Үлкенге құрмет үлгісі

301

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданының құрметті азаматы Сұлтанбек Оразымбетовті 80 жас мерейтойымен құттықтады. Басқосуға зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, басқарма басшылары қатысты.Аймақ басшысы мерейтой иесіне құттықтауын жеткізіп, үлкенге құрмет көрсетудің, адал еңбекті бағалаудың маңызын атап өтті.

– Дана халқымыз «Қадірлей білгенге құт қонады, құрметтей білгенге бақ тұрақтайды» деген. Өңіріміздің өркендеуіне, әлеу­мет­тік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына бар күш-жігерін жұмсап, елдің қошеметіне бөленген аға буын өкілдеріне лайықты құрмет көрсету біздің игі дәстүрімізге айналған. Бүгінгі ресми жиынымыз адал еңбегімен халықтың ықы­ласына бөленген, өнегелі істердің ұйытқысы болған ардақты ағамыз Сұлтанбек Оразымбетовке ар­налады.

Сыр жұртшылығы Сіздің елеулі еңбегіңізді, өнегелі өмір жо­лыңызды жақсы біледі, құр­мет тұтады. Парасатқа толы ғұмырыңыздағы іргелі істеріңіз өскелең ұрпаққа үлгі.

Жерлестеріңіз аймақтың да­муы­на зор үлес қосып, елдің ілти­патына бөленген Өзіңіздей жан­дармен мақтанады. Ақадал ниетті азаматтардың атынан бүгінгі мерейтойыңызбен шын жү­ректен тағы да құттықтап, деніңізге саулық, отбасыңызға аман­дық тілейміз! Тойыңыз тойға ұласа бергей! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Сұлтанбек Қойшыбайұлы еңбек жолын Қызылту елді мекенінде қарапайым жұмысшылықтан бас­тап, әр жылдары комсомол ұйы­мының хатшысы, өндіріс бригадирі, Шиелі аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Гигант колхозында партия комитетінің хатшысы, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы, аудандық партия комитеті хатшысының орынбасары қызметтерін атқарған. 1994-2012 жыл­дары Шиелі аудандық мәслихатының бірін­ші, екінші, үшінші және төртінші шақы­рылымының хатшысы болды.

Жиында облыс әкімі мерейтой иесіне Қызылорда облы­сы­ның Құрмет грамотасын табыс­тап, дәстүрге сай құрмет көр­сетті. Мемлекет және қоғам қайрат­керлері Ибрагим Әбибуллаев, Бекмырза Еламанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, ел ағасы Қалдыбай Сүгірбаев сөз сөйлеп, ізгі тілек білдірді.