Ұрпағына ұстын болар болмысы

285

0

Фото: Автордан

Қарапайым тіршілігінде адами биіктігімен, адал ісімен танылып, ел сүйіспеншілігін еншілеген жандар көп. Жаңақорғандық Аманбек әке де халық игілігі үшін қалпалсыз қызмет атқарып, ел-жұртының жадында қалды.

Аманбек әке Кіші Жүз Әлім Сейітқұл қызы Бибіханмен бас қосқан. Қазалылық Сейітқұл әке Отан соғысына аттанып, елге оралмаған боздақ еді. Қиын­шы­лық пен жоқшылық өмір­ді басынан кешкен Бибіхан он бір баланың анасы болып, ерін қадірлеп, әулетінің Бибі­па­­тымасына айналды. Сол пер­зенттердің ішіндегі ұлдың үлкені, 1955 жылдың 5 ақпа­нын­да дүниеге келген Аманжол аға жө­нінде сөз айтпақпыз.

Ол орта мектепті жақсы аяқ­тап, 1978 жылы Жамбыл гид­ро­мелиоративтік-құрылыс инсти­ту­тынан инженер-механик ма­­мандығын алған.

Аудан көлеміндегі бірне­ше мекеме, шаруашылық ұжымда­рында қызмет етіп, еңбек жолында да, ел іші, ағайын арасында да ізгіліктің адаспас ізін қалдырған жан.

Адам болмысы кеніндегі құн­дылықтың бала күннен бойға даритындығы анық. Оған алдымен атадан келетін қасиет, сосын отбасы тәрбиесі, одан жақсы ортасы әсер етеді.  

Аманжол ағаның бала күнгі достарының бірі Әбубәкір Әб­жап­паровтың әңгімесі біздің осы ойымызды бекіте түсті.

***

…Біз сонау жетпісінші жыл­дары сегізжылдықты ауылдан аяқ­таған балалар Жаңақорған­дағы №51 мектеп-интернатына ау­данның түкпір-түкпірінен ағы­лып келдік.

Әр жердің баласы болсақ та тез тіл табысып, нағыз жол­дас-жораға айналдық. Сондай тіл­тапқыш, ақпейіл, ұйымдас­ты­рушылық қабілеті күшті жар­қын достың бірегейі Аманжол еді. Өзі нағыз спортшы. Аудан­дық, облыстық турнирлер­ден жүлде алып, мектептің мақтаны­шына айналды. Аудандық спар­такиададағы футбол жарысында «үздік қақпашы» атанғаны да бар. Киноға да көп баратын, көргендерін тамсана айтқанда солардың кейіпкерлері қайта тірілгендей әсер беретін. Кітап оқуға келгенде де алдына жан салмайды. Ал жазуы ақ па­рақ­қа маржандай тізіледі. Адам­ның мінезі жазуынан да көрі­неді дейді, графология дейтін ғы­лым саласы. Дұрыс айтады, Аман­жолдың мінезі өте жайлы, досқа адал, уәдеге берік, еш­теңеден тай­салмас нағыз қайсар жігіт болды.

Жамбыл қаласында, институтта оқып жүріп ауылға студент достарын ертіп келетін. Ол осылай біздің қарым-қатынасымызға да жаңа кеңістік ашты. 

Аманжол мен Мәрия отау құрғанда дүрілдетіп тойлаған достың бәрінің жадында жарқын естеліктер қалған шығар. Кездескен сайын, құшағын айқара ашып, ағынан ақтарыла жары­латын досымыздан айрылу, қа­бырғамызды қайыстырды.

Артындағы ұрпағына ғұмыр

тілеп, дұға бағыштаймыз.

Жарқын жүзің әрқашан

жадымызда,

Достықтың нәрі

сіңген қанымызға.

Қасиетіңе теңелер пенде

таппай,

Барармыз бізде бір күн

жаныңызға.

…Естелігін өлең жолдарымен аяқтаған Әбубәкір ағаның шынайы сөзі алыс күндерді ой­ға оралтып, көңіл түкпірін қоз­ғайды.

Енді Аманжол ағаның туға­нындай болған жақын досы Тө­ребек Есхожаұлы Искаковтың естелігі сөйлесін.

***

1982 жылы Жаңақорған ау­дандық комсомол комитетінде қызмет істеп жүрген кезімде ПМК-34 мекемесі бастауыш ком­сомол ұйымының хатшысы бол­ған азамат басқа қызметке кетіп, соның орынына жаңа хатшы сайлау керек болды. Бұл туралы мекеме басшысымен кездесіп, ақылдастым. Сонда ол кісі ме­кеменің жас маманы, жоғары бі­лімді, өзі комсомол мүшесі, үл­кен-кішімен жақсы араласа алатын Кенжебеков Аманжол Аманбекұлын сайлау керек деп ұсыныс білдірді. Сол күннен бас­тап Аманжол мекеменің бас­тауыш комсомол ұйымы хатшы­лығын өзінің қызметімен бірге атқарып, көптеген ізгі істердің бастамашысы болды. Екеуіміз жақсы араласып кеттік, қызмет бабындағы қарым-қатынасымыз достыққа ұласты.

1983 жылы Аманжол  аудан орталығындағы  «Сельхозхимия»  мекемесіне инженер-механик болып ауысып, келесі жылы мен сол мекемеге аға агроном бо­лып бардым. Сол кезде бұрын­ғы­дан да жақындай түсіп, отбасымызбен араластық.

Тікелей қызметтес болған кездерімде мені досымның жұ­мысқа деген адалдығы, жауап­кер­шілікті жоғары сезінетін көп­шілдігі, биязы, жұмсақ  мінезі, кез келген тапсырманы  тиянақты  орындайтындығы тәнті етті.

1985 жылы аудандық партия  комитетінің ұсынысымен «КПСС-тің 24-съезі» кеңшарына партия ұйымының хатшысы болып сайландым. Осы кезде бас инженер-механиктің ор­ны босап, кеңшар директоры Әлім­бай Шерубаевқа Аман­жол Аманбекұлын қызметке алу жө­ніндегі ойымды білдір­дім. Онымен бұрын қызметтес болға­нымды, өз ісіне жауап­керші­лікті, тиянақты, техника саласының сауатты маманы екенін айтып түсіндірдім. 

Кеңшар директоры ұсыны­сымды қабылдады. Сөйтіп, тағы да  алты жылға жуық бірге қыз­мет атқардық. Сол кезеңнен бері өмірінің соңғы күніне дейