АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдары Таяу Шығыс елдеріндегі және одан тыс аймақтардағы әуе қатынасын бұзып, жағдай күрделеніп отыр. ҚазАқпараттың мәлімдеуінше, Қазақстаннан БАӘ, Қатар, Сауд Арабиясына барған 4 мыңнан астам турист бар.
«Туристік Қамқор» корпоративтік қоры Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты қазақстандық туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде түсінік берген. Осы қордың директоры Асылхан Есіловтің айтуынша, бірнеше елден қазақстандық туристерді қайтару қиындап отыр. Біріккен Араб Әмірліктерінде 2,5 мыңнан астам адам қалған, олардың туркодтары бар, қонақүйлерге орналастырылған. Ал Сауд Арабиясында 200-ден астам турист сапармен жүр. Олардың бәрі қазір қонақүйлерде.
– Мұнымен қоса, Қатарда 1 мыңнан астам қазақстандық турист тіркелді. Атап айтқанда, туркоды бар туристерге мейлінше қолайлы жағдай жасалған. Ешкімді қалдырмаймыз, олардың жағдайын бақылауда ұстап тұрмыз, – деді корпоративтік қор директоры.
Сондай-ақ ол әуе компаниялары өз міндеттемелерін орындауға әзір екенін, алайда әуе көлігімен сапарлау қаупі сейілмегенін айтады. «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының мәліметіне қарағанда, туркодпен барған туристер қонақүймен қамтамасыз етіледі, ал өз күшімен сапарлағандарға мұндай жеңілдіктер қарастырылмаған.
«СБ» ақпарат





