Төртінші кезең түйінделді

67

0

Фото: gov.kz

Осыған дейінгі ақпараттарда Президенттік жастар кадр резервіне үміткерлерді іріктеудің жаңа, яғни төртінші кезеңі басталғанын айтқан болатынбыз. Еске сала кетейік, іріктеу жұмыстары алғаш рет 2019 жылы бастау алып (алғашқы іріктеуде резервке 300 жас іріктеліп алынды), әр екі жыл сайын өткізіліп келеді. Соңғы іріктеу нәтижесімен резервке тек 50 жас маман алынады. Жыл өткен сайын үміткер жастардың саны артып келеді.

Сондықтан іріктеудің барлық кезеңі­нен өту оңай шаруа емес. Тек үздіктердің үздігі ғана резервке алынады деген сөз.

Департамент жүргізген ақпараттық және үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде Президенттік жастар кадр резервінің іріктеу кезеңдеріне қатысу үшін Қызылорда облысынан 420 үміткер құжат тапсырды. Алдыңғы іріктеулермен салыстырғанда биыл үміткерлердің саны (100-ден астам) едәуір өскен. Бұл өңір жастарының қызығушылығы артқанын көрсетеді. Жалпы республика бойынша 31 859 үміткер  құжат тапсырды.

Өңірден агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау бағыты бойынша 23, сыртқы саясат және инвестициялар бағыты бойынша 12, инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты бағыты бойынша 43, әлеуметтік саясат, азаматтық қоғам бағыты бойынша 240, цифрландыру бағыты бойынша 53, экономикалық және қаржылық саясат бағыты бойынша 49 үміткер тіркелді.

Құжат тапсырған үміткерлердің саны бойынша Қызылорда облысы өңірлер арасында төртінші орынға тұрақтады.

Іріктеу кандидаттардың құжаттарын қабылдау, мәтіндік және сандық ақ­паратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, ситуациялық тапсырмаларды шешу, ассесмент – орталық және құзыреттер бойынша сұхбат, сарапшылық комис­сияда әңгімелесу, сондай-ақ резервке үміткерлерді қабылдау секілді алты кезеңді қамтыды.

Президенттік жастар кадр резерві деген не?

Бұл – егемен еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосам деген жастарға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару жүйесінде басшылық қызметке орналасуға бірегей мүмкіндік ашу мақсаты көзделген. Мәселен, жоғары мемлекеттік әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары ұсынылады.

Қазанның 24-інде іріктеудің соңғы кезеңі – Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, үздік деп танылған 50 үміткер резервке алынды. Қуантарлық жағдай, Қызылорда облысынан ақтық кезеңге екі бірдей жас маман іріктелді.

Олар – Қазалы ауданы әкімі ап­паратынан қатысқан бас инспектор Жұмажан Асқарұлы Сақыбай (қазір ҚР Ұлттық экономика министрлігі бюджет саясаты департаменті мемлекеттік міндет­темелерін басқару саясаты бас­қар­масының бас сарапшысы), Сыр­дария аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Ербол Бөлебаев.

Мемлекет басшысы: «Елімізде жо­ғары білікті және білімді жастардың саны артып келеді. Олардың көпшілігі уақыт өте келе елі­міздің жаңа озық көшбасшыларының қатарын толық­тырады. Менің бастамам бойынша құрылған Президенттік жастар кадр резерві – осының айқын дәлелі. Жобаның келесі кезеңінде қоғам сұранысына бағытталған басшыларды іріктеуге ерекше мән береміз. Билікте отырған әрбір адам ең алдымен ұлттық мүддені басшылыққа алуы керек» деген болатын.

Талантты әрі білімді жастардың қатарынан көрінген әріптестерімізді Президенттік жастар кадр резервіне қабылдануымен шын жүректен құт­тықтай отырып, алдағы атқарар маңыз­ды лауазымдарына және ел игілігі жо­лындағы қызметтеріне сәттілік тілейміз!

Е. МЕНДАЛИЕВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы