Төзім мен ептіліктің қайнары

6

0

Наурызнама онкүндігі аясында 20 нау­рыз Ұлттық спорт күні болып бекітілген. Жас ұрпақтың физикалық қабілетін дамытып қана қоймай, рухани тұрғыда толысуына ықпал ететін қазақтың ұлттық спорт түрлері Сыр өңірінде қарқынды дамып келеді.

Облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының мәліметінше, спорттың бұл түрінен 1516 секция қызмет атқарады. Он­да 33,5 мыңнан астам адам спортпен жүйелі шұғылданады. Бұл дегеніміз – халықтың 8,9 пайызы. 2018 жылы ашылған ұлттық және ат спорты түрлері бойынша клубта қазіргі кү­ні 640 спортшы қазақ күресі, тоғызқұмалақ, теңге ілу, аударыспақ, асық атуды меңгеріп жүр. Клуб теңгерімінде ипподром мен спорт кешені бар. 47 гектар аумақты алып жатқан ипподром 2015 жылы қолданысқа берілді. 2023 жылы «Самұрық Қазына» АҚ-ның қолдауымен әуе конструкциясы негізінде көпфункционалды спорт кешені есігін айқара ашты.

– Спортшыларымыз ел чемпионаттары мен кубогынан 11 алтын, 10 күміс, 18 қола, Әлем, Азия чемпионаттары мен кубогынан 3 күміс – жалпы саны 39 медаль иеленді. 150 спорт шеберіне үміткер, І разрядты 4 спортшы дайындалды. Бұл көрсеткішті жақсарту және жоғары нәтижеге қол жеткізу бағытындағы жұмысты жалғастырамыз, – деді клуб директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жазира Каренеева.

Ұлттық ат спорты өңірде 2007 жылы көкпар және аударыспақпен қатар бастау алды. 2008 жылы Жаңақорған ауданының спорт мектебінде ұлттық ат спорты бөлімі құрылды.

– Қызылорда облысының жастар құрама командасы 2022 жылы ел чемпионатында күміс жүлдені жеңіп алып, 12 шабандоз спорт шебері атанды. 2024 жылы дүниежүзілік Көшпенділер ойынында 6 шабандозымыз ұлттық құрама сапында өнер көрсетті. Бүгінде көкпардан Сыр елінің намысын 12 спорт шебері, 9 спорт шеберіне үміткер қорғап жүр. Аударыспақ, жамбы ату бойынша жетістіктеріміз де мақ­тануға тұрарлық. Ел чемпионатында жеңімпаз атанып, ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жүрген мергендерімізге зор үміт артамыз. Кенже дамып келе жатқан теңге ілу спортының қарқыны күн санап артып келеді. Алға қойған мақсатымыз айқын, ол – ұлттық ат спортымен қатар салт-дәстүрімізді бүкіл әлемге дәріптеу, – деді Жаңақорған ауданындағы ба­лалар мен жасөспірімдерге арналған №7 ма­мандандырылған олимпиадалық резерв мек­тебінің директоры, ұлттық ат спорты түр­лерінен облыстың аға жаттықтырушысы Слам­хан Боранбаев.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»