ХХ ғасырдың басында ІІ Николай патша «Орынбор-Ташкент» теміржолын салу туралы жарлық шығарғаны тарихтан белгілі. Көп ұзамай Орынбор мен Ташкент арасында станциялар, разъездер, ірі көпірлер салу жоспары бекітілді.
Осыған байланысты Перовскіде станция, вокзал, депо, вагон жөндеу бөлімшесі, азық-түлік, жүк қоймалары, паравоздарға су құятын қойма, Сырдариядан су айдайтын станция, теміржолшыларға тұрғын үйлер, әкімшілік үйлер, т.б. салынды.
Жол салынған соң, оның бойындағы станциялар мен разъездердегі, әсіресе ірі станциялардағы халық саны еселеп өсті. Кейбір деректерге қарағанда сол жылдары бұрынғы Перовск қаласының халқы 8 мың адамнан асқан екен.
Мұндайда әрине, ең бірінші қажеттіліктер қатарында аурухана болатыны сөзсіз. Перовскідегі теміржол ауруханасы 1902-1904 жылдары салынған. Алғаш 1905 жылы 16 төсектік аурухана болып іске қосылған.
Жүз жиырма жылдан астам уақыттан бергі тарихында осы аурухананы басқарғандар қатарында Әлайдар Әбдуайтов есімі ерекше аталады. Ел көңілі алаңдаулы 1942 жылдың 5 қаңтары күні өмір есігін ашқан ағамыз өзінің «Ақиқат – ар өлшемі» атты кітабында: «Біз балалық шақтың балдәурен қызығын көрмедік. Хрущевтің кезі, 4-5 кластан бастап мақта тердік» деп жазған.
Мектепті 1959 жылы бітірген соң Ақтөбе медицина институтына құжат тапсырды. Конкурс өте жоғары болды, бір орынға 7 үміткер таласты. «Институтта оқып жүрген әдепкі кезде қатты қиналдым. Өйткені орыс тілін жетік білмейтін едім» дейді ағамыз сол кезді еске алып.
Білім алу – еңбек, ол үшін әрине, табандылық керек. Бұл жастайынан дәрігер болуды армандаған Ә.Әбдуайтовтың бойында бар қасиет еді. Аудандық газетке шыққан хирург туралы мақаланы 8-сыныпта жүргенде оқып, өзі де осы мамандыққа бейімделген. Қолына дипломы мен жолдамасын алып, облыстық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Софья Мақашоваға келгенде осы ойын жеткізді. «Алдымен тубдиспансерде бір жыл жұмыс істеп кел» деді басшы.
Жаңақорғанға келіп еңбек етті. Уақыты текке кеткен жоқ. Көпті көрген, көп білетін Молдахмет Бақбаев деген дәрігер кісі дәрілік шөптердің қасиетіне дейін түсіндірді. «Канон врачебной науки» деген 6 томдық кітап берді.
Межелі уақыт өткенде бөлім басшысына тағы барған. Дәрігер жетіспеушілігін алға тартып, тағы бір жыл сол орында жұмыс істеуді сұрады. Жас маманның ойы – хирургия саласына мамандану. Көп ұзамай Шиелі теміржол ауруханасына ауысты. Алматы теміржол ауруханасына біліктілік арттыруға барып, Мұхтар Әлиевтің операция жасағанын көрді. Кезекшілік күндері 4-5 бригада тікесінен тік тұрып жедел жәрдеммен әкелінген науқастарға шұғыл хирургиялық көмек жасайды екен. Осы жерде көп жаңашылдыққа үйренді.
Шиелідегі теміржол ауруханасы орталықта, ал аудандық аурухана шеткеріректе еді. Науқастар жақын жердегі теміржол ауруханасына барады. Сол себепті де дәрігерді түнде жұмысқа шақырмайтын кез өте сирек болатын.
Қызылордадағы теміржол ауруханасы бас дәрігерінің емхана ісі жөніндегі орынбасары қызметіне 1970 жылы тағайындалды. Арада үш жыл өткенде бас дәрігер болып бекіді. Қабылдап алған кезде Қазақстандағы 17 теміржол медициналық мекемесінің соңында екен. Көп жұмыс атқарып, тәртіпті, заңдылықты бірінші орынға қойды. Содан кейін Қазақ теміржолы ауруханаларының арасынан үнемі 1,2-орынды иеленіп отырды.
Ауруханада қалыптасқан санитарлық режим, қатаң тәртіп ем алушылар қатарын көбейтті. Ел ішінде Әлайдар Әбдуайтов басқаратын аурухананың атағы аспандап, беделі биіктей түсті. Осы қызметті 37 жыл мүлтіксіз атқарып, Шиелі, Жосалы, Қазалы, Сексеуіл станциясы ауруханалары, Төретам, Арал дәрігерлік амбулаториясы, сонымен бірге 29 фельдшерлік-акушерлік пункт, 5 денсаулық пунктінің жұмысын жолға қойды.
Әлайдар Әбдуайтов 1973-1975, 1989-1992 жылдары Қызылорда қалалық кеңесінің депутаты болып, қаланың теміржол мекемелері мен тұрғындар орналасқан бөлігін кеңейту, көшелерге асфальт төсеу жұмыстарына ықпал етті. Еңбек ұжымдарының және жеке адамдардың өтініш-тілектері бойынша әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене араласты.
«Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Құрметті теміржолшы» атағын алып, «Алтын дәрігер», «Еңбек ардагері», «Біртұтас қазақ теміржолына 50 жыл» төсбелгілерімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Қазақстан теміржолына – 100 жыл», «Қызылорда қаласына – 190 жыл» медальдарымен және облыс әкімінің, «Көліктік медицина қызметі» АҚ-ның, Теміржолшы ардагерлер орталық кеңесінің Құрмет грамотасымен, басқа да мекемелердің Алғыс хатымен марапатталды.
Сыр жұртшылығының денсаулығын жақсарту, медициналық қызметті дамытудағы еңбегі үшін қоғам белсенділерінің ұсынысы, көпшіліктің қолдауымен оған Қызылорда қаласының, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы атағы берілді.
Бүгінде жұбайы Ырысты Әлиакбарқызы екеуі 1 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсіріп, немере-шөбере қызығын көріп отыр.
Қазіргі таңда Қызылорда теміржол ауруханасы – құрамында емхана және тәуліктік стационары бар медициналық мекеме. Заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталған, медициналық қызмет көрсету ісі талапқа сай аурухананың осындай биікке көтерілуіне бүгінде 85 жастың шыңына шыққан Әлайдар Әбдуайтовтың қосқан үлесі зор.
М.Мерей





