Облыс әкімдігінде «Қызылорданың астаналық кезеңі: тарих пен тағылым» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Қайрат Тастекеев, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Қазақстанның Еңбек Ері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, академик, Ұлттық құрылтай мүшесі Асқар Жұмаділдаев, өнертанушы, Қазақстан Суретшілер, Кинематографистер одағының мүшесі Сәуле Қожықова, мемлекет және қоғам қайраткері Болатбек Қуандықов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, академик Берекет Кәрібаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев, саяси ғылымдар докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір, Анкара Хаджи Байрам Вели университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Хулия Касапоглу Ченгел, аталған университет докторанты Фулия Акман, жазушы, публицист, ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер, Абай облысынан келген делегация және аймақтың зиялы қауым өкілдері, қала, аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары, саяси партия төрағалары мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессорлары қатысты.
Конференцияның ашылуында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының ел астанасы болғанына, «Қазақ» атауының қайтарылғанына 100 жыл толу мерейтойымен, алдағы Республика күнімен құттықтады.
– Қазақ тарихына алтын әріптермен жазылған айтулы мерекеге шақыртуымызды қабыл алып келген құрметті қонақтарымызға барша Сыр жұртшылығының атынан шынайы алғысымды, зор ризашылығымды білдіремін!
Қасиетті Сыр өңірі – астаналар мекені, ұлт руханияты мен мәдениетінің алтын діңгегі. Ежелгі Сақ заманындағы Шірік-Рабат, Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкент, Ақ Орда мен Қазақ хандығының астанасы Сығанақ қаласы, Қазақ автономиялық кеңестік республикасының астанасы Қызылорда – соның айқын дәлелі.
Жүз жыл бұрын Орынбордан кейінгі астана аталуының өзі Ақмешіт аймағының Алаш үшін ардақты мекен екенін көрсетеді. Мемлекетіміздің бар маңызды шаруасы осы аралықтан бастау алып, ел егемендігіне ұмтылу жолындағы шешуші қадамдар жасалған болатын.
1925 жылы 15-19 сәуірде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы кеңестерінің бесінші съезі өтті. Онда алғаш рет Қазақ Республикасы деген атау өмір шындығына айналды. Ақмешіт қаласын «Қызылорда» деп атау жөнінде маңызды тарихи шешім қабылданды.
Өздеріңізге белгілі, биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс» деген болатын.
Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Қызылордада өткізу туралы шешімді барша сырбойылықтар зор қуанышпен қабылдап, ризашылық білдіруде, – деді облыс әкімі.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталған аймақ басшысы биыл облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн теңгеден асқанын, кейінгі үш жылда облыс экономикасына 1 триллион 600 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылғанын айтты.
2025-2028 жылдары 89 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылмақ. Биыл бюджет 851 млрд 300 млн теңгеге жетіп, 2022 жылдан бері 233 пайызға өскен. Оның 56 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған.
Осыдан бір ғасыр бұрын Қызылорда қаласы ресми астана мәртебесін небәрі төрт жыл иеленсе де, Қазақ мемлекетінің алғашқы автономиялық кезеңінде жаңғырудың бесігі болып, ұлттың өзін-өзі тануына жол ашты. Ал бүгінде Сырдың жағасындағы бас қала дамуы мен тазалығы жөнінен республикада алдыңғы қатардан көрініп, өзге өңірлерге үлгі болуда. Конференцияда Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов «Қазіргі қала мәдениеті және Қызылорда» тақырыбындағы баяндамасына осыны арқау етті.
– «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының біріктіру факторына назар аударуымыз керек. Саналы тәртіп мәдениетке айналады. Бұл арқылы біз тазалыққа үйренудеміз, үйретудеміз. Сыр өңіріне келген қонақтардың барлығы тазалыққа риза болуда, басқаға үлгі қылуда. Оның нақты бір дәлелі – биыл шілде айында Үкімет мүшелері, халықаралық сарапшылар қатысқан Қазақстанның Ұлттық урбан форумының өтуі.
Қала мәдениетінің қазіргі тенденциясының басты факторы әр тұрғынның ортақ кеңістікке ұмтылысына яғни, қоғамдық жауапкершілігі мен этикасына байланысты. Өркениетті қаланың басты көрсеткіші – адам мәдениеті. Өңірдің әлеуметтік-мәдени динамикасы осыны көрсетуде. Бүгінде Қызылорда қаласы – аймақтың мәдени орталығы, дәстүр мен жаңашылдықты қатар ұстанған заманауи кеңістік, – деді Н.Байқадамов.
Жиында баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы, Анкара Хаджи Байрам Вели университетінің профессоры Хулия Касапоглу Ченгелдің айтуынша, Қызылорда – қазақтар тығыз қоныстанған, қазақ тілін, мәдениетін, ұлттық құндылықтарын барынша таза көрсететін өңір.
– Қызылорданың тарихи ерекшеліктерінің бірі – қала орналасқан Сыр өңірі Х-ХІ ғасырларда түркілердің ата-бабаларының ортақ мекені болған, оғыз, қыпшақ тайпалары көрші және бейбіт өмір сүрген.
1917 жылы Алаш Орда мемлекеті құрылғанда Алаш зиялылары Семейді астана етіп белгіледі. 1920-1924 жылдар аралығында Орынбор, одан кейін 1925-1929 жылдар аралығында Қызылорда астана болды.
Қызылорда Қазақстанның саяси және мәдени өмірінің қалыптасу кезінде, Тәуелсіздік жолындағы ұлттық күрестің ең қызған жылдарында елорда болды және осы кезеңде қазақтардың, тіпті бүкіл Түркістанның ұлттық тәуелсіздігі үшін күрескен зиялы қауым өкілдерін қабылдап, мәдени өмірінің қалыптасуында маңызды рөл атқарған, – деді ол.
Жиында бұрын-соңды жарияланбаған тың деректер де айтылды. Мәселен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев Қызылорданың астана болған кезеңіндегі Қазақ халық ағарту институтының маңызын баяндады.
– 1925 жылы Орынбордан Қызылордаға астана көшірілгеннен кейін, Қазақ халық ағарту институты да осы қалаға ауысты. Бұл оқу орны сол дәуірдің ең ірі ағартушылық орталығы болды. Мұнда Сәкен Сейфуллин ректорлық қызмет атқарып, Ахмет Байтұрсынұлы, Сейітқали Меңдешев, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Құдайберген Жұбанов сынды тұлғалар ұстаздық етті. Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде зиялылардың қолтаңбалары мен құжаттары сақталған. 1927 жылы Ахмет Байтұрсынұлының еңбек демалысынан үш күн кешігіп келгеніне байланысты жазған түсіндірме хаты ерекше назар аударарлық. Онда ол: «Өзімнің және жолдасымның науқастығына байланысты курортта демалдым. Менің негізгі міндетім – сабақ беру. Шығармашылықпен де, ғылыммен де, оқытушылықпен де айналысу…» деп жазады. Бұл хат – тұлғаның еңбекқорлығы мен жауапкершілігін танытатын сирек құжат, – деді ғалым.
Баяндамашы архив деректерін келтіріп, Сәкен Сейфуллиннің де тұлғалық ұстанымын, оның әділдігі мен принципшілдігін айғақтайтын жазбаларды бөлісті. Институтта Телжан Шонанов география және әдістеме пәндерінен сабақ берген, ал Ахмет Байтұрсынұлы сызу пәнін оқытқан. «Қызылорда – қазақ зиялыларының ізі қалған қасиетті топырақ. Мұнда ұлттың рухани, саяси және мәдени тарихындағы ең маңызды шешімдер қабылданды. Архивтерде сақталған құжаттар, естеліктер мен әдеби шығармалар – барлығы да осы қаланың қазақ мемлекеттігін қалыптастырудағы ерекше орнын дәлелдейді», – деді ол.
Конференцияда Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын Сенат депутаты Руслан Рүстемов, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов жеткізді. Сондай-ақ Қазақстанның Еңбек Ері, академик Асқар Жұмаділдаев, мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Болатбек Қуандықов мерейтоймен құттықтады.
Басқосуда облыс әкімі Алаш арысы, ағартушы-ғалым, «Қызылорда» атауын ұсынған Қоңырқожа Қожықовтың немересі Сәуле Қожықоваға Сыр жұртшылығы атынан ата-баба дәстүріне сай шапан жапты.
Келелі жиында Қызылорданың қазақ тарихындағы маңызды рөлін айшықтайтын тың деректер мен тұжырымды ойлар айтылды. Оқылған баяндамалар арнайы жинақ болып басылды. Мерейлі жылға орай өңірдің кешегісі мен бүгінінен сыр шертетін деректі фильмдер түсірілді. Бұл жас ұрпаққа аға буынның жасампаз істерін үлгі-өнеге етіп, архивтің алтын қорын толықтыратыны сөзсіз.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
Суреттерді түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ





