Түйе сүтінен – балмұздақ

954

0

Түйе сүтінен –  балмұздақ Соңғы жылдары өңірде кәсіпкерлік түрлі бағытта дамып келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсінгендер жеке кәсібін ашып, заманына қарай амалын жасауға көшкен. Жан-жақты қолдаудың арқасында ауқымды істер атқарылуда.

Шиелі ауданында орналасқан «Ару-ана» шұбат өндіру цехының негізі 2016 жылы қаланып, жұмысын 400 литр шұбат шығарудан бастаған еді. Бүгінде оның  ауқымы кеңейген.

Мінсе – көлік, ішсе – сусын, жесе азық болған түйе түлігінің қадір-қасиетін  жіті ұғынған халықтың ұрпағы емеспіз бе? Кәсіпкер Сабыр Ермаханов көпшілік іздеп жүріп әрең табатын ұлттық сусынды қолжетімді етті. Соның нәтижесінде жұртшылық табиғи өнім тұтынып отыр. Цехтың басты өнімі – шұбат сусыны, оған қоса сұранысқа сай сиыр сүтін де өңдейді. Қазір мұнда күніне 1 тонна шұбат және сиыр сүті дайындалады. Сиыр сүтінен айран, құрт, йогурт, сүзбе әзірлейді. Шикізатты Балаби ауылы мен «Шиелі төрт түлігі» ауыл шаруашылығы кооперативінен алдырады.

Жыл өткен сайын мұндағы өндіріс арнасы кеңейіп, шығарылатын өнім көлемі де толыққан. Соның бірі ретінде балмұздақты айтуға болады.  Түйе сүтінен әзірленген тәтті дәм құлаққа таңсық естілгенімен халықтың  сұранысына ие. Сондықтан күніге шығарылатын 1000 шақты балмұздақ бір ауданның өзіне толық жеткіліксіз. Цехтың технолог маманы Баян Дүйсенбекова алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды көздейді. Бұл ретте ол облыс­тың кәсіпкерлер палатасына балмұздақ өндірісінің қуаттылығын арттыру бойынша бизнес-жоспарын ұсынған. Жоба мақұлданса, аймақтың барлық ауданына қолжетімді болмақ.

Бүгінде цехта сарысу өндіру жолға қойыла бастады. Көп күттірмей сүзбе-ірімшік (брынза), сарысу өнімі шығарылды. Сарысудың адам ағзасына пайдасы зор. Мұның барлығын цехтың технолог маманы өзі зерттеп, зерделеп іске асырып отыр.

– Бізде ең әуелгі процесс түйе сүтін тексеруден басталады, яғни, арнайы аппараттың көмегімен сүттің майлылығы, тығыздығы, ақуыз мөлшері анықталады. Сосын тексерістің екінші кезеңіне өтеміз. Ол жоғары градуста қайнату арқылы белгілі болады. Ке­йін 92 градуста пастерленеді. Бұдан соң жұмыс салқындату, ұйыту, қайта салқындату ­сияқты бірнеше процестен өтеді. Осылайша дайын болған өнім құтыға құйылады. Ал, жарамдылық мерзімі қазір 1 жылға ұзарды. Бұған дейін 2-5 ай ғана жарамды болатын. Былтыр Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық аграрлық университеті мамандарымен бірлесе отырып шұбат өніміне арналған ұйытқы шығардық. Шұбат сусыны қазір шетелдің емес өзіміздің ұйытқы арқылы әзірленуде. Бүгінде цехтан шығарылатын өнім облыс­тың барлық аумағын қамтып отыр. Алдағы уақытта Алматы қаласына шығару жоспарлануда, – дейді технолог маман.

Түйе сүті қуаты мен дәрумендік қасиеті жағынан қымыз­дан кем түспейді. Осыны жіті түсіне бастаған халықтың бұл өнімге сұранысы жоғары. Ал, емдік қасиетін жоймай, құнарлы сусын ұсынған «Ару-Ана» шұбат өңдеу цехы ел ішінде үздік бағаланған тағам өндірісін одан әрі кеңейте бермек.

 

А.САЙДУЛЛАҚЫЗЫ.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<