Топ-баннер2

Төркін сыбаға

10

0

Адам өмірінде ұлттық құндылық дамудың алдыңғы сатысында тұруы керек. Ұлттық құндылығы сақталмаған ұрпақтың келешегі кемел болады деу бекер сөз. Бүкіл ақпарат ғаламторға жүктелгендіктен ой түю, іздену деген ұғым тысқарылап бара жатқандай. Бүгінгі жас ұрпақ оқып ізденгеннен гөрі ғаламтор көмегіне жүгінгенді жөн санайды. Осы тұста келешек ұрпақтың ой-өрісі тоқырауға түспей ме деген күмәнді ой санадан сығалап тұрады. Қоғамда болып жатқан дүниенің жақсысы бар, жаманы бар. Әркім керегінше ала отырып, өзіне ой түйеді. Келешек ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңірту мақсатында Ғани Мұратбаев мемориалдық музейі «Төрдегі сөз» сырлы сұхбат айдарымен өткен жылдан бері жүйелі жұмыс атқаруда.

Ұлт құндылығының мәйегі – ха­лықтың дәстүрі мен салт-санасы. Қазақ халқының көнеден келе жатқан игі дәстүрлерінің бірі – «Төркін сыбаға». Ұзатылған қызға төркінінен берілетін сый – құрмет пен ізеттің белгісі. Осы игі дәстүрдің жалғасы ретінде Ғани Мұ­ратбаев мемориалдық музейі қор сақтаушысы Жұлдыз Ерболқызына әкесі, Шиелі ауданының тұрғыны Ербол Бал­табеков қараша үйді төркін сыбаға ретінде тарту етті.

Музей ұжымы бұл игі бастаманы қолдап, көктемде қараша үйді музей ауласына тігіп, құнды жәдігерлермен толықтыра отырып, ашық аспан ас­тын­дағы музей ұйымдастырды. Бұл бастама ұлттық мұраны жаңғыртудың нақты көрінісіне айналды. Қазалыға қа­раша үйді жіберген Ербол Балтабеков ағамызға музей ұжымы атынан ал­ғыс білдіреміз. Көрермендердің көңі­лінен шыққан бұл жұмысты ұйым­дастыру барысында қара­ша үйде көнекөз қа­риялармен, шежі­ре­ші шешен, сөз зер­герлерімен сұх­бат­тасу шаралары өткізілді. Қадір­мен­ді қонақтар өз ойларын бөлісіп, тың­­дарманға насихат етті. Атап айт­­сақ, домбыра жасау шебері Ер­­бо­лат Қанатбай «Домбыра – халық­тың жаны, шебердің жүрегі» атты сұхбат, қолөнер шебері, ақын әрі ем­ші болған Молдахмет Дүйманов пен ұлы Бейсенбайдың өнегелі өмірі жайлы шебердің қызы Мадина Мол­дах­метқызымен «Қарапайым еңбектің қастерлі жолы: әкелі-балалы Дүй­мановтар жайлы естелік», Ғани Мұ­рат­­баевтың шәкірті Жүндібай Баян­баев­тың қызы Бақыт Баянбаева әке­­сі­нен естіген Ғани Мұрат­баев жай­лы есте­ліктерін бөлісіп, көрер­мен­дер­ге тарихтың тірі куәсіндей әсер сый­лады.

Музей жобасының келесі қонағы, Қазалы қаласының белгілі ағаш ше­бері Толғанбек Оралов болды. Ол өзі­нің өнерге келу жолы, алғашқы жа­саған бұйымдары жайлы, ұлттық қол­өнердің тәрбиелік мәні мен құн­дылығы туралы ой қозғады.

Сондай-ақ Абай ауылының тұр­ғы­ны, қолөнер шебері, термеші Мә­риямкүл Көптілеумен және 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай, Қазалы қаласының тұрғыны, еңбек ардагері, термеші Даража Тұрмаған­бетқызымен сұхбат жүргізілді. Келу­шілер музейге экспонаттар сыйға тар­тып, қордың толығуына үлес қосуда. Бұл – ұлттық құндылықтарды дәріп­теудің, өткен мен бүгінді сабақ­тастырудың жарқын үлгісі.

Ұлттық құндылық – ұлт болаша­ғының берік іргетасы. Жаһандану за­манында рухани тамырдан ажырамау, ата дәстүрді ұлықтау – әрбір азаматтың міндеті. «Төрдегі сөз» жобасы арқылы жүзеге асып жатқан игі бастамалар ел игілігі үшін алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.

Ақзира САРМАНТАЙ,

Ғани Мұратбаев музейінің

 ғылыми қызметкері