Жарасымды отбасы мен ізгі дәстүрлерді ұстанған әулет қашанда көпке үлгі болуы тиіс. Іргесіне ырыс қонған әулеттерді дәріптеу парыз. Кейінгі жылдары елімізде отбасы құндылықтарын мемлекеттік деңгейде жандандырып, үлгілі отбасыларды насихаттау жұмысы қолға алынды. 2014 жылдан бері бастау алған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы бүгінде халық арасында кеңінен танылып, республикалық шараға айналды.
«Мерейлі отбасы» байқауына осы уақытқа дейін 3000-ға жуық отбасы қатысса, биылдың өзінде аудандық, қалалық кезеңдеріне 231 отбасы қатысуға құжат тапсырған. Ниет білдірген отбасылардың белсенділігі жөнінде өңір республика бойынша алдыңғы қатарға тұрақтады.
Сынға түскен екі жүзден астам отбасының арасынан 16 әулет облыстық комиссия шешімімен үздік деп танылды. «Достық үйінде» өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысып, байқау жеңімпаздарын құттықтады. Сондай-ақ республикалық кезеңге жолдама алған отбасыларды марапаттады.
– Отбасы – ұрпақтар сабақтастығы мен адам бойындағы рухани адамгершіліктің бастауы. Берік отбасылық дәстүрі орныққан ел ғана мызғымас мемлекет бола алады. Елдің бірлігі мен ынтымағы ең алдымен отбасыдан бастау алады. Әке – шаңырақ иесі, ана – отбасының жүрегі, бала – ертеңгі болашағымыз. Осы үштаған бірлікте болса, мемлекетіміз қуатты, қоғамымыз тұрақты болады. Ұлт қайраткері Мағжан Жұмабаевтың «Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі, талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн» деген тағылымды сөзі бар. Сіздер өнегелі ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Барлығыңыз да шынайы құрмет пен мәртебелі мадаққа лайықтысыздар.
Өңірлік комиссияның шешімімен республикалық конкурсқа Жақсылық Әбсадықовтың отбасы қатысады. Бүгінгі мерейлі күнде шаңырағында ізгі қарым-қатынас, игі дәстүрлер сақталып, өзара сыйластық салтанат құрған барлық отбасыға ризашылығымызды білдіреміз. Салтанатты сәтте әрбір отбасына жарасым, шаттық, амандық пен бақ-береке тілеймін! Ата жолын жалғастырар мерейлі ұрпақ көбейе бергей, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Байқау қорытындысы бойынша «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы облыстық кезеңінің жеңімпазы болып Әбсадықовтар отбасы (Сырдария ауданы) танылып, бас жүлде иеленді. Бұл әулеттен 6 баладан 29 немере, 47 шөбере өсіп-өнген. Жақсылық Әбсадықов ауылдың абыройлы ақсақалы, еңбек жолын күріш өсіруге, механизатор болуға арнаған.
Жүлделі І орын Арал ауданынан Жақыповтар отбасына бұйырды. 5 бала, 13 немере тәрбиелеп отырған Жұмабай Жақып журналистика саласында еселі еңбек етіп, қазіргі таңда Арал аудандық З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестіктің және «Арал әлемі» газетінің редакторы қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Бүгінде балалары әртүрлі салада абыройлы қызмет етуде.
Қармақшы ауданынан Әбілтаевтар отбасы ІІ орын иегері атанды. 5 бала, 4 немересі бар үлгілі отбасының отағасы Зауыт Созақбаев «Құмкөл» мұнай-газ кен орнында жұмыс атқарады, отанасы Майра Жақанова Алдашбай ахун ауылындағы №111 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Ал Қызылорда қаласынан Арысбаевтар отбасы үшінші орынмен марапатталды. Тамырын тереңге жайған отбасында 5 бала, 22 немере, 22 шөбере бар. Мыңжасар Арысбаев – еңбек жолын механика саласына арнап, Қызылорда қаласындағы бірнеше ірі кәсіпорында қарапайым жұмысшыдан бастап, механик лауазымына дейін өскен еңбеккер азамат. Айшолпан Жиеншораева есеп-қисап маманы болып еңбек етіп, зейнетке шыққан.
Мұнан бөлек, «Мәуелі отбасы» номинациясымен Исабековтер (Жаңақорған ауданы), «Жігерлі отбасы» номинациясымен Құмарбаевтар (Қазалы ауданы), «Еңбекқор отбасы» номинациясымен Қайруллаевтар (Қармақшы ауданы), «Бәйтерек отбасы» номинациясымен Тәтенбаевтар (Жаңақорған ауданы), «Кемел отбасы» номинациясымен Мәліковтер (Шиелі ауданы), «Үлгілі отбасы» номинациясымен Жансейтовтер (Сырдария ауданы), «Өнегелі отбасы» номинациясымен Ізімовтер (Арал ауданы), «Берекелі отбасы» номинациясымен Балтөреевтер (Қазалы ауданы), «Ұлағатты отбасы» номинациясымен Көшекбаевтар (Жалағаш ауданы), «Өнерлі отбасы» номинациясымен Іздіқұловтар (Қызылорда қаласы), «Ынтымақты отбасы» номинациясымен Еркінбаевтар (Жалағаш ауданы), «Шуақты отбасы» номинациясымен Жәлтеновтер (Шиелі ауданы) марапатталды.
Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар және сертификаттар табысталды. Шара соңы концертке ұласты.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»






