Тастүбекке таза су келді

4

0

Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетовтің, Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаевтың қатысуымен Тастүбек елді мекеніне ауызсу қосу рәсімі өтті.

Мұрат Жолкелдіұлы аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының құттықтауын жеткізіп, мемлекет қолдауымен игілікке кенелген ауыл тұрғындарына ізгі тілегін айтты.

– Бүгін Тастүбекке орталық­тан­дырылған ауызсу жеткізілді. Жобаны іске асыруға 1 млрд 200 млн теңге қаралған. Атап өту қажет, қаржы заңсыз иемденген активтер есебінен бөлінген. Мемлекет басшысы заңсыз ием­денген активтерді қайтарып, бүкіл елдегі әлеуметтік нысандар құры­лысына, жаңғырту жұмыстарына жұм­сау туралы тапсырма бергені белгілі.

Бұған дейін ауыл тұрғындары ауызсуды жерасты құдығынан та­сы­малдап, тұтынып келді. Енді сол қиыншылықтардың барлығы артта қалды. Ауызсу әрбір тұрғын үйге жеткізілді. Барша тастүбектіктерді құттық­таймын! Сапалы таза суды игіліктеріңізге пайдаланыңыздар! Халқымыз аман болып, береке-бірлігіміз арта берсін! – деді М.Тлеумбетов.

Жиында ауданның дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар мен ауызсу желісін тартқан мер­дігер мекеме қыз­меткерлері облыс әкімі­нің Алғыс ха­­тымен марапатталды. «Жамбыл» өн­дірістік кооперативінің төрағасы, ең­бек ардагері Табын Әленов батасын берді.

Айта кетейік, Мемлекет басшы­сының 2025 жылы еліміздің барлық аймағын 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз ету тапсырмасын орындау мақсатында өңірде 2022 жылдан бастап 35 млрд 500 млн теңгенің 77 жобасы жүзеге асты. Өткен жылдың қорытындысымен облыс халқының 98,6 пайызы орталықтандырылған ауызсуға қосылса, биыл 9 елді мекенге ауызсу желісі тартылып, көрсеткіш 100 пайыздық межеге жетті.

Арал ауданындағы 5 елді мекенге су жеткізу үшін 12 млрд 700 млн теңге бөлінді.