Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылының» басты мақсаты – ел экономикасының тірегі саналатын өндіріс пен құрылыс саласында маңдай терін төгіп жүрген еңбек адамдарының мәртебесін көтеру, олардың қоғамдағы орнын айқындау.
Бүгінде Қазақстанның еңбек нарығында аса сұранысқа ие әрі тапшы жұмысшы мамандықтардың бірі – дәнекерлеуші. Бұл кәсіп үлкен жауапкершілікті, мұқияттылық пен кәсіби шеберлікті талап етеді. Сондай-ақ кез келген адам игеріп кететін мамандықтар қатарынан емес. Осындай күрделі істі игеріп, өзінің кәсібіне айналдырып отырған жандардың бірі – қармақшылық Нұрсұлтан Қалабаев.
Кәсібіне адал, ісіне тиянақты Нұрсұлтан бүгінде темірден бұйымдар жасап, тұрғындардың сеніміне ие болып келеді. Ол 2009-2012 жылдары Қармақшы аграрлы-техникалық колледжінде дәнекерлеуші мамандығы бойынша білім алған. Бүгінгі жетістігін сол кездегі алған білімі мен жинақтаған тәжірибесінің арқасы деп біледі.
– Колледжде оқып жүргенде бізді өндірістік тәжірибеге жиі жіберетін. Сол кезде-ақ қолыма құрал-сайман ұстап, нағыз еңбекпен шыңдалдым. Топта 25 студент едік, қазір соның тек екеуі ғана осы салада жұмыс істеп жүр. Бұл – дәнекерлеу ісінің оңай емес екенінің бір дәлелі. Ал мен сол жинаған тәжірибемнің арқасында 15 жыл бойы осы кәсіптің нанын жеп келемін, – дейді ол.
Кейінгі екі жылдан бері Нұрсұлтан жеке кәсіп ашып, дербес еңбек етуде. Ол кәсібін кеңейту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 4,5 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, жұмыс ауқымын ұлғайтуға бет бұрған. Қазіргі таңда інісімен бірге тұрғындардың тапсырыстарын орындауда. Шебер алдағы жылы жұмыспен қамту орталығы арқылы қосымша жұмысшы алуды да жоспарлап отыр.
– Әзірге кент тұрғындарының тапсырыстарын қамтып отырмыз. Алдағы уақытта аудан көлемінде де жұмыс жасауға дайынбыз. Қолдан келсе, неге кеңейтпеске?! – дейді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, бастырма, қоршау, дарбаза секілді темір бұйымдарға деген сұраныс көп көрінеді. Қазіргі таңда тапсырысты қабылдап қана қоймай, оны сапалы орындауға мән беруде.
– Кейбір тұрғындар сырттан шебер шақырып, уақыт пен қаражат шығындайды. Ал мен кез келген жұмысты дер кезінде, сапалы етіп жасап беремін. Тіпті кейін қайта жөндеуді қажет етсе, соған да келіп көмектесемін. Көлік бөлшектері, ауыл шаруашылығы техникалары болсын, бәрін дәнекерлеу мүмкіндігім бар, – дейді шебер.
Нұрсұлтанның алғашқы қолтаңбасы – өз үйінің темір дарбазасы. Қарапайым құралдармен, өрнектерін қолдан иіп жасаған сол туындысы әлі де өз сапасын жоғалтпаған.
Шебердің ендігі арманы – алдағы уақытта өз шеберханасын әлде де кеңейтіп, жас шеберлерді тәрбиелеу, еңбекке баулу. Өйткені темірден түйін түю – тек кәсіби шеберлікті ғана емес, шыдамдылық пен ізденісті талап ететін өнер.
«Адам шын ниеттенсе, алынбайтын асу жоқ» деген. Өзінің қажырлы еңбегімен кәсібін дөңгелентіп отырған шеберге бұл бағытта артылар сенім зор. Өйткені ол тек табысқа ғана емес, ел игілігіне қызмет етуге ниетті. Ендеше, адал еңбектің жемісі баянды болары сөзсіз.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»





