Қазақ халқының тарихындағы ашаршылық, саяси қуғын-сүргін кезеңін еске алудың өзі өте ауыр. Талай шаңырақты ортасына түсіріп, тамырынан ажыратты, туған топырағынан айырды. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» деген заманда елдегі азды-көпті дәулеті бар адамдардың бәрі қуғынға ұшырап, мал-мүлкі талан-таражға түсті.
«Әкем Шығанбай Салбырұлы – үйір-үйір жылқысы бар аса ірі бай, 1857-1924 жылдар аралығында өмір сүрген, «Қарақұм» өңірінің қазағы. 1923 жылдары болуы керек, жаппай колхоздастыру кезінде Шығанбайдың бүкіл мүлкі тәркіленіп, малы қызыл әскерлердің айдауында кеткен» деп жазған екен Райхан Шығанбайұлы өз естелігінде.
Қазақтың: «Мал-жаның аман ба?» деп амандасатыны осы кезден басталса керек, бәлкім… Өйткені өкіметтің шолақ белсенділері қорғансыз жұртқа аяусыз күш көрсетіп, алдындағы қара-құра малына жаудай тиіп, ашатұяқ қалдырмай, әкетіп жатты. Ол кезде елдің негізгі күнкөрісі мал болатын. Ішер асы, киер киімі, төсек жабдығы түгел содан дайындалатын.
– Жиырмасыншы жылдардың бас кезі. Сырдың бойында, «Қарақұм» жайлауын қоныстанып отырған ағайын алдындағы малына иелік етіп, өзімен-өзі өмір сүріп жатқан еді. Шынын айтқанда, мұндағы жұрт малдың жайына бола жаздыгүні жайлауға көшіп, күн суыта қыстауына қайтатын. Иә, төрт түлігі теріс жайылып жатқан Шығанбайдың әсіресе, Қамбар ата түлігіне ықыласы бөлек. Ер қанаты деп ерекше бағалайтын. Иен даланы еркін жайлап отырған бұлардың ешкімнің алдында алыс-берісі жоқ, тып-тыныш тірлігін кешіп жатқан еді.
– Шөмекейдің Аспаны –
Салбырұлы Шығанбай,
Атағы шыққан бай болған.
Бабасы мен атасы –
Аспан, Есімбет,Тұрымбет,
Айтқұл, Есім, Жаманы,
Дыңғыр, Боқы, Салбырлар,
Адам айтса нанғысыз,
Қыр мен Сырдың арасын
Алып жатқан сол кезде
Осыларда мал болған, – деп жазған Бақтыбай Әбілтайұлының «Шөмекейдің Аспаны – бай Шығанбай» дастанында осы әулеттің арғы-бергі тарихы түгел баяндалады.
…Шығанбай жылқы тұяғының дыбысынан таңсәріде оянды. Торытөбел айғырының кісінеуі ме қалай? Шапанын жадағай жамыла далаға шықты. Ойы алдамаған екен, жерді тепсіне, осқырына кісіней қарсы алған Торытөбелі тосын мінез танытып, басын шұлғи берді. Өз көзіне өзі сенер емес, үйірін қия бастырмай, еге болып жүрген қырағы торысы қалайша бөлініп келіп тұр. Жалма-жан айғырының үйіріне беттеді. Үйір дін аман, әйтсе де жинақы, алысқа ұзамай, айналшықтап жүргендей көрінді. Төңіректі шолып шықты, маңай тыныш тәрізді. Торытөбелдің жалынан сипап тыныштандырмақ болса да, өзінің жаны әлдебір жамандықты сезгендей байыз табар емес…
Торытөбелдің тосын әрекетінен тіксініп қалса да, сыр бермеді. Үй-іші, әйел, бала-шағасын алаңдатпайын деп әдеттегі тірлігімен айналысып, әудем жерге дейін ұзап кетті. «Қарақұм дегенше, қарағым десейші» деп күбірлеп, далиып жатқан кең далаға, көк шалғыны тербелген жайлауға көз салды. Көкірегін кере демалып, алыс көкжиекке көп қарады.
Жарықтық тұлпары жаңылмапты, шынында бір жайсыздықты сезген екен. Әлгі жағдайдан кейін үшінші күн дегенде өкіметтің өктем бұйрығымен келген жандайшаптар мамыражай отырған халықты ұлардай шулатып, ылаң салып кетті. Атқа мінген қарулы топ әй-шәйға қарамастан Шығанбай жылқышының мал-мүлкін түгел тәркілеп, үйір-үйір жылқыны айдаған күйі кете барды. Шулаған қатын-қалаш, жылаған бала-шаға, жасанып келген қарулы топқа еш қауқар көрсете алмаған ерлер қамшысымен жер тіреп қала берді.
Жауға жалынғаннан жан берген жақсы. Ақадал жиған малы көз алдында, көрінгеннің айдауында кетіп бара жатқанын көру Шығанбайға оңай болған жоқ. Өне-бойын намыс өрті шарпыған ол іштей күйзеліп, нәр тартпастан сұлқ түсіп жатып қалды.
Арада бірнеше күн өткен. Айнала өлі тыныштық. «Қарақұм» даласы қаңырап, бос қалғандай. Кенет алыстан кісінеген жылқы дауысы естілгендей болды. Торытөбелі ме екен? Апыр-ай, айдаудан қашып келгені ме? Шығанбай үйден асыға шығып, аптығын баса алмай тұрған Торытөбелінің жалын құшып жата кетті. Осы кезде ол бақилық сапарына аттанып кеткен еді. Иә, адал жануары ақырғы сәтінде қожайынының қасынан табылды.
Шығанбай отбасының одан кейінгі өмірі қалай болды десек, ұлы Райханның мына бір жазбасы көзге ұшырасты:
«Әкеміз Шығанбай өмірден өткеннен кейін төрт баламен жесір қалған шешем теміржолды жағалай 99-разъезге келіп ағайындарды паналаған. Неге екені белгісіз, ол жерде ұзақ тұрақтамай, екі үлкен қызын ертіп, Тәшкенге бет алады. Көздеген жеріне жетті ме әлде жолда аштықтан көз жұмды ма, аң-құсқа жем болды ма, сол күйі хабар-ошарсыз. Бала болсам да өз жұртымнан, елімнен іргемді ажыратқым келмеді ме екен, білмеймін, бірге туған бауырым Ұлжалғас екеуміз шешемізге ермей, тірідей айырылып қала беріппіз. Сол уақытта бізді бауырына басып, біреудің тепкісіне түсірмей, ел қатарына қосылып кетуімізге атсалысқан ағайын ағамыз Әйділдә әкеміздей, Жұмагүл апамыз шешеміздей болды» деп жазған екен.
Әкесінен бес-алты жасында қалған Райхан ақыл тоқтатып, ат арқасына мінген шағында әкесі Шығанбай туралы деректерді іздеп, естігенін жазып алып жүретін. Кезінде «Қарақұмда» мал баққан кісілердің айтуынша, ол жастайынан шаруашылықпен айналысып, адал еңбегімен мал басын көбейткен жан болыпты. Жылқыларының жалы жібектей, үстіндегі иесі жығылғанда молынан төсеніш болатындай, құйрықтары таралып тұрғандай ерекше көрінеді екен. «Мал тапқанға емес, баққанға бітеді» демекші, дария бойын жағалай, жайлауды алмастырып отырады екен. Онысы тек малдың жайы емес, жердің де құнарын жойып алмайын деген байламы болар.
Шығанбай жылқышының тағы бір тапқырлығы, көктем туа малын айдап, Сырдарияның арғы бетіне, «Қызылқұмға» көшерде дарияның бергі бетіндегі қалың жантақтың сабағын екіге бөліп, арасына қауын-қарбыз дәнін салып кетеді екен. Жауын-шашыннан бөлек, жантақ тамырының ылғалдылығымен көктеп өнген дән түйнекке айналып, қыс түспей кері қайтқан малшылар шөлде піскен шырын қауын-қарбызға қарық болады деседі.
Әр жерде айтылған әңгімелерге құлақ асса, Шығанбай жылқысының тұқымы беріге дейін болыпты. Ол туралы екіжақты пікір айтылады. Бірінде асау жылқы айдаудан қашып шығып, су ішкен құдығына айналып келуі мүмкін десе, енді бірі жылқысының бірнешеуін өзі малдың қадірін білетін малшыларға тапсыруы да мүмкін деген болжамға саяды.
Шығанбайдың есімі ел аузында қалуының тағы бір себебі – оның қаздырған құдығы. Сол құдық көп жылға дейін елдің тіршілік көзіне жараған екен. Кейіннен өкімет сол жерден су құбырын жүргізіп, жерасты суының жолын салыпты. Қазір бұл құдық Қазалы жер көлемінің сызбасына енген. Сонымен қатар, Шығанбайдың әкесінің атымен «Салбырдың тақыры», аталас ағайынының атымен «Сәттің жалы» аталып кеткен жер бар.
Жазық далада орналасқан құдықтың тереңдігі 50 метрдей, опырылып кетпесін әрі таза болсын деп түбіне дейін айналдыра сексеуіл тартып өріп тастаған. Көзкөргендердің айтуынша, жылына екі рет 40 қауға су тартып тазалап отырады екен. Ол уақытта бұл жерден жолаушылап өтетіндер көп еді. Алыс-жақын сапарларда әрі-бері өткендер Шығанбай құдығынан шөлін басып, алғысын жаудырып кетеді дейді. Шынында, шариғат ұстанымында жол салғанның, құдық қазғанның, ағаш еккеннің сауабы мол деген сөз бар ғой.
«Әкеміз Райхан буыны қатаймай жетім қалса да, жоқшылықты, таршылықты басынан өткізіп, құрыштай балқып, темірдей берік болды. Аллаға шүкір, жігер-қайратының арқасында аумалы-төкпелі, аласапыран кезеңнен аман-есен өтіп, ел қатарына қосылды. Жастайынан еңбекке араласып, Жосалы, Қазалы станциясының арасында теміржолшы болып көп жыл қызмет еткен. Соғыстың сұрапыл жылдарында теміржолшылар елге қажетті маман есебінде броньмен қалдырылған. Күн демей, түн демей, жаздың ыстығы, қыстың суығына қарамай, әскери эшелондарды өзі жауапты бекеттен уақытылы майданға өткізіп отырған.
«Ерен еңбегі үшін» және Ұлы Жеңістің бірнеше мерекелік медалімен марапатталды. Шаңырақ көтеріп, үбірлі-шүбірлі ұрпақ өсірді. Жазықсыз жапа шеккен Шығанбай байдан қалған жалғыз тұяқ үлкен әулет болды, шүкір дейміз. Әкеміз ұрпағының ортасында абыройлы ғұмыр кешіп, 100 жасап дүниеден озды.
2019 жылы Шығанбай атамыздың ұрпақтары жиылып, «Қарақұм» жеріне мал сойып, Құран бағыштап, құлыптасын қойып, аз да болса жүгіміз жеңілдегендей болды. Атамыздың бейіті сексеуілден тұрғызылған, ені 4, ұзындығы 5, биіктігі 1,5 метрдей, әрине, арада ғасыр өткесін шөккені білінеді. Бейіттің тұсында отырып, басыма талай ой келді. «Иә, ешкім мәңгілік емес бұл өмірде. Дегенмен үлкен кісілердің бары жақсы екен-ау, баталарының күшімен батыл басып жүресің, сүрінсең тіреуің, шалынсаң қалқаның…» дейді Марат Райханұлы.
Иә, бұл оқиға да – ел тарихының аласапыран кезеңінің ақтаңдақ бір беті.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»






