Облыста мереке күндері жағдай тұрақты болды. Бұл – бірқатар мекеменің әдеттегіден күшейтілген режимдегі жұмысының нәтижесі.
Тіршілігі тынымсыз саланың бірі – жедел жәрдемде 85 топ, оған қоса қарбалас сәтте тағы 4-і қызмет етті. 21-25 наурыз күні ауруханаға 1679 науқас жеткізілсе, 754-і жатқызылды. Ал жұқпалы аурулар ауруханасына қала бойынша 82 науқас тасымалданған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Ғалия Нұрсейітова осындай мәліметті бөліскен еді.
– Ауруханаға апарылған науқастар ішінде 300-і бала. Травмпунктке жеткізілгендер де болды. Жол-көлік оқиғаларынан 26 адам зардап шексе, тұрмыстық жағдайда жарақат алған 160 адамның жартысы бала. Көмірқышқыл газымен уланғандар болған жоқ, – деді Ғ.Нұрсейітова.
Облыстық ТЖД Жоспарлау және жедел басқару орталығы да мерекеде 24/7 жұмыс істеді. Департаменттің құрылымдық бөлімі 52 рет дабыл бойынша шақыртуға шықса, 7 техногенді сипаттағы төтенше жағдай тіркелген. Шақырту барысында есігі құлыпталып қалған пәтер ішінен 11 адам құтқарылған. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Облыс және аудан орталықтарында өткен іс-шараларға кезекшілік ұйымдастырылды.
– Департаменттің жауынгерлік есебінде 170 қызметкер, 46 техника, 1 тікұшақ, 2 қайық, 1 кинологиялық есеп қызмет атқарды. «Қазгидромет» облыстық филиалынан 8 рет дауылды ескерту тіркелді. «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалынан облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдардың жабылуы туралы ақпарат түспеді, – деді облыстық ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығының басшысы Досжан Исабек.
Жедел әрекет ету орталығы екі функция бойынша жұмыс істейді. «112 – Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметіне 1613 хабарлама түскен. Бұл қызмет бойынша 4 ауысымда 9 оператор еңбек етті. Тәулігіне өтініштерді қабылдау мен тіркеудің орташа статистикалық саны 322 өтінім болса, орындалуы – 100%. Ал «109 – Бірыңғай байланыс орталығына түскен өтініштің 1746-сы орындалса, 45 өтінім қаралуда.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<