Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Тазалық пен ұқыптылық күнделікті өмір салтымызға айналуы қажет. Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен басқа біреуге емес, өзімізге керек. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға жанашыр көзқараспен қарауы тиіс» деген болатын. Бұл бастаманы сырбойылықтар негізгі қағида етіп, белсенділік таныта білді. Соның арқасында бүгінде республика көлемінде тазалық мәдениетінің үлгісіне айналды.
Қала көшелерінің жинақылығы, аулалардың абаттандырылуы, қоғамдық орындардың таза әрі жайлы болуы – мұның бәрі қызыл-ордалықтардың күнделікті тұрмысындағы қалыпты құбылысқа айналғандай. Осы ретте облыс басшысының «Үздік елді мекен» байқауын дәстүрлі түрде өткізуі – ауыл-аймақтың ажарын айшықтап, келбетін көркем етуді көздеген бірегей жоба екенін айта кеткен жөн. Тазалыққа талпындырып, ауыл тұрғындарын ауызбірлікке шақырудың өзгеше тәсілі – республиканың басқа өңірлеріне үлгі. Алдыңғы жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келетін байқау жеңімпаздарын облыс әкімі Н.Нәлібаев өзі марапаттап, бағалы сыйлықтар тапсырып келеді. Бұл байқау – туған өлкені жасыл желекке айналдырып, табиғатты аялауға және экологияның жақсаруына үлесін қосатын әлеуметтік маңызы бар ерекше жоба.
2023 жылы конкурс екі мәрте көктем және күз айларында өткізіліп, облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Ауылдық аймақтарға қажетті арнайы техникалар қалдық тасымалдаушы көлігі, жол тазалағыш, жер қазушы, тиегіш тракторлар, ассенизатор машинасы, жүк тасымалдаушы көлігі секілді 29 техника жеңімпаз елді мекендерге табысталды. Алғаш рет өткізілген көктемгі конкурсқа 7 аудан орталығы, 24 ауыл қатысып, «Үлгілі аудан орталығы» номинациясы бойынша 3 аудан орталығына және «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша 3 ауылға арнайы коммуналдық техникалар табысталды. Өткен жылы да конкурс жалғасын тауып, облыстық бюджеттен 436 млн теңге бөлінді. Оған 19 техника сатып алынып, конкурс жеңімпаздарына табысталды. «Үлгілі елді мекен» номинациясын иеленген жеңімпаз елді мекенге абаттандыру жобаларын қаржыландыруға облыстық бюджеттен 15 млн теңгеден берілді.
Шаһар тазалығы мен абаттандырылуына жауапты «Қызылорда тазалығы» мекемесі екі ауысыммен жұмыс атқарады. Тазалық жұмыстарына бір мезетте 75 арнайы техника мен 200-ден астам жұмысшы шығарылады. Күн сайын таңғы 5-те қала көшелерін тазалау жұмысы басталады. Бұл жұмыс тоқтаусыз жалғасады. Мұндай еңбек көзге көріне бермеуі мүмкін, бірақ тынымсыз тіршілік еткендердің арқасында қала көшелері мұнтаздай.
Кейінгі екі жылда мекеменің материалдық-техникалық базасын жаңғырту мақсатында 2 млрд 153 млн теңге бөлініп, оған қажетті техникалар алынды. Сонымен қатар коммуналдық саланың жұмысшыларына қолдау білдіру үшін оларға қоғамдық көліктерде тегін жүру қарастырылған және жылына бір рет шипажайларға тегін жолдама беріледі.
Бұдан бөлек, қаланы көгалдандыру жұмыстарына қатысты өткен жылдың басынан «Жасыл Қызылорда» мекемесі қаладағы орталық көшелер, сквер, аллеяларды көркейту мен қаланың көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде. Өткен жылы қала аумағында 11 мыңнан аса ағаш көшетін отырғызды. «Жібек жолы», «Сарқырама», «Табиғат» және қалалық каналдар толық тазаланды қалаішілік арық жүйелерін тазалау жұмыстары жүргізілді. Шаһар аумағын көгалдандырып, көріктендіру үшін 600 мыңнан астам роза, каан, катарантус, цинния, петуния, тагетис, бархатцы, цинерария, пеларгония гүлдері егілді. Ал биыл 16 000 дана ағаш көшетін егу жоспарлануда. Тұңғыш президент атындағы саябаққа қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуіне орай, ондағы ағаш көшеттерін арнайы техника көмегімен Бейбарыс сұлтан көшесі және Н.Назарбаев даңғылына көшіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 353 000 дана бір жылдық және көп жылдық гүл егіледі.
Жалпы тазалық пен айналаны көгалдандыруды коммуналдық сала мамандарының міндеті деп емес, әр адам өзінен, үйінің ауласынан бастаса, шаһардың шырайы кіре түсер еді. Осы ретте 85 жастағы Бектай Сүлейменовтен әр қызылордалық үлгі алса екен дейсің. Күн сайын 8 гектар жерді айналып, 2 млн түп ағаш еккен ақсақалдың ел аумағын жасыл желекке айналдыруға қосқан үлесі зор.
«Таза қала» деген атауға ие болу – тек бір мекеменің еңбегі емес, бүкіл қоғамның жеңісі. Әрбір адам осы жауапкершілікті сезініп, айналасына қамқорлықпен қараса, ортақ игілікке қол жеткізуге болады. Тазалық мәдениетін тек мекеме ғана емес, әрбір тұрғын өз санасында қалыптастырып, қолдау көрсетсе, қаламыз одан әрі көркейе түседі.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»






