«Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?»

70

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деп аталатын бағдарламалық мақсаты бар еңбегінде ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашатын ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мәселесін қозғап, бұл ретте Абайға жүгіну арқылы көп түйіннің шешімін табатынымызды тағы бір астын сызып көрсетті. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады. Сондықтан ұлтымызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн» деген болатын.

Жақында Абайдың туғанына 180 жыл толғанын бүкіл ел болып тойладық. Ұлы ақынның артында өлмейтін сөздері мен ойлары қалды. Ой-санамыз тереңдеген сайын біз қайта-қайта Абайға жүгінеміз, Абаймен сырласамыз, Абаймен ақылда­самыз. Оның ұлылығын мойындаймыз, бас иеміз. Мақтанамыз. Өйткені Абай – Кант, Платондар сияқты əлемдік деңгей­дегі тұлға! Ол – шын мəнінде ұлы адам! Кант жөнінде қаншама кітап жазылды. Əлі де жазыла береді. Абай да сол сияқты. Қазақ халқы қанша уақыт өмір сүрсе, соншалықты Абайдан тағылым алады. Абайды соншалықты терең түсінуге ұм­ты­лады. Абай əлемі шетсіз-шексіз, түпсіз терең тұңғиық. Ақынның өмірі мен шы­ғар­машылығы сан қырынан қанша сараланып келе жатса да, «жұмбақ жанның жүрегінің түбіне терең бойлау» мүмкін емес.

Абайдың керемет бір өсиеті бар. Дала данышпаны: «Атаңның баласы болма, Адамның баласы бол!» дейді. Осы ұлы сөзді көпшілік өз мағынасында түсініп жүрген жоқ. Кейбіреулер «адамзаттың баласы бол» деді деп жүр. Анығы Абай бұл арада сен əкеңнің ғана баласы емессің, адамның баласысың дегенді айтып отыр. Адам деген ол – түр (вид). Біз – қай ұлтқа, қай ұлысқа жатсақ та, адамбыз. Сондықтан барлығымыз бір-бірімізді бауыр санауымыз керек. Абайдың ойынша, Жер де адамға ортақ. Демек, Арал теңізі тартылса, бұл – қазақтың ғана трагедиясы емес, бүкіл адамзаттың қайғы-қасіреті. Əлемнің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан экологиялық проблемалар да сол елдің азаматтарын ғана емес, баршаны алаңдатуы тиіс. Абай да өз ортасына барлығымыздың адамның баласы екенімізді түсіндіруге тырысқан.

Абайдың:

«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтіп келіп, ойнап-күлмес,

«Мені» мен «менікінің» айрылғанын

«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес», деген сөздері де бізге жақсы таныс. Бұл арада Абай қандай ойды қозғап отыр? Жеке тұлға көп болса 100 жасайды. Жүзден аз немесе көбірек жасауы мүмкін. Бірақ ол бұл дүниеден кетеді, өледі. Ал адамның бəрі бірдей өлмейді. Егер сен артыңа іс қалдырсаң, ой қалдырсаң, өлмейтұғын сөз қалдырсаң халықтың жадында мəңгі сақталасың.

Ел Президенті қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтанатынын, қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес екенін, Абай мұраларын тек бір халықтың, тек бір мемлекеттің көлемінде ғана емес, дүниежүзілік өрке­ниет ауқымында қарастыру қажеттігін айрықша айтып өтті. «Бірақ біз ұлы ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келеміз» деп атап өтті.

Абай өз шығармаларында күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады. Сондықтан да Абайды қалай мақтасақ та артық емес. Ұлтымыздың бүкіл озық қасиетін бір бойына сіңірген Абай өмірі мен шығармашылығы – халқымыздың сарқылмас қазынасы. Оның адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дəстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Абайдың өлеңдерін жатқа айтамыз, көптеген шы­ғармаларымен таныспыз. Десек те, біз Абайды өз деңгейінде əлемге таныта алмай келеміз. Абайдың өзін өзіміз де əлі тани алмай отырмыз.

Жерлесіміз, атақты математик, академик, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев ағамызбен 30 жылдан бе­рі тығыз шығармашылық байланыс­та жұмыс жасаудамыз. Облысқа әр келген сапарында ұстаздар қауымымен кездесулер ұйымдастырып, онда академик ағамыз білім сапасын арттыру және тәр­бие мәселелері жөніндегі өзінің тың ойларын бөлісіп тұратын. Бір кездесу барысында «Құрметті Асқар Серқұлұлы! Сіз қандай әдеби кітаптарды оқисыз?» деген сұрақ қойылды. Оған Асекең еш ойланбастан, «…Қайта-қайта оралып, Абайды оқимын» деп жауап берді.

