Мемлекет басшысының бастамасымен «2025 – Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Оның себебі, қоғамда жылдан-жылға бұл мамандықтардың тапшылығы байқалып отыр.
Жасыратыны жоқ, қазіргі жастардың қарапайым жұмысшы мамандығына қызығушылығы төмен. Алайда ауыл шаруашылығы, құрылыс, жол-көлік және коммуналдық салаларда бұл мамандардың орны бөлек. Сондықтан жұмысшы мамандарды даярлауға мемлекеттік деңгейде мән беріліп отыр.
Жалағаш кентінің тұрғыны Айдарбек Жанұзақов кәсіпкерлік бөлімінің қолдауымен жеңілдетілген несие рәсімдеп, темір бұйымдарын дайындауды қолға алды. Қазір ол КамАЗ автокөлігінің жүк тиегішін (кузовын) жасаумен айнылысады. Бүгінде облыс аумағынан тапсырыстар қабылдап, орындап жатыр. Бұдан бөлек, тұрғындардың сұранысына орай тұрмыстық бұйымдар, құрал-саймандар да әзірленеді.
– Көліктің жүк тиегіші мықты болуы керек. Оған қажетті тауарды облыс орталығынан аламыз. Әсіресе, егін-терім маусымында жұмыс қарқынды жүреді. Кейде өзге өңірлерден де тапсырыс түсіп жатады. Біздің мақсатымыз – тұтынушыға сапалы қызмет көрсету.
Кәсіпті енді бастап жатырмын. Алдағы уақытта аудандағы арнайы әзірленген «Серпін» өндірістік аумағынан жер алып, жұмыс ауқымын кеңейту жоспарымда бар,– дейді А.Жанұзақов.
Сырттай қараған адамға, көліктің жүк тиегіші сияқты ауыр бұйымды жасау оңай емес көрінеді. Ұста жігіттің айтуынша, темір бұйым жасауда оның сапалы болуы қолданылған тауардан бөлек, дәнекерлеуге де көбірек байланысты.
– Кейде көпшілік қазақ жігіттері жалқау деп сын айтып жатады. Өзім бұл сөзге келіспеймін. Еңбектің көзін тауып, ағаштан ою ойып, темірден түйін түйіп, елге қызмет етіп жүрген жігіттер аз емес, – дейді ол.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»






