Шын мәніндегі бағасын білген жанды өмір ешқашан өзектен тепкен емес. Қандай қиын кезеңдерде де заманның ағымына бейімделе білген адам еткен еңбегінің жемісін міндетті түрде көреді. Еңбек ету туралы біздің қазақ қалай тауып айта берген, «қолың қимылдаса, аузың қимылдайды», «еңбек етсең емерсің», «еңбек бәрін де жеңбек» деп.
Әйтеке би кентінде туып-өскен Айнагүл Байтөреева кеңестік қоғамның ұлы дағдарысына тұспа-тұс келген 1986 жылы кенттегі №17 мектепті бітіргеннен кейін көп ойланған жоқ. Уақыт ағымын жылдам байыптап, Қызылорда қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеге құжат тапсырды. 1988 жылы аталған оқу орнынан қаладағы оқу-өндірістік тәжірибесінен өте жүріп, «Әйелдердің жеңіл киімі және балалар киімі» мамандығын алып шықты. 1988 жылы Қазалы қаласындағы «Райбыткомбинат» атанған аудандық тұрмыстық комбинаттың Әйтеке би кентіндегі «Шұғыла» бөлімшесінде тігінші болып жұмыс істеп, тәжірибе жинақтады. Осы мамандықты өзінің өмірлік бағдары ететініне көзін жеткізіп, ойын тиянақтағаннан кейін тігіншіліктің қыр-сырын одан әрі меңгеру мақсатында 1990 жылы Алматы қаласындағы жеңіл өнеркәсіп технологиялық техникумына оқуға қабылданып, 1992 жылы «Әйелдердің жеңіл киімін және балалар киімін пішу және тігу» мамандығы бойынша бітіріп шықты.
– 1992 жылдан 1998 жылға дейін, яғни жабылғанша «Райбыткомбинаттың» «Шұғыла» бөлімшесінде тігіншілік жұмысымды жалғастырдым, – дейді Айнагүл Байтөреева еңбекпен есейген жылдарын есіне алып, – содан бергі жиырма жыл ішінде сүйікті кәсібімнен қол үзгенім жоқ. Жақсы көретін кәсібі адамды ешқашан жалықтырмайды екен, тігіншіліктің алуан түрін талғамай үйден тапсырыс қабылдадым. Ал 2018 жылдан бастап әріптес тігінші сіңілдерім Индира Исмагулова, Зейнеш Абдраманова үшеуміз өз күшімізбен шеберхана ашып, білімге негізделген кәсіби маман ретінде тігіншілікпен айналысып жатырмыз. Тапсырыс берушілер күнделікті келіп тұрады. Матаның алуан түрімен жұмыс істеу, киімнің кез келген түрін сөгіп, тапсырыс берушінің қалауына сәйкес қайта тігіп беру, мектеп формаларының бастауыштан жоғары сыныпқа дейінгі үлкенді-кішілі түрлері, мектеп бітіру кешіне сәнді киімдер тігу, той көйлектері мен қазақы киімдерге деген сұранысты шамамыз келгенше қанағаттандырып отырамыз. Бір жағы ризық-несібеміз, сосын сүйікті кәсібіміз болған соң, шаршап-шалдығуға уақыт жоқ.

Айнагүлдің жолдасы Мұрат І топ мүгедегі. Тұрмыстағы үлкен қызы Жақсыгүл дәрігер-гинеколог болып еңбек етсе, кішісі Айша мектеп бітіріп жатыр.
Араға сынақты жылдар салса да, өз кәсібін жетік меңгерген қарапайым жұмысшы маманның еңбек етуге қабілеті талай замандастарына да, жастарға да үлгі болары даусыз.
Әлімжан ҚИЯС.
Қазалы ауданы





