Тазарудан басталады жаңа жыл

9

0

Көктем – табиғаттың ғана емес, адамның да жаңаратын шағы. Қар еріп, жер бусанып, айнала тіршілікке толған кезде қоғам да қозғалысқа келеді. Қазақ үшін Наурыз – жай ғана жыл басы емес, өмірге жаңаша қарауға, өткенді саралап, алға нақты қадам жасауға мүмкіндік беретін кезең. Осы мазмұнды тереңдете түскен Наурызнама онкүндігінің ішінде 23 наурыз – Тазару күні ерекше мәнге ие. Бұл тек аула тазалау немесе сенбілік өткізу күні емес. Бұл – адамның өз өміріне, қоршаған ортасына деген көзқарасын қайта қарауға шақыратын күн.

Биыл да Қызылордада Та­зару күніне орай ауқымды жұ­мыстар қолға алынады. Қа­ла көшелері мен аулалар рет­ке келтіріліп, арықтар тазаланады, жаңа ағаш­тар отырғызу жоспарда бар. Әсі­ресе жастар ұйымдары мен ерік­тілердің белсенділігі көзге түседі. Олар туған жердің кел­бетін жақсартуға нақты іспен үлес қосып жүр. Қалдықтарды сұ­рыптау, көгалдандыру секілді бас­тамалар бүгінде бір реттік ак­ция емес, тұрақты әдетке айнала бастаған.

Бұл бағыттағы жұмыстардың маңызын «Қызылорда тазалығы» КМК директоры Сапарғали Асыл­беков те атап өтті.

– Тазару күні – жай ғана сен­білік емес. Бұл – әр адамның та­биғатқа деген көзқарасын көр­сететін күн. Қаланы таза ұстау – тек коммуналдық қызметтің емес, баршамыздың ортақ мінде­тіміз. Осындай күндері тұр­ғындардың белсенділігі артып, әркім өз үлесін қосуға тырысады. Әр отырғызылған ағаш, әр жи­налған қоқыс – болашаққа жа­салған нақты инвестиция, – дейді ол.

Қызылорда қаласының тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашы­лығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ұсын­ған мәліметке сәйкес, жыл басынан бері шаһардан 13 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылған. Қаланың тазалығын қамтамасыз ету жолында күн сайын таңмен таласа еңбекке кірісетін комму­налдық қызметкерлердің еңбегі айрықша. Олар күнделікті 30-40 көшені тазалап, шаһардың қа­­лып­ты тіршілігінің үздіксіз жү­­руіне үлес қосуда. Осындай жү­йелі жұмыстар алдағы эколо­гия­лық бастамалармен өз жал­ғасын табады.

23 наурызда елімізде «Мөл­дір бұлақ» республикалық ак­циясы бастау алады. Игі шара аясында бұлақ көздерін аршу, өзен-көл жағалауларын тазарту жұмыстары жүргізіліп, 700-ден астам әлеуетті су нысанын тү­ген­деу жоспарланып отыр. Бұл бастама – табиғатты аялауға ба­ғытталған нақты қадам ғана емес, қоғамды ортақ жауапкершілікке үндейтін маңызды іс.

Тазару күні – тек сыртқы ортаны ретке келтіру емес, адам­ның ішкі әлеміне үңіліп, ар­тық жүктен арылатын ерекше ке­зең. Күнделікті күйбең тірші­лік­те жиналған реніш пен ауыр ойлардан арылып, жаңа мақ­сат­тарға бет бұру – осы күннің басты мәні. Осылайша, Тазару күні Нау­рызнама онкүндігінің қо­ры­тынды нүктесі ретінде жаңару мен тазалықтың символына ай­налады.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»