Туған жерін түлеткен

99

0

Біз әңгімелегелі отырған кейіпкеріміз – өмірден өткенше ерінуді, жалған бедел алу үшін жағынуды білмеген, қашанда елмен бірге болып, халқының жайын күйттеген, сол жолдың «отымен кіріп, күлімен шыққан» адам. Иә, тек содан бақытын тапқан Амантай Әпетұлы жайлы айтпақпыз. Әрі бұл ағамыздың сол еңбегін ел-жұрты елеусіз қалдырған емес. Өз туған жері Қожакенттің адал перзенті бола білген ол жалған дүниені тәрк етіп, бақилыққа мойынұсынғанда да туған елі қимай қоштасып, арулап шығарып салған еді. Өмірінде өшпейтін із қалдырған ардақты ақсақал халқының қамқоры болғанын сөзсіз мойындау керек.

Мен Амантай ағамен 1972 жылдан бері таныс болдым. Сол жылы Алматыдағы ауыл шаруашылығы инс­титутын бітіріп, арнайы жолдамамен бұрынғы СОКП-ның ХХІІІ партьсъезд совхозында (қазіргі Қожакент ауылында) 1979 жылға дейін бас экономист болып қызмет істедім. Жеті жыл аз уақыт емес. Осынша жылдар арасында Әбекеңдей ағамның кісілігі мен адаммен сыйластығы бір бөлек әңгіме-тұғын.

Білуімше, Амантай Әпетұлы 1932 жылдың қаңтарында Жаңақорғанның Қыдырбай деп аталатын елді ме­ке­нінде дүниеге келген. Әкесі Әпет Әбді­рахманұлы сол заманда колхоз басшысы, партия ұйымы төрағасы қызметтерін атқарған, анасы Зере үй шаруасында болып әрі балаларына үлгілі тәрбие берген. Отбасында Амантайдан бөлек, Мәрзия, Әсия атты әпкелері мен Камалтай атты інісі болыпты.Ал атасы Əбдірахманның молда болып, ислам ілімін ел арасында насихаттап, Алла жолында жүргенін, адамдарды тазалыққа, әділеттілікке үй­ре­тіп, еңбекке баулығанын естіп өстік.

Осындай тектілердің тұяғы Амантай Әпетұлы 1951 жылы «Қандыарал» мек­тебін бітіріп, қазіргі Қазалыдағы зоо­техникалық малдəрігерлік техникумы жəне Алматы зоотехникалық малдә­рі­гер­лік институтын тəмамдайды. 1956 жы­лы Жаңақорған ауданына қарасты «Ок­тябрь» колхозындағы мал ферма­сында зоотехник болып еңбек жолын бастаған. Бір жылдан соң Ұлдаш Әбді­керімқызымен бас қосып, шаңырақ кө­теріп, өнегелі отбасы болды. 1963 жылы «Талап» совхозының төртінші фер­ма­­сында зоотехник, 1964-1967 жыл­да­­ры «Талап» совхозының «Сауса» бө­лім­ше­сінде ферма меңгерушілігін абы­­рой­мен атқарды.

Ағамыз бас зоотехник болып, ұзақ жыл кейіннен ХХІІІ партсъезд атанған совхозда істеді. Яғни 1966 жылы Өзгент совхозының төртінші фермасы ХХІІІ партсъезд болып қайта құрылғанда, Аман­тай аға мал фермасының меңгеру­шісі қызметіне тағайындалды. Сол кезде ол елді мекенде 2 жарым мыңға жуық қа­ра мал бар. Сонымен бірге күріш бағы­тындағы алдыңғы шаруашылық та осы ауылда орналасқан еді. Әбекең шаруаның нағыз маманы десек қателеспеспіз. Оны мен емес, бүкіл облыс білетін болар. Осы­лайша ХХІІІ партсъезд, қазіргі Қо­жакент ауылының іргесін қаласып, өмірінің соңына дейін сол жерде ферма меңгерушісі, совхоз директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Аман­тай Әпетұлы басқарған мал фермасы көп жылдар бойы аудандық, облыс­тық ауыс­палы «Қызыл туды» жеңіп алып, республикада өткізілетін жетіс­тік көр­мелерінде жұмысы үлгі етіп көрсетіліп жүрді.

СОКП-ның ХХІІІ партсъезд совхозы аудандағы күріш жөнінен көрсеткіші жоғары ауыл еді. Олай болуының да себебі бар. Мұнда Амантай Әпетов сынды шаруаны жетік білетін ағаларымыздан бөлек, бас аграном болып істеп, кейіннен Түгіскен совхозын басқарған Смайыл Жұмаділлаев, бас бухгалтер Жұмабай Тұрғанбаев сияқты мықты кадрлардың арқасында шаруашылықтың тасы өрге домалаған уақыт болатын. Шынымен ол кездегі көп жігіттер ХХІІІ партьсъезд совхозында жұмыс істеп, кейін басқа жаққа жоғарылап кетіп жататын. Сол уақытта өзге совхоздардағы 5-6 директор алғашқы еңбек жолын осы елден (Қожакенттен) бастағанын баса айту керек.

Сыздықов Абдулла, Әбітаев Ерқожа, бас инженер Зайров Әзім, Шәменов Қау­­мен сияқты азаматтармен қызмет іс­тедік. Өзімен бірге істеген мал дәрі­гері Қаумен ағамыз бен Амантай аға кәдімгі қазақы қалжыңы жарасқан, еке­уінің егіз қозыдай бір жүретіні, тіпті ау­данға да есепке бірге баратыны көз ал­дымда. Сол уақыттарда Нәлібай Ай­дар­­беков өзі басқаратын ХХІІІ парт­­съезд совхозындағы жетістіктер арқа­сын­да, осындай табанды жігіттердің еңбек­қор­лығының нәтижесінде «Еңбек Қызыл ту» орденін кеудесіне тақты.

Есімде қалғаны, үнемі аудан ор­та­лығына жиналыстарға келгенде ол кісі сөйлемей қалмайтын. Бос әңгіме емес, нағыз шаруашылықтың жайын қоз­ғай­тын. Жұмыстың қарқынды жүруі­не тиіс­ті талабын қоя білетін өте білікті ма­ман болды. Өжет еді ағамыз. Бір айта кететін жайт, күзде егін жинау мен оны бастыру сияқты қарбалас жұмыстарда Әбекеңнің көп көмегі тиетін. Егіншілер мен комбайнерлерді, көмекке келген жас­тарды етпен, ағарғанмен үздік­сіз қамтамасыз етуде Амантай аға басқа­ратын мал фермасының рөлі зор болды. Ол кезде ұн не басқа азық-түлікті дү­кеннен алғанмен, бүгінгідей самсап тұрған ет дүкендері болмады. Сон­дық­тан әр шаруашылық ет және сүт­пен өз жұмысшыларын қамтамасыз етіп, түс­кі, кешкі ас егін даласында ұйым­дасты­рылатын. Айтпақшы, менің есімде қалған бір жайт, ағамыз бір уақыт­тары құс шаруашылығына да аса қатты мән берген. Сол совхоздағы «Қойлақы» көлінің маңына құстың балапандарын алдырып, әбден бағуын келістіріп, күнде мал етінен гөрі, тауық, қаз-үйрек етімен қырман басындағыларды да, малшыларды да осы жеңсік аспен жедел қамтушы еді ғой.

Мықты ұйымдастырушы еді. Негізі адамға қызметтің сапасын талап етуден көрі, оған жағдай жасау бірінші орында болуы тиіс. Мен жеті жыл қызмет іс­теген уақытымда ол кісі басқарған ша­руа­шылық тек үздіктер қатарынан көрініп тұрды. Әбекеңнің жоғары ұйымдас­ты­ру­шылық қабілеті арқасында аудан көр­сеткіші ұдайы алда болды.

Осындай алғаусыз еңбек еткен жылдарында өз игі істерімен ел қошеметіне бөленіп, түрлі марапаттарға ие болды. Амантай аға 1963 жылы ауданның, об­лыс­тың «Құрмет грамотасымен», 1964 жылы «Құрмет грамотасымен», 1966 жы­лы «Еңбек Қызыл ту» орденімен, Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің «Құрмет грамотасымен», 1970 жылы «Социалистік жарыстың же­ңім­пазы» төс­бел­гілерімен, 1986 жылы «ХI бесжыл­дықтың екпіндісі», 1988 жылы «Ең­бек ар­дагері» медалімен марапатталды.

Бүгінде біздің ауданда 7800 зейнет­керден құралған ардагерлер кеңесі жұ­мыс істеп тұр. Ауылдағы бастауыш ұйым­дармен жұмыстар жиі жүргізілуде. Басқа аудандарда жоқ, «Ардагер мерейі» деп аталатын, айына бір рет шығатын газетіміз бар. Амантай ағамыздай алдыңғы буынның үлгілі істерін кейінгі жастарға ұлықтау мақсатында көп жұмыс атқарып та келеміз. Ардагерлерді елеусіз қалдыр­мау керек. Олардың жасаған еңбектері мен үлгілі істерін насихаттау жұмыстары және әлгі айтып кеткен газетімізге әр ауылдың шығу тарихы мен құрылуы, аты ұмытылып кеткен көне жер атаула­ры мен салт-дәстүр құндылықтарын те­рең тәрбие ретінде жариялап жүрміз.

Сөз соңында айтарымыз, бүгінгі Қо­жакенттей елдің іргесін қалаушы­лардың бірі болған Амантай Әпетұлын туған халқы мен ұрпағы жиі ұлықтап келеді. Сүйегі асыл ағаны мен де жиі сағынамын. Ол істеген еңбектің бәрімізге үлгі екені аян. Алмағайып заманда халық қорғаны болған ағаның өнегелі ісін жалғар бүгінгі буын аман болсын деген тілегіміз бар.

Өмірсерік ТАҚЫРБАСОВ,

Жаңақорған аудандық ардагерлер

кеңесінің төрағасы,

Жаңақорған ауданының

Құрметті азаматы