Тұтынушы таңдауы – «Тоғжан»

1942

1

Вирустан қорғанудың бірден-бір тәсілі – қорғаныш бетпердесі. Медициналық маска жұқпалы аурулардан қорғайтынын жақсы білеміз. Ал ол осыдан 100 жыл бұрын «испан тұмауы» кеңінен тараған кезде пайда болған деседі. Дәл осы медициналық бетпердеден тапшылық болған сәтте Шиелі ауданындағы «Тоғжан» тігін ательесі бетперде тігуді қолға алған болатын.

– Біз былтырдан бері аграрлы-техникалық кол­ледж­бен әлеуметтік-әріптестік ая­сында ке­лісім­шарт жасаған болатынбыз. Тігінші мамандарды іс-тәжірибеден өткізіп те тұрамыз. Қысылтаяң кезде бетперде тігуді қолға алуды жөн санадық.

Тұтынушы таңдауы – «Тоғжан»

Елде төтенше жағдай жария­ланған кезде бастапқыда күніне 2000-3000 бетперде тіккен. Дәл қазіргі сәтте 10000 бетперде дайын тұр. 15 адамды жұмыспен қамтып отыратын ательеде 1 данасын 70 теңгеден тігіп, аудандағы дәріханаларға ұсынуда. Одан бөлек, кез келген тапсырысты киім, перде сынды тұтынушылар қалауын орындайды.

Қазақтың ұлттық киімдері қыз-келіншектердің ­ажарын ашатыны сөзсіз. Алайда ою-өрнекпен өрнектелген ұлт­тық киімді тек Ұлыстың ұлы күні киетініміз жасырын емес. Тігінші Тоғжан осы олқы­лық­тың орнын толтырып, қазақы нақыштағы киімдерді күн­делікті киюге ыңғайлап тігуде.

Оның қолынан шыққан киім қонымды әрі жарасымды бола қалады. Ательеде ұлттық киімдер, той көйлектері, көрпе-көрпеше, қыз жасауы әзірленеді. Сонымен қатар, аудан өнерпаздарының сахналық киім үлгісін де ойластырады. Қысқасы, көңіл қалауыңыздағы дүниені ерекше дизайнмен үйлестіреді. Содан болар, халықтың таңдауы осы тігін ательесіне түседі.

–       Тұтынушылардың сұ­ра­­­­нысын қанағаттандыру үшін үнемі ізденіс, тың идея қажет. Түстердің үйлесімділігі, адам­ның дене пішініне лайықты стиль, әдемі әшекей таңдаудың өзі үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ал киімді сәндеу ерекшелігін баса көрсетіп, бұ­йымды безендіріп әрлендіре түсетін таспаларды, бауларды, желбіршектер мен әдіптеулерді, жиектеулерді, бүрме, қатырма тігістерді қолдануды ателье тігіншілері жетік меңгерген. Қазіргі кезде дайын көйлекті сатып алғаннан гөрі, қазақы нақыштағы оюлар салынған киімдерге сұраныс көп, – дейді Тоғжан Мұсаева.

Алдағы уақытта үлкен тігін фабрикасын ашуды мақсат еткен ісмер өткен жылы 40 қыз-келіншекті жұмыспен қамту орталығы арқылы қысқа мерзімде оқытып, тігіншіліктің қыр-сырын үйреткен болатын. Ине ұстап, мата қиюды меңгерген олардың жартысынан көбі қайтарымсыз грант алып, жеке кәсіптерін бастап та кетті.

Жоғарыда атап өткендей ұлттық киімдерді қайта жаң­ғыртып, сұранысқа лайық­тап қайта тігуді қолға алған «Тоғжан» ательесінің тігін­шілері 1 күнде 10 дана көй­лек тігіп шығады. Бағасы үл­кендерге 15 мыңнан басталып 200 мыңға дейін барады. Ал кішкентайларға 8 мыңнан бас­талады. Баға дизайны мен матасына қарай қойылады. Талғам мен таңдау тұтынушылардың еркінде. Хакім Абай «Алдау қоспай адал еңбегін сауған қол өнері – қазақтың әулиесі сол» деп, қолөнермен айналысқан адамды жоғары бағалаған. Өйткені қолөнер жемісі сол адамның өзінің ғана әлеуметтік жағдайын жақсартпайды, көп­шіліктің де кәдесіне жарайды.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ,

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<