Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті, деп хабарлайды Syrboyi.kz. Күн тәртібінде «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу шаралары мен Үкімет қаулыларының жобалары қаралды. Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен аталған мәселелер бойынша міндеттер айқындалған мәжіліс өтті. Қызылорда қаласы, аудан әкімдері мен жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Осыған орай, облыстық іс-шаралар жоспары мен комиссия құрамы бекітілді. Жоспарды жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 899,9 млн теңге қаралды. Бұл қаржы колледждерді күрделі жөндеуге, материалдық-техникалық базаларын жабдықтауға, мектептерде кәсіби бағдар беру кабинеттерін ашуға, «Кәсіби бағдар беру педагогі» штат бірлігін енгізуге және жұмысшы мамандықтарын дәріптейтін түрлі шараларды жүзеге асыруға бағытталады.
Колледждерге кәсіпорындардан өндіріс шеберлерін тартуды, шетелдіктерді жергілікті кадрлармен алмастыруды ұйымдастырыңыздар. Бөлінген қаражат мақсатты әрі тиімді жұмсалуы керек.
Ірі кәсіпорындардың, орта бизнес өкілдерінің қатысуымен тоқсан сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізуді тапсырамын. Жұмысшы және орта буын мамандықтары бойынша білім алуға ниетті 9-сыныпты бітірушілерді 100 пайыз тегін кәсіптік біліммен қамту үшін 5 308 орын мемлекеттік тапсырыс бөлуге құжат әзірлеңіздер. Колледждерді үздік бітіруші 100 студентке тұрақты жұмысқа орналасуға жолдама беру үшін өңірдің ірі кәсіпорындарымен арнайы келісімді үйлестіріңіздер.
Қоғамда еңбек адамына деген құрметті дәріптеу, жұмысшы мамандықтарын насихаттау, беделін көтеру, жастардың қызығушылығын арттыру бағытында Мемлекет басшысының, Үкіметтің берген барлық тапсырмалары толық орындалуы қажет», – деді Н.Нәлібаев.
Айта кетейік, өңірде 28 колледж 97 мамандық, 158 біліктілік бойынша еңбек нарығына қажетті кадрлар, оның ішінде, 19 колледжде 45 мамандық, 49 біліктілік бойынша жұмысшы кадрлар даярлануда.
Бүгінде жобалық кеңсе, аймақтық штаб құру, «Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбында «Жұмысшы мамандықтар жылының» салтанатты ашылуын ұйымдастыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Басты мақсат – техникалық және кәсіптік білім беру саласын трансформациялау, колледждерді салаландыру, дуальды оқыту, модульдік білім беру, халықаралық стандарттарға сай, еңбек нарығына қажетті, сұранысқа ие жұмысшы мамандар даярлау. Бұл аймақтағы кәсіптік білім беру деңгейін арттырады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<