Ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаев атындағы республикалық олимпиада өтті

438

0

Егемен еліміздің мәдениеті мен тағылымды тарихын тереңнен танып түгендеу, туған өлкеміздің, ата-бабаларымыздың өткенін білу – әрбір азаматтың парызы. Туған өлкенің тарихын оқушылармен бірлесе зерттеу бағытындағы жұмыстарды 1960 жылдары алғашқылардың бірі болып жүргізген КСРО Білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз, тарих пәнінің мұғалімі Сәден Нұртаев болатын.

2018 жылдан бері Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институты Қазақстан тарихы пәнінен 9-10 сынып оқушылары арасында КСРО Білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаев атындағы цифрлық форматтағы республикалық олимпиаданы өткізіп келеді.

Олимпиаданың мақсаты – оқушылардың Қазақстан тарихы пәніне деген интеллектуалды-шығармашылық қабілеттерін айқындау және дамыту, дарынды оқушыларды қолдау, оқушылар арасында ғылымға деген қызығушылықты арттыру.

Республикалық олимпиада Қармақшы ауданы Ақжар ауылындағы №28 орта мектепте өткізілді. Цифрлық форматта өткізілген олимпиадаға Қызылорда облысымен қатар, Түркістан облысының білім беру ұйымдарының үздік оқушылары қатысып, білімдерін ортаға салды.

Жас білімгерлер сайысында «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаевтың өмірі мен еңбек жолы туралы айтып өтіп, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың арнайы құттықтауын жеткізді.

Білім бәсекесінің республикалық кезеңі 3 тур бойынша өткізілді. Ұпай қорытындысымен жоғары балл жинаған қатысушылар жеңімпаз атанды.

Республикалық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен, қаржылай сыйақымен марапатталды. Сондай-ақ сайысқа қатысушылардың барлығына Алғыс хаттар мен сертификаттар табыс етілді.