортқа қызығушылардың көп екенін көрсетті.
Қарсыласын емес, қателігін жеңуге үйрететін дәлдік пен ой ұшқырлығының ойыншыларын сарапқа салатын турнирлер алдағы кезеңде де болып тұрады деді, бильярд шарларының үнін құлақта қалдырған шараны ұйымдастырушылар.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»





