Ұлы ұлттың ұлдары

1446

0

Еліміз егемендік алып, саяси тәуелсіздігін жариялағаннан кейін мемлекетіміздің әл-ауқаты, экономикалық жағдайы едәуір өзгеріске ұшырады. Тәуелсiздiктен кейiн біз ұлтымызды жаңа қырынан тани бастадық. Әуесқой әлемнің де қызығушылығы артуда. «Бiз әлемге өзімізді қай қырымызбен танытуға тиіспіз?» деген сұрақты қоятын кез әлдеқашан жеткен. Ал ол сұрақтың болса, бір ғана жауабы бар: Біз ұлттық құндылықтарымызды паш ету мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Сол мүмкіндікті қолдана отырып, қазақтың төл мәдениеті мен ғылымын, руханиятын жаңа белеске көтеру қажет.

Осы тұрғыда ұлттық қоғамдық сананың негізінде қалыптасқан, дәстүрмен қабаттасып тарихи-философиялық ой-пікірдің саяси әлеуметтік мәнін терең ашып, мазмұнын ерекше зейінмен зерделеу жас мемлекетіміздің дамуы үшін аса бағалы екеніне дау жоқ. Халықтың саяси-әлеуметтік болмысын толық игермеу, төл мемлекетіміздің қазіргі жағдайына орай бағаламау мемлекет пен мемлекеттің азаматы үшін де ең қате түсінік, халық болашағының дамуында жүргізіліп отырған реформаларға пәрменділік пен қуат берер арналарды тануда кешірілмес ағаттық болар.

Қазіргі Қазақстан құқықтық мемлекет құруда тарихи дәуірді бастан кешірді және азаматтық қоғам құрылып, дамуына алғышарттар жасалды. Ұлттық мемлекет идеясының түп-тамыры ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында, зиялы қауым өкілдері санатына жататын ұлт азаматтарының пікірлері мен ой-толғамдарында жатыр десек қателеспегендік болар. Әлемдегі саяси жағдайдың ушығуы, түрлі аймақтардағы қақтығыстың өршуі, босқын мигранттардың саны артуы, еуро ықпалдасудың болашағына күмәнмен қарайтын ұлтшыл еуроскептиктердің саны артуы, шовинистік пиғылдағы кейбір шетелдік саясаткерлердің қоғамдық пікірді дүрліктіруі, неонацистік қозғалыстардың белең алуы, әлем картасында этникааралық жанжалдардан туындайтын «ыстық нүктелердің» көбеюі ұлтшылдық мәселесінің қазіргі саяси өмірдегі өзекті тақырыптардың бірі болып отырғанын көрсетеді.

Солай бола тұра кеңестік тоталитарлық кезеңде қалыптасқан қасаң стереотип бойынша ұлтшылдық жағымсыз ұғымға айналып, «ауру қалса да, әдет қалмайтынның» керімен ұлтшылдық десе аза бойы қаза тұратындар әлі күнге жетіп артылады. «Біртұтас совет халқын» жасау эксперименті үшін, әрине, ұлтшылдық теріс әрі қауіпті ұғым саналды. «Ұлтшыл» деген жала жабылып, қаншама қазақ зиялысы репрессия кезінде саяси қуғын-сүргінге ұшырады, ұлтжандылығы үшін жазаланып, қаншасы атылды. Бұған қоса, национал-социалистік идеологияға сүйенген А.Гитлердің нацистік Үшінші рейхі неміс фашизмін туындатып, екінші дүниежүзілік соғысқа себепкер болды. Осындай тарихи жағдайлар ұлтшылдық ұғымына деген жағымсыз көзқарастың туындауына ықпал етті. Ал, түптеп келгенде, ұлтшыл деген ұғымды құбыжық етуге ықпал еткен мәселе «национализм» мен «нацизм» деген ұғымдардың ара-жігі ашылмастан, қазақшаға «ұлтшылдық» деп аударма жасалып, қоғамдық санада шатасудың орын алуы еді.

«Национализм» – ұлттық мемлекетті қалыптастырушы әрі нығайтушы болып табылатын мемлекет құрушы төл ұлттың (неміс – Германия, француз – Франция, қазақ – Қазақстан т.с.с.) рөлін басты құндылық ретінде танитын дүниетаным, ұлтжандылық сезімі, өз ұлтыңды сүю, ұлтшыл болу. Ұлтшылдық толерантты: өз ұлтыңды сүйе отырып, өзге ұлт өкілдерінің ұлтшылдығына түсіністікпен қарауды талап етеді.

Ал, «нацизм» – «национал-социализм» деген идеология атауының қысқартылып алынған нұсқасы, бұл – шовинизмді («ұлы» ұлттың астамшылығын насихаттап, «бұратана» ұлттарды қанау, шеттетіп, түртпектеу құқығын негіздеу), расизм (нәсілдік дискриминация) мен антисемитизмді (семиттік тіл тобына жататын еврейлерге жау ретінде қарау), ксенофобияны (грекше ксенос – бөтен, шетелдік, фобия – қорқыныш) социализмнің бойына сіңіріп, бір ұлттың ариялық этникалық артықшылығына сүйене отырып, «әлеуметтік әділеттілік» орнатуды аңсайтын әсіреұлтшыл-социалистік қоғамдық құрылыстың тоталитарлық идеологиясы.

Бұрмаланған ұлтшылдықтың құбыжық формасы ретінде национал-социализм идеологиясы бүкіл әлемге қайғы-қасірет әкеліп, адамзатқа қарсы ауыр қылмыстардың жасалуына негіз болды. Сондықтан да «нацизмді» қазақша нақтылап, «әсіреұлтшыл-социализм» деп атын атап, түсін түстеп айтқан жөн. Сол кезде ғана оның нағыз ұлтжанды ұлтшылдықтан айырмашылығын түсінуге болады.

Ұлтжандылық әрбір ұлт үшін қажет, ұлтжанды ұлтшыл болу арқылы ғана ұлттың тілін, салт-дәстүрін, ерекшеліктері мен ұлттық мемлекетін сақтап, дамытуға болады. Таза национализм, яғни, өз ұлтыңды сүюді білдіретін ұлтшылдық ұғымы жағымды құбылыс, ол – ұлттық мемлекет құру үшін аса қажетті рухани құндылық.

Ұлтшылдық – өз ұлтыңа деген сүйіспеншілік, шыққан тегіңе деген ыстық сезім, яғни, ұлтшылдық дегеніміз – ұлтжанды болу, өзіңнің ұлттық ерекшеліктеріңе мақтанышпен қарау, салт-дәстүрлеріңді сақтап, ана тілде сөйлеу, қысқасы, өз ұлтыңа тән барлық белгілер мен ұстанымдарға қатысты асқақ та позитивке толы сезім.

Ұлтшылдықтың ауқымы кең, ол саяси, қоғамдық немесе мәдени сипаттағы идея немесе қозғалыс емес, ұлтшылдық ұлттық өмірдің барлық саласын қамтиды. Ол саяси, әлеуметтік-экономикалық даму үлгілерінен тәуелсіз өмір сүруге қабілетті. Саяси режимдер ауыса береді, экономика да сан алуан жолдармен дамиды, ал ұлт өзінің ерекшеліктерін сақтап, қоғамдық өзгерістерге бейімделе отырып өмір сүруін жалғастырады. Осылайша, ұрпақ алмасу, мәдени мұраны үзбей, ұлттық болмысты жоғалтпай болашаққа қадам басу жүзеге асады. Ал, ұлттық сана-сезімін, болмыс-бітімін жоғалтқан ұлт жер бетінен жойылады.

Ұлтшылдық  мәселесінде ерекше мән беретін маңызды ерекшелік – ол тек бір ұлтты мақтап, асыра сілтеуді ғана білдірмейді. Ұлтшылдықта сынға да орын бар: ұлттың бойындағы кемшіліктерді сынап көрсетіп, олардан арылудың жолдарын іздеп, қайғырып-қамықпаған ұлтшыл ойшыл жоқ шығар. Абай атамыздың қара сөздеріндегі қазақтың бойындағы кемшіліктердің айтылуы осыдан. Алаштың ұлтжанды қайраткерлері де «Айқап», «Маса», «Қазақ» басылымдары арқылы өз ұлтының кем-кетігін айтып, жоғын жоқтады. Бұл тұрғыдан алғанда, ұлтшылдық – ұлттың өзін-өзі сақтау инстинкті іспетті аса қажетті қасиет.

Ресей ойшылдары да орыстың олқылықтарын ашына көрсетіп, қаншама сыни шығармаларын жазды. Әлемдегі басқа ұлттардың ойшылдары да солай, өз ұлтын сүйгендіктен, жақсы қасиеттерін асқақтатып мақтаса, жаман қылықтарына ұялады, жаны ашығандықтан кемшіліктерін сынап, ұлтының мықты болуын армандайды. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп, нағыз ұлтшылдар жақсы мен жаманды қатар көре біледі. Ұлтшылдықтың бір сипаты осындай. Ұлдары ұлтшыл келетін, сол ұлтшыл ұлдарын ұлықтай білетін ұлт та ұлы болмақ. Ал, керісінше, ұлтын сүйетін ұлтшыл ұлдарын ұрыдай көріп, қуыстанған ұлт түбі ұтылады.

Елдің өркендеуі мен дамуын үнемі және біржақты насихаттай беру де ұлтшылдықтың халықты ұйыстырудағы қызметіне кері әсерін тигізеді. Бірақ бұл бас салып Үкіметті, еліміздің саясатын сынауда ғана емес, оны осы мәселеге өзім қандай үлес қосып жүрмін деген сауал төңірегінен де іздеу керек. Қиыншылықтардың бар екендігін және оның себептерін анықтап, зиянкестікті жоюдың жолдарын көрсету, оған әрқайсымыздың саяси сілкінісіміздің, рухани жаңаруымыздың, ұлтжандылығымыздың қажет екендігін түсіндіру арқылы оны жандандыруға болады. Бұл көп жағдайда халықты, ұлтты қиыншылықты жеңуге жұмылдыруда тиімді қызмет атқаратынын ұмытпауымыз керек.

Ұлтшылдықтың дамуы түрлі кезеңдерден өткен, оның небір теориялары мен жіктемелері бар. Қысқа қайырсақ, ұлтшылдық ерте кезеңде басты құндылық ретінде ұлтты қанға, яғни, шығу тегіне қарай анықтауға негізделді. Бұл – ұлтты анықтаудың немістік үлгісі. Әрине, генетика ғылымы тұқым қуалау заңының ақиқатын ашып берді, дегенмен, ұлт мәселесіне келгенде геноқорды бұзатын қайшылықты құбылыстардың орын алатынын өмір көрсетіп отыр. Алысқа бармай-ақ, кейбір ата-анасы қазақ балалардың өз ана тілін білмей, дүбәра күйге түсіп, аты-жөні мен бет-әлпеті қазақ болғанымен, орыстануы бұған анық дәлел. Халық арасында ондайлар «шалақазақ» деп аталатыны да бәрімізге белгілі. Бұл – кеңестік кезеңдегі «достық лабораториясында» орыстанып кеткен корей, саха, бурят сияқты бірқатар ұлттарға да тән қиын мәселе. АҚШ, Канада, Еуропа елдеріне қоныс аударған кейбір мигранттардың ұрпақтары да осындай күйге душар болған. Бұдан кез келген ұлттың тектік қорының, ұлттық ерекшеліктерінің бұзылуына ықпал етуші факторлардың көп екенін байқауымызға болады. Жаңа туған нәрестенің азамат болып қалыптасуында ұлттық тәлім-тәрбиенің маңызы аса зор. Жас бала бейнебір бос ыдыс секілді, ал, бос ыдысты неше түрлі сұйық немесе қою заттармен толтыруға болады, яғни, бала өзінің жастайынан алған тәрбиесі мен біліміне, өскен ортасына қарай қалыптасады.

Ұлтымыздың болашағы зор, бәсекеге қабілетті әрі сапалы болуы үшін әрқайсымыз бала тәрбиесіне ерекше мән беруіміз қажет. Бұл міндет жүзеге асуы үшін ата-аналардың ұлттық намысы берік, ата-баба аманатына адал, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді қастерлей білуі тиіс. Ең бастысы – әр қазақтың өз ұлтына, тіліне, діліне, елі мен жеріне деген мақтанышы мен сенімі мол болуы қажет. Ондай мақтаныш сезімі қай кезде болады? Әрине, еліміз сөз жүзінде емес, нағыз іс жүзінде дамып, халықтың әл-ауқаты артып, өмір сапасы жақсарып, білім-ғылым мен мәдениет көркейіп, заң алдында бәрі тең болатындай құқықты және қауіпсіз қоғам орнаса, Қазақ елі үшін бәріміз мақтанып, халқымыз өз Отаны үшін жанын қиюға даяр болары сөзсіз.

Бұл біз ашқан жаңалық емес. Ұлттық мемлекетті нығайту үшін, ең алдымен, мемлекет құрушы ұлттың саны мен сапасын жақсарту қажет деген қағида баяғыдан бар. Дамыған елдер бұл қағидаға имандай сенеді және оны шынайы жүзеге асырып та жатыр. Ал біздегі жағдай қалай? Қазақстандағы мемлекет құрушы төл ұлт – қазақ ұлтының саны мен сапасын жақсарту үшін бізге әлі де көп еңбектенуіміз қажет. Қазақтар көп қоныстанған ауыл-аймақтарды дамыту, ауыл шаруашылығын көтеру, жастарды баспанамен қамту, ауылдық жерлердегі өмір сапасын жақсарту, шетелдегі қазақтарды жинау, т.б.

Қазақ ұлты мықты болмай, Қазақ елі мықты болмасы анық. Бұл өзара тәуелді мәселе, бір жағынан қазақ ұлты бәсекеге қабілетті болу үшін барынша тырысып, ғылым-білімді, кәсіпті, бизнесті барынша меңгеруге ұмтылуы шарт. Екінші жағынан, билік тарапынан  барынша  жағдай жасалуы тиіс. Ұлттың атқаратын миссиясы ауыр, жауапкершілігі зор. Сондықтан да көп мәселеге тереңінен мән берілуі қажет.

Ұлтшылдық теориясының дамуы барысында ұлтты мемлекеттің азаматы болуымен анықтау да орын алды. Бұл саяси ғылымда француздық модель деп те аталады. Мұндай үлгі бойынша қандай ұлттың өкілі болмасын, қолында Франция азаматы екенін растайтын төлқұжаты бар болса, ол – француз. Францияға бақыт іздеп келген қаншама араб, африкалық, азиялық мигранттар азаматтық алып, еуропалық өмірден орнын тауып, бағы жанып жатса, өздерін французбыз деп мақтанышпен айтады. Бұл модельдерден көріп отырғанымыздай, азаматтық – тек саяси, яки, мемлекеттік сипаттағы, ал, ұлт – саяси әрі халықтық сипаттағы ұғым. Ұлт ұғымының ауқымы да кең, мән-мағынасы да терең.

Қазіргі заманғы ғаламдану процесі ұлтты айқындау мәселесіне де, ұлтшылдық сезіміне де айтарлықтай ықпал етіп отыр. «Әлем азаматы» деген космополиттік өзін-өзі айқындау түрі пайда болып, кейбір елдерде ұлттық ерекшеліктер, азаматтық өзін-өзі айқындау екінші кезекке қалып барады. Трансұлттық компаниялар ғаламдық деңгейде пайда табуды көздейді, бір мемлекеттің ауқымы олар үшін тар. Олар – ғаламданудың басты қозғаушы күштері. Бұл аздай, нарықтық қатынастар адамдарды тұтынушылық психологияға негізделген эгоизмге ұрындырып, әлеуметтік жіктелудің жаңа түрлерін туындатуда. Мұның барлығы, айналып келгенде, ұлттық құндылықтардың девальвацияға ұшырауына өзіндік үлестерін қосуда.

Біздіңше, шынайы ұлтшылдар да, патриоттар да негізінен орта таптан шығады. Тұрғылықты халықтың бай-кедей болып жіктелуі – қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіруші басты факторлардың бірі. Орта тап саяси тұрғыда әлеуметтік амортизатор қызметін атқаратынын ескерсек, мұндай жұмсартушы-тұрақтандырушы факторсыз антогонистік сипаттағы бай-кедей қайшылығы таптық күреске ұласып, саяси жанжалға немесе дағдарысқа ұрындыруы ғажап емес. Ал республикамызда нағыз орта тапты қалыптастырып, одан әрі дамыту үшін өндірісті жолға қою, ауыл шаруашылығын жандандыру, еркін сауданы қалпына келтіру, салықтарды төмендету, несиенің сыйақылық пайыздық мөлшерін өркениетті елдердің деңгейіне жақындату, жалақы мен зейнетақы сияқты төлемдерді көтеру,  бюрократиялық кедергілер мен сыбайлас жемқорлықты барынша азайту, орта және шағын бизнеске қолдау көрсету, кедейшілікпен және жұмыссыздықпен күрес, нарықтық қатынастарға сәйкес мамандарды қайта даярлау сияқты бірқатар аса маңызды міндеттерді шешу керек. Бұлар – ұлтшыл азамат пен мемлекеттің арасындағы кері байланысты жүзеге асырудың әдіс-тәсілдері, қысқаша айтсақ, қазақы ұлтшылдық пен отаншылдықты нығайтатын әлеуметтік-экономикалық факторлар.

Рухани факторларға келсек, ең алдымен, қазақ ұлты халықты ұйыстырушы ядро қызметін атқарғанымен, қазақ тілі мұндай миссияны атқаруда кенжелеп қалғаны жасырын емес. Президентіміз де идеялық бірігудің сындарлы жұмысы арнасында қоғамда жоғары тіл мәдениетінің орнығуы тиіс екенін атап көрсетеді. Оған мемлекеттік тілді оқшаулау, оны басқаларға қарсы қою тұрғысынан емес, керісінше, оның біріктіруші рөлі тұрғысынан қарау керек. Қазақ тілі  мәдениеттің  бір бөлігі ретінде, барлық қазақстандықтарды біріктірудің қосымша факторы болуға тиіс. Ол шын мәнісінде барлық ұлттар мен ұлыстарға қазақ халқының мәдениетін, дәстүрін, әдет-ғұрпын, тұрмыс-тіршілігін танып-білудің негізі екені даусыз. Ұлтшылдықтың негізі – мемлекеттік тіл, сондықтан Қазақстанды мекен еткен әрбір азамат мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс. Әлемде біз сияқты көпэтносты мемлекеттер жеткілікті екені рас. Бірақ көптеген елдерде мемлекеттік тілді білмесең, азаматтық ала алмайсың, жақсы жұмыс жоқ, өмір сүруің қиын. Сол елдің тілін білу деңгейін тексеретін арнайы емтихан тапсырып, тиісті сертификат алып дәлелдеуің керек. Сөйте тұра, ондай мемлекеттерді ешкім де «ұлтшыл» деп кінәлап, айып тағып жатқан жоқ.

Жалпы, ұлтшылдық мәселесі бойынша жасаған тұжырымдарымыздың түйіні төмендегідей болмақ:

1. Қазақы ұлтшылдыққа тәрбиелеуде тарихымызды, рухани-мәдени мұраларымызды жаңғырта отырып, дәстүр мен жаңашылдықты өзара бейімдеп, қатар өрбіткеніміз жөн. Алайда, ұлтшылдық сияқты аса нәзік мәселеде ешқашан сыңаржақтылыққа, асырасілтеушілік пен еліктегіштікке бой алдырмауымыз қажет. Ұлтжандылыққа тәрбиелеу іс-шаралары өмірлік шынайылықпен сабақтасуы қажет.

2. Ұлтшылдық ұғымының мәні терең, атқаратын қызмет ауқымы да анағұрлым кең. Сонымен қатар, ұлтшылдық сезімі жасампаздық сипатта ғана болмайтынын ескеруіміз қажет. Радикалды, нацистік, экстремистік, террористік, т.б. саяси күштер патриоттық ұрандарды жамылып, халықтың арасына іріткі салуы да ықтимал. Нағыз ұлтшылдық сана-сезімді  қалыптастыру жалпыадамзаттық құндылықтарға қайшы келмейтін ұлттық тәрбие арқылы жүзеге асады.

3. Қазақстандық патриотизмнің де, қазақы ұлтшылдықтың да тілі – мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі. Сондықтан ел азаматтарына мемлекеттік тілді меңгеруді міндет етіп қоятын кез келді. Әлемдік тәжірибеде көптеген мемлекеттер азаматтық берер алдында үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін тексеріп, емтихан өткізетіні белгілі. Міндет қойылмайынша, талап етілмейінше заң орындалмайтыны сияқты, мемлекеттік тіл де көркеймейді. Қызмет пен шен керек пе – мемлекеттік тілді біл. Міндет пен талап қою – күштеу немесе мәжбүрлеу емес. Біз конституциялық тұрғыда құқықты мемлекет болғандықтан, қазақ тілін оқып-үйрену күштеу арқылы емес, талап қою жолымен, саналы түрде, халықтың бәріне ортақ қажеттілік ретінде, жас ұрпаққа бала кезінен үйретіліп, ұйымдық және әдістемелік жағынан қамтамасыз етілуі керек. Сонымен қатар ұлттық мүдделер мен отансүйгіштік мәселелер тысқары қалмау керек. Ал қазақ халқының отансүйгіштігі  (патриотизмі), бұл ата- бабаларымыздың аманат еткен жерін қорғау, туған жерді сүю ұлттық болмыстан бойға дарыған, ой-сананы жетілдіретін құбылысқа айналып отыр. Елжандылық, отансүйгіштік қасиетті сақтай білу жəне ел, халық, ұлт, мемлекет мүддесі үшін қызмет етіп, оның дамуына үлес қосу – əрбір иісі қазақтың, Қазақстан азаматтарының басты парызы.

Пірімбек СҮЛЕЙМЕНОВ,

саяси ғылымдар кандидаты, доцент.

Сейілбек МҰСАТАЕВ,

саяси ғылымдар докторы.Әл Фараби атындағы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<