Бүгінгі ақпараттық технологиялар ағыны үстемдік құрып, виртуальды әлем­де өмір сүріп жатқан жас ұрпақтың санасында ұлттық таным-түсініктің орын алуы үшін ақын шығармаларындағы тәлім-тәрбие мәселелері кеңінен насихатталуы тиіс. Оның шығармашылығы арқылы жас ұрпақтың көкірек көзін ашып, Абайды әлемге таныту, оны адамзаттың Абайына айналдыру міндетін жүктеу керек. Абай адам болуға ұмтылған әрбір жалынды жасты адамгершіліктің нәріне, ізгі қасиеттерге баулу керектігін айқындап кеткен. Ақынның әрбір айтқан сөзі – есті адам үшін өсиет-өнегенің таптырмас құралы.

Бір ғасырдан астам уақыт бойы хал­қы­мыздың санасына данышпандық дү­ние­танымымен терең бойлап, өшпес із қалдырған Абай шындықтары, әлі де талай жылдар бойы халқын ақиқат жолға бастап, оларға рухани азық болып қала берері сөзсіз. Абай өсиеттерін бойына терең сіңірген жандар неғұрлым көп болса, халқымыз да соғұрлым парасат биігіне жоғарылай бермек!

Осы ретте Хакім Абайдың жүрек туралы айтқан ойларына тоқталып өтейін.

Абай өзінің «Он төртінші қара сө­зінде»: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр дегені. Рахымдылық, ме­йір­бандылық, әрбір түрлі адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай ойды оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды» деген.

Абай «Он жетінші қара сөзін» қай­рат, ақыл, жүрек, ғылымға арнаған. Ал­­­дың­ғы үшеуі адам үшін өздерінің ат­қа­ратын жұмыстарын айта келіп, әрқай­сысы өзін бірінші орынға қойып таласады да, ғылымға төрелікке жүгінеді. Ғылым үшеуінің де жақсылы-жаманды қасиеттерін дәл сипаттап, әділ сынайды. Жеке-жеке үшеуінде де кемшілік бар. «…Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет» деп үкім шығарады. «Егер үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтаймын» дейді оларға ғылым.

Бұл мәселелер Абайдың осы әңгіме­сінде ғана емес, «Әуелде бір суық мұз, ақыл, зерек» деген өлеңінде де сөз болады:

– Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Жеке-жеке біреуі жарытпайды,

Жолда жоқ жарым есті «жақсы»

демек.

Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,

Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.

Біреуінің күні жоқ, біреуінсіз,

Ғылым – сол үшеуінің жөнін білмек.

Абай ірі гуманист ақын ретінде, өмі­рінің игілігін, өз бойындағы бары мен нә­рін халық үшін, адам үшін жалпы адам баласының бақыты үшін жұмсауға ты­рысты. «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адам баласы – бауырың» дейтін сөздері оның шығармаларының негізгі идея­сының бірі болды. Бұл әңгімесінде де Абай жүректі, яғни адам адамды сүю, адам үшін қызмет етуді бірінші орынға қояды. Бірақ ғылым бойынша да, Абайша да, ең идеал нәрсе – осы үшеуінің бірлігі. «Осы үшеуі (ақыл, қайрат, жүрек) бір кісіде менің айтқанымдай табылса, табанының топырағын көзге сүртерлік қасиетті адам сол», – дейді.

Жазушы Әбіш Кекілбаев: «Ұлтты ұйытқылы ететін – парасат. Адамды абзал ететін – иман» депті. Тағы да: «Жүрек – құмыра. Дүние тіршілігінде әлгі құмыраға қолға түскенді теріп сала береміз… Бір күндер болғанда, қазына көріп арқалап жүргеніміз не нәрсе деп ішіне үңіліп қарасақ, әншейін түкке алғысыз кәкір-шүкір болып шығады» деп жүректі таза ұстауға үндепті.

Әлемнің екінші ұстазы атанған бабамыз Әбу Насыр Әл Фараби «Шын бері­ле қызықтаған нәрсе ғана адамның жүрегінен орын алады» десе, ертедегі Рим империясының қайраткері, шешен, философ Марк Туллий Цицерон «Адам­ның кел­беті – жүрегінің айнасы»  деп, жүректің адам өмірінде алатын орнына айрықша тоқталған.

Сондықтан, әрбір адам баласының өз тіршілігі барысында пендешіліктен аулақ болып, жүректерін барынша таза ұстап, барлық уақытта жүрек үніне құлақ асқаны абзал болар еді, ағайын! 

Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,

 Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі