Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің делегациясы Түркия Республикасына арнайы іссапармен барып, бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Іссапардың басты мақсаты – жастар саясатын дамыту, білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты нығайту болды.
Сапар барысында университет өкілдері Анталья қаласының губернартормен кездесіп, Түркияның Мәдениет және спорт министрлігінің басшысымен, Анталья және Аланья жастар орталықтарының жұмысымен және Ақдениз университеті мен Аланья Аладдин Кейкубат университетінің жұмысымен танысты.
Кездесуде екі ел арасындағы жастар саясатын дамыту, тәжірибе алмасу және өзара байланыстарды тереңдету мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, делегация кездесу өткізіп, жастардың мәдени және спорттық дамуын қолдау шараларымен танысты.
Аланья жастар орталығында 30-дан астам үйірме тәулік бойы жұмыс істейді. Мұнда жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Сонымен қатар, делегация әлемдік фестивальдерде жүлделі орын алған қысқаметражды фильмді тамашалады. Түркиядағы жастар саясаты жастарды спортқа баулуға, қолөнерді кеңінен дәріптеуге, технологиялық біліммен қамтамасыз етуге және олардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған.
Сонымен қатар, тараптар университеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту, қос дипломды бағдарламаларды іске асыру, студент алмасу және біріккен жобаларды жүзеге асыру бойынша келісімге келді. Оқу кампустарына арнайы тур ұйымдастырылып, делегация түрік студенттерінің өмірімен танысты. Түрік жастары арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, түрік халық әндерінің тарихы мен музыкалық аспаптарын таныстырды. Өз кезегінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жастары домбырамен күй орындап, қазақтың бай мәдениетін паш етті.
Айта кетейік, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Түркияның Жастар және спорт министрлігі арасындағы “Мәдени мұра” халықаралық жобасы биылдан бастап қолға алынды. Жоба аясында Түркияға екінші мәрте іссапар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қыркүйек айында Түркиядан 19 өкіл Қорқыт ата университетіне келіп, оқу орнының қызметімен және қазақ елінің мәдениетімен танысқан болатын.
Жобаның басты мақсаты – түркітілдес елдердің мәдениетін жастар арасында кеңінен насихаттап, елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайту.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<