Теміржол вокзалы: тозған жаңарады, ескі жаңғыртылады

30

0

Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов теміржол вокзалдарындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Алдымен Қазалы теміржол вокзалын күрделі жөндеуді және жаяу жүргіншілерге арналған көпір құры­лысын көрді. «Қа­зақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ қаржы­ландырылған жоба бойынша ғимараттың іргетасы мен қабырғасы нығайтылып, ша­тыры ауыстырылып, есік-терезелері жаңар­тылуда. Жолаушыларға арналған күту залдары заманауи талаптарға сай жабдық­талып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалмақ.

Арал теңізі және Сексеуіл вокзал­дарының орнына жаңа ғимараттар бой көтеруде. Бұған дейін ескісін күрделі жөн­деуден өткізу жоспарланған. Алайда іргетасы мен қабырғалары тозғандықтан, жөндеу тиімсіз деп танылды. «Техоснастка-Ремсервис» серіктестігі қабырғасын қалап, бетон орнату, терезе салу және ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізуде.

Сексеуіл вокзалының жолаушылар перронын абаттандыруға қажетті материал­дар жеткізілген, қабыр­ғаларды сылау, еденін құю, терезелер орнату және электр желісін тарту жұмыстары атқарылуда.

Жосалы  вокзалында да  жұмыс  қызу.  «Р и А Сервис ЛТД» серіктестігі 1904 жылы салынған ғимараттың фасадын минвата және травертинмен қаптап, жұмыстың 95%-ын аяқтаған. Шатыр жаңартылып, электр жүйесінің 90%-ы тартылған.

Жалағаш пен Тереңөзек вокзал­дарын­дағы құрылыс алаңында техника мен жұмыс күші жеткілікті, қабырға қала­нып бітуге жақын.

Жоба жолаушыларға жайлы жағдай жасап, аудандардың инфрақұрылымдық дамуына серпін бермек.