Тұрақты комиссиядағы талқылау

1105

0

Бүгінгі қоғамның талабы уақыттың керуеніне ілесіп, күн сайын жаңа сипат алуда. Бұқараның талап-тілектері билікке ғана емес халық қалаулыларына да бұрылып, нәтижелі істер жүзеге асырылуда.

«Nur Otan» партиясынан мәсли­хат депутаты болып сайланғалы көптеген сұрақтар мен өтініштерді қабылдап, аймақ тұрғындары көтерген өзекті проблемалардың шешілуіне азаматтық үлесімді қосып келеміз. Бұл бағытта жерлестердің қуат­тауы жаңа талпыныстарға же­телеуде.


Жуырда өткен облыстық мәс­ли­хаттың тұрақты комиссия оты­­ры­сында көптің көкейтесті мәселелері таразыланды. Ко­мис­­сияға төрағалық етіп, күн тәр­тібіндегі бес мәселені әріп­тестермен бірге сараладық. Ол Пре­зидент Жол­дауы­ның жү­зеге асырылуы мен өңірдегі жас­тар саясаты саласындағы іс-шаралардың мерзімді орындалуы тұрғысында өрбіді.


Облыстық ішкі саясат бас­қармасы басшысының міндетін атқарушы Еркін Әбішев жастар саясаты бойынша хабар­лама жасап, мемлекеттік сатып алу негізінде өткізілетін іс-шараларға тоқталды. Депутаттар тарапынан ұсыныстар беріліп, жастар жобаларын жүзеге асыруды ең өзекті мәселелер ортаға салынды. Жастарды еңбекке баулу, зияткер ұлт қалыптастыру тұрғысында өңірде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар сөз етілді.

Үкіметтің «Қазақстандағы жастарды қолдау жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес бұл бағыттағы жаңа бас­та­малардың қолға алынғаны айтылды.


Аталған құжат ауқымды 10 бағытты қамтиды. Өңірге қатысты негізгі тармақтары «Қызылорда облысы бойынша «Жастар – Отан­ға» бағдарламасын іске асырудың 2025 жылға дейінгі жол картасына» енгізіледі.


Бұған қоса, Е.Әбішевтің тұ­рақты комиссияның алдағы оты­­рыстарының күн тәртібіне өңір­дегі жастарды тұрғын үймен қам­ту, «Орда» аймақтық тұрғын үй бағ­дарламасын қайта жаңғырту мәселесін енгізуге қатысты ұсы­нысы мақұлданды.
Келесі мә­селе аймақтағы ономастика төңірегінде қозғалды. Көшелер мен мекемелерге кісі есімін беру дәстүрге айнал­ған. Осы тақырыпқа үн қосқан облыстық мәслихат депутаты Сәрсенкүл Бихожа өз ұсынысын жеткізді.

Депутаттың пайымынша, көшелерге кісі есімін берумен қатар «Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығы» секілді атауларға да мән беру қажет. Сонымен қатар, облыстық ономас­тикалық комис­сияның құрамына облыстық мәслихат депутаттарын енгізу жөнінде ұсыныс айтылды.


Аталған мәселелерден бөлек күн тәртібінде бірқатар мем­лекеттік мекемелердің нор­ма­тив­тік-құқықтық құжаттарына өз­герістер мен толықтырулар енгізілді.

Гүлнар ЕСҚАЛИЕВА,

облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<