Ұлт рухының сахнадағы шежіресі

5

0

Осыдан тура бір ғасыр бұрын, 1926 жылдың 13 қаңтарында  Қызылордада қазақ ұлттық театрының алғашқы қойылымы сахналанып, қазіргі М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының негізі қаланды.

Тарихи деректерге сүйенсек, кәсіби қазақ театрын ұйымдастыру мәселесі алғаш рет Орынборда өткен І Жалпықазақ съезінде көтерілген екен.  Ұлтымызға «Қазақ» атауы қайтырылған, Ақмешіттің аты Қызылорда болып өзгерген 1925 жылдың сәуіріндегі бесінші съезде «Халық ағартудың кезекті мәселелері жөнінде» арнайы қарар қабылданып, ұлт театрын құру мәселесі атап айтылды. «Қазақтың ұлттық театрын құру жеделдетілсін» деген шешім жеке тармақ болып жазылды. Алайда, оны орындау күзге дейін кешеуілдеді.

Тарихшы Б.Қойшыбаевтың қа­зақ ұлттық театрының алғашқы ұйым­дастырушысы және директоры Дінше Әділов туралы «Алғашқы директор» атты мақаласынан, қа­зақ би өнерінің негізін салушы Ша­ра Жиенқұлованың «Өмірім ме­нің – өнерім» атты кітабынан, «Ең­бекші қазақ» газетінде сол кезде жарияланған материалдардан осы­дан жүз жыл бұрынғы оқиғалар  лебі еседі.

Б.Қойшыбаевтың айтуынша, театр құру жұмысына Алаштың айбынды азаматтары кіріспегенде, бұл съездің шешімі де орындалмай қалуы мүмкін еді. Қаулының арнайы тармағын іске асыруға Дінше – Дін-мұхамед Әділов зор еңбек сіңірген.

Автор 1925 жылдың күзінде Қазақстанның бес жылдығы тойланып, Қызылорданың ме­рекелі орын­дарында өнер­паз­дар ән шыр­қа­ғанын айтады. Әйгілі палуан Қа­жымұқанның көшпелі цирк аренасында өнер көрсеткені сол кездегі атышулы оқиға болған екен. 

Мерекелік іс-шаралар аяқ­талған соң, 22 қазанда Ағарту халкоматында жазушылар мен мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен қа­зақ театры жайында кеңейтілген мәжіліс өткен. Мәжілісте баяндама жа­саған халком Смағұл Сәдуа­қас­ұлы ұлт театрын ашуда ат­қа­рылып жатқан жұмыстарға тоқталған.

Жоғарыда атап өткендей, Ша­ра Жиенқұлованың «Өмі­рім менің – өнерім» атты өмір­баян­дық кітабында да театр­дың құрыл­ған кезеңі туралы мәліметтер бар. Соның бір тұ­сын келтірейік, «Күн­дердің күнінде Құрманбек Қызыл­ор­дадан шығатын «Еңбекші қа­зақ» газетін оқып отырып құ­лап қа­латындай және бір жағ­дайға ке­зігеді. Газетте мынадай хабарлан­дыру басылыпты: «Қызылорда қа­ласында тұң­ғыш ұлт театры ашы­лады. Со­ған мүше болуға жер-жер­ден өнерпаздарды шақырады».

Басылымдағы хабарланды­руда Семей жағынан Әміре Қашаубаев және төкпе ақын Иса Байзақов, Қарқаралыдан күлдіргіш Қалибек Қуаныш­баев, Қостанайдан сауық­қой Елубай Өмірзақов әмбе Сер­ке Қожамқұлов, Алматы қала­сы­­нан Құрманбек Жандар­беков, та­ғы басқалар шақыры­латыны атап көр­сетілген.

Міне, қазақ театр өнерінің не­гізін салушылар осылайша алғашқы труппаға біріккен еді. Олардың есі­мі ұлт мәдениеті тарихынан өш­пестей орын ал­ды.

Сол кездегі «Еңбекші қазақ­тың» 1926 жылдың басындағы бірнеше нөмірінде «Ғинуардың 13-і күні кешкі сағат 6-да Мем­лекеттік Ұлт театрының ашылу мерекесі болады. Театр ар­тистері Кемеңгерұлының «Ал­тын сақинасын» ойнайды. Оның соңынан концерт. Демалыс уақыттарында оркестр ойнап тұра­ды. Театр директоры Дін­ше» деген хабарландыру басылыпты.

Газетте осылай жазылған­мен, ресми деректерде алғаш­қы қойылым деп Мұхтар Әуе­з­овтің «Еңлік-Кебегі» көр­се­тілген. Б.Қой­шы­баев ал­ғаш­қы қойылымға қа­тысты де­рек­тің бұрмалануын Дін­ше­нің де, Қошкенің де репрес­сияға ұшы­рауымен байланыстырады. 

«Еңбекші қазақтың» 1926 жыл­ғы нөмірлерінде ұлт теат­рының қызметі, арнайы ұйым­дастырылған бәйге, жекелеген спектакльдерді қою­шы режис­серлер, ойнайтын ар­­тис­тер, туындыларды сараптайтын комиссия құра­мы жайындағы мақалалар үз­бей жарияланған. Сондай жар­на­малардың бірінде бәй­геге түс­кен пьесаны талқы­лауға кө­­рермендердің де қатысуына мүм­кіндік берілгені жазылған.  «Жеті кі­сіден сыншы комиссия ойында болып, пьесаның артық-кем жерлерін бақылап отырады», делінген хабарда. Комиссия құрамында ағарту халкомы Смағұл Сәдуақасұлы, өлкелік партия комитеті үгіт-насихат бө­лі­мінің мең­ге­ру­ші­сі Ораз Жандосов, орыс теат­­рының режиссері Михаил Насонов, ақын-жазу­шылар Бе­­­йімбет Майлин, Молда­ғали Жол­­­дыбаев, Ахмет Байтұр­сын­ов, Жү­­сіпбек Аймауытов болған.

Қазақ зиялылары ұлттық театр­ды құрып қана қоймай, репертуар мәселесіне, драма­тургтерді ынта­лан­дыруға жете мән берген. Осындай қам­қор­лықтың арқасында екі жыл ішін­де режиссерлер де, ар­тис­­­тер де кәсіби жағы­нан толы­сып, іргелі өнер ұжы­мына ай­нал­ды. Бұл жайлы Ш.Жиен­құ­­лованың кітабында «Құрыл­ғанына екі жыл болған қазақ драма театры Қы­зыл­ордадан Ал­матыға гастрольге келді. Атақ-даңқына сырттай қа­нық ұлттық драма өнерінің тұң­ғыш қарлығаштары Қали­бек Қуа­нышбаев, Елубай Өмір­зақов, Серәлі Қо­­жам­­құлов, Әміре Қашау­баев, Иса Байзақов, Құрманбек Жан­дар­­бек­ов, Жұмат Шанин, тағы басқа­лары спек­такльдер қойып, озық өнеріне жұрт­шы­лық­ты тәнті етті» деп жа­зылған.

Қазақтың тұңғыш ұлттық театры бар болғаны төрт айға созылған бірінші маусымында спектакльдерді аптаның бей­сенбі, жексенбі күндері қо­йып отырған. Спектакльдер кон­церттік ойын-сауықтармен ас­тас­тырыла, соңынан ән-күй, әзіл-сықақ, тіпті, цирк нө­мір­лері орындалатын. Ешқан­дай кәсіби білім алмаған таланттар театр артистері болып қызмет атқарды, түрлі образдарды сом­дады. Аяғынан қаз тұрып келе жатқан ұлттық театр өне­рінің бастауында осындай ерен еңбек жатыр.

Театрдың іргетасы қалан­ған кезеңді сипаттайтын есте­лік­­­терден ұлт мәдениетін өр­кен­де­туге ұмтылған, ортақ іске бір­кі­сідей жұмылған зия­лы­лар­дың жан­ашыр­лығы, жан­кеш­­тілігін бай­қаймыз. Ұлты­мыз­дың ең алғаш­қы кәсіби теат­ры Қызыл­ордада құрыл­ға­нын мақтан тұтамыз.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»