Біршама уақыт бұрын дала төсінен қырқаны жапқан келе-келе түйені кездестірген едік. Әрқайсысы кішігірім төбедей Ойсылқара тұқымы көзге айбатты да ерекше көрінеді. Келені бастап жүрген жардай шым қара бура шаншыла қарағанда зәре-құтымыз қалмады. Тап беріп, тапап өтердей сезіндік. Бекер үрейленген екенбіз. Маң-маң басып, шөпті шалған күйі ұзай берді. Жанымдағы серігім түйенің иесі Ықылас Алпысбаев есімді жеке кәсіпкер екенін, шаруа қожалығында төрт түлік түгел өсіретінін ризашылықпен жеткізді.
Ықыласпен тілдесудің де сәті түсті. Оның емен-жарқын даусынан адамды жатырқамайтын мінезі, қалтасына пұл, қорасына шыр бітсе, танауын көкке шүйіретін кейбір жандардан табиғаты мүлде бөлектігі аңғарылып тұрды. Ықылас – маңғаз даланың төл перзенті. Ес жиып, етек жапқаннан тіршілігі төрт түлікпен етене болғандықтан, шаруа жайына бес саусақтай қанық.
Бұл күндері Ықылас Жақсылықұлы жаз жайлауынан «Байсалбайдағы» қыс қыстауына жақындап барып, қоныстанудың қамымен жүр екен. «Көш көлікті болсын!» деп сөзге тарттым. Желмен жарысқан үйір-үйір жылқы, шаңырақ мүйізді сиыр табыны, отар қой, шудасы желкілдеген түйе келесі көз алдыма Абай атамыздың өлеңінде суреттелген өткен ғасырдағы ұлы көшті оралтты.
«Ықылас» шаруа қожалығы – қазақтың ақбас асылтұқымды сиырын өсірумен айналысады. Нақты кезеңде қожалықтың иелігінде 570 бас сиыр бар. Алғашқыда мемлекеттен несие алып, ауқымын ұлғайтқан шаруа қожалығы көп ұзамай қарызын жауып, таза пайдаға шықты. «Байсалбайдағы» қыстау тұрғын үй, қора-қопсы, құдық, бұлақ, басқа да қажетті құралдармен жабдықталған. «Сиырдың сүті – тілінде» демекші, жем-шөп дайындауға баса мән беріледі. Жемді Орал, Қостанайдан алдырса, шөпті өздері әзірлейді. Қыстың қытымыр аязынан қысылмай шығу үшін жем-шөптің мол қоры жасақталған. Шаруа қожалығында 7 адам тұрақты жұмыс істеп, отбасының нәпақасын ажыратуда. Ұжым мүшелерінің арасында Ықыластың баласы мен келіні де бар, яғни, отбасы болып бейнеттің рақатын татып отыр.
Ол басқаратын шаруа қожалығы асылтұқымды бұқа, қашарды облыс көлеміндегі шаруашылықтар мен жеке тұрғындарға сатуды жолға қойған. Қызылордадағы «Аруана» шаруа қожалығы Ықыластан ақбас асылтұқымды 100 бас қашар сатып алған.
Ықылас «маған төрт жүз деген сан сәттілік әкеледі» деп әзілді-шынды жымиды. Шынымен де солай сынды. Оның иелігінде сиырдан бөлек, 400 бас қазақтың қос өркеші айыр інгені, 400 бас қазақтың Еділбай қойы бар. Сиыр көбіне Сырдың бойын жайласа, жылқы, түйе мен қой жаз мезгілінде жайлауға көшеді. Кәсіпкер отағасы өмірлік жары Әсемгүлмен бірге береке қонған шаңырақты түлетіп отыр. Бауырынан өрбіген төрт перзенті бар. Арғынбайы өздерімен бірге тұрса, ортаншы ұлы Беркінбай бөлек отау тіккен. Ол – атасының есімімен аталатын «Жақсылық» шаруа қожалығының жетекшісі. Ықылас алдағы уақытта жылқы басын көбейтуді межелеуде. Талабың оң болсын, кәсіпкер азамат!
Арал ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<