Ұлт ұстазының бағыт-бағдары

91

0

Менің атам Шайхы Бейсембаев 1912 жылы Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылдық кеңесінде туған. Анасынан жастай жетім қалған ол Қызылорда астана болған кезде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлын кездесіпті. Бұл кездесу оның өміріне үлкен өзгеріс әкелген. 

Ұлы Отан соғысының 50 жылдығы қарсаңында «Сыр бойы» газетінде жарияланған мақалада атам бұл кездесуді былайша суреттейді:

«13 жасар кезім. Анасыз өс­тім.  Жасымнан ширақ болдым. Оқу жайлы сөз айтылса елеңдеп жүремін, бар арманым оқу, білім алу болды. Әке­ме салмақ салмай, жаңа өмір­дің ағымына ілесуді жөн көрдім. Сөйтіп жүргенде қия­лым шын­дыққа айналды. Ауыл­да­ғы өзімнен 4-5 жас үлкен ба­лалармен араласып, оқу туралы солардан біліп жүрдім. Жанымда өзім секілді арман қуған ауылдастарым бар, 1925 жылы Қызылордаға Ахмет Бай­тұрсынұлын іздеп келдік. Ол кісі бізді жылы қарсы алып, жеке-жеке сөйлесті. Бидай өң­ді, қою қара қасты, бойшаң, ажар­лы, мейірімді адам екен.

Бізді кабинетіне шақырып алып, өзіміз туралы сұрап білді. Ол кезде Қазақ Халық ағарту институтында оқытушы болып қызмет атқарып жүр екен. Менімен жеке сөйлесіп, жетімдіктің азабын, тағдыр тауқыметін көргенімді, оқу­ға деген құлшынысымды тың­дап алды. Маңдайымнан сипап, қалтасынан 10 сом ақша шы­ғарып ұсынды да, Таш­кент­тегі ба­лалар үйіне жіберуге тап­сыр­ма берді. Осылайша ба­ғым ашылып, оқу-білім жолына түс­тім», – дейді атам өз есте­лігінде.

Балалар үйінен кейін ол Ташкенттегі политехникалық техникумға, 1934 жылы Те­міржол транспорты инженер­лері институтына түсіп, 1939 жылы үздік бағамен біті­ріп шығады. Еңбек жолын Түр­кістанда бастайды. Түр­кіс­тан теміржолына қарасты Қызыл­орда бөлімшесінің 5-ПЧ бас­тығының орынбасары лауазымына дейін өсті. 

Атам – ұлттың қамын ойлаған ұлы ағар­ту­шы, қазақ тіл білімінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлының ба­та­сымен бағыт-бағдар көрсе­туімен білім алып, елі­не адал қызмет еткен қай­раткер. Мен осындай тағ­дыр­лы адамның ұрпағы болға­ным­ды мақтан етемін. 

Ер басына күн туып, еті­гімен қан кешкен, ат басына күн туып, ауыздығымен су іш­кен қиын-қыстау кезеңде 1941 жылы 12 шілде күні атам өз қатарластарымен майданға аттанған. Алдымен 4 ай оқып, лейтенант шенімен Ленинград майданына жіберіледі. Қала 1941 жылдың қыркүйек айынан 1943 жылдың 18 қаң­тарына дейін жау қорша­уында болғаны мәлім.   

Атам өзі айтқандай, Ленинград қоршауынан шыққан соң да алдыңғы шепте жаумен шайқасып, талай қантөгісті бастан өткерді. Соғыс кезінде  4 рет ауыр жараланыпты. Госпитальдан кейін қайта сапқа оралып отырады. Майдангер Жеңісті Варшавада қарсы ал­ған. Онан соң 1945 жылдың та­мызында Хайлар, Ананси, Цицкар секілді бірнеше қала­ны азат етуге қатысқан. Елге оралған соң бейбіт еңбектің алдыңғы сапында жүріп, абыроймен зейнетке шықты.

Теміржол саласында білік­ті маман атанып, саланың өр­кендеуіне үлкен үлес қосты. Істеген әрбір ісі балаларына өнеге болды. Кезінде баспасөз бетінде атам туралы бірнеше рет мақала жарияланды. Марапаттары да жетерлік.

Шайхы Бейсембаев майданда көрсеткен ерлігі үшін екі мәрте «Қызыл жұлдыз», І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен,  «Ленинградты қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», т.б медальдармен мара­пат­талған. Бейбіт заманда «Құр­метті теміржолшы» бел­гісінің иегері атанды, еңбек ардагері болды.

Атам әрдайым отбасы мен ұрпағын бәрінен биік қой­ған жан еді. Әжем Рухан екеуі тату-тәтті ғұмыр кешіп, өне­гелі ұрпақ тәрбиелеп өсірді. 1997 жылы 85 жасында дүние­ден озды. Үш ұл мен төрт қыз­дан тараған 8 немере, 17 шө­бересі бар. Бүгінде олар әр салада қызмет етіп жүр.

Шайхы атамның бейне­сі менің жүрегімде еңбекқор­лық­тың, адалдықтың, отансүй­гіштіктің символы болып сақ­талып қалды.

Қанат БЕЙСЕНБАЕВ