Ұлттық мүдде, елдік мұрат жолында

267

0

Фото: Ә.Тәжібаев кітапханасы

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкірдің 85 жасқа толуына орай «Алаш арыстарын ардақтаушы» атты әдеби кеш өтті.

Әбдіжәлел Бәкір 1940 жылы 23 қаңтарда Сырдария ау­да­нының «Айдарлы» ауылында дүниеге келді. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, Қызылорда қалалық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметінде жалғастырды. Одан соң Мәскеуде БЛЖКО Орталық комитеті жанындағы Жоғары комсомол мектебін бітірді. Қызылорда қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, облыстық комсомол комитетінің хатшысы болып қызмет атқарды. 1991 жылы Қызылорда облыстық телерадио хабарларын тарату компаниясының төрағасы болып тағайындалды. 1995 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланып, Мәжіліс мінберінде сайлаушыларына ортақ мәселелерді көтерді. Кейін Қазақ гуманитарлық заң университетінде ұстаздық қызмет атқарды.

Әдеби кеш барысында көрнекті ғалым балалық шағы, ғылым жолына түсуі және ұлт көсемі Мұстафа Шоқай мұрасын жаңғырту әрі насихаттаудағы еңбегі туралы айтып берді.

– Мен 43 жасымда кандидаттық, 66 жасымда докторлық диссертация қорғадым. 71 жа­сымда ғана профессор атағын алдым. Шын мәнінде, менің ғылыммен айналысатын уақытым болған жоқ. Тек 2016 жылдан бері Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Мұстафа Шоқай ғылыми орталығына жетекшілік етіп келемін. Шын мәнінде, өзімді кәсіби тұрғыда ғалым деп есеп­темеймін, – деді ол.

Әбдіжәлел Бәкір «Ел сенімі», «Ана тілім – абыройым менің», «Депутат әлемі» атты кітаптардың, «Алаш қозғалысы саяси топ басшыларының әлеуметтік көзқарастары» атты оқу құралының, «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кәсіби Парламентінің қалыптасуы: саясаттанулық талдау», «ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақ­стан­дағы саяси әлеуметтік ойлар» атты монографиялар мен көптеген ғылыми мақала авторы.

Әдеби кеште алаштанушының замандастары оның ұлттық мүдде, елдік мұрат жолындағы ерен еңбегін тілге тиек етті. Сонымен қатар жиналған жұрт­шылық «Елінің ұлы, жерінің перзенті» атты кітап көрмесін тамашалады.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<