Бүгінгі Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте теміржол саласы мен транзиттік әлеуетті және IT саланы дамыту туралы мәселелер қаралып, облыс әкімі тарапынан берілген бірқатар нақты тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.
Өздеріңізге белгілі, Ауданда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына қарасты 2 темір жол вокзалы бар. Екеуі де жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің тізіміне енгізілген.
Бүгінгі күнге Арал қаласындағы темір жол вокзалының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу мақсатында демеушілік есебінен жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына жолданды.
Жиын барысында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев «Арал теңізі» теміржол вокзалының аумағына жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесін арнайы слайд арқылы көрсетіп, орын алған олқылықтар мен тазалық мәселесіне қатысты кемшіліктерді қалпына келтіруді жауаптыларға тапсырды.
– «Арал теңізі» теміржол вокзалына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенше, вокзалдың сәулеттік келбетін сақтап тұруымыз керек. Осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет. Бұдан бөлек, теміржол вокзалындағы жолаушыларға көрсетілетін қызметтердің сапасын күшейтіп, вокзал ғимаратының ішкі, сыртқы тазалығын қамтамасыз етіп, жолаушыларға жағымды әсер алып кетуі қажет, – деді аудан әкімі А.Оңғарбаев.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Арал қаласында бейнебақылау камералары жұмыс жасауда. Қазіргі таңда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Арал қаласында 77 бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, жол қозғалысындағы құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайтын 7 дана «Сергек» бейнекамера құрылғысы және қала орталығындағы адамдар көп шоғырланатын жерлер мен көше қиылыстарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 70 бейнекамераның оптикалық кабелдері жүргізілді. Сонымен қатар, камера орнату үшін қосымша жаңадан 14 темір бағандар орнатылды. Бұл ретте аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы бейнебақылау камераларын толық іске қосу жұмыстарын желтоқсан айының басына дейін толық аяқтауды қатаң тапсырды.
Сонымен қатар аудандағы маңызды деген автомобиль және теміржол бойындағы жолаушыларды сапалы интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жобаның құрылыс жұмыстарын қолға алу үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленіп жатқандығы айтылды. Бұл бойынша жұмыстар жүргізу жөнінде жауаптыларға тапсырма берілді.
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен өткен мәжіліс отырысында берілген тапсырмалардың уақытылы және сапалы орындалуын қадағалау сала бойынша жауапты аудан әкімінің орынбасарларына жүктелді.
Арал ауданының әкімдігі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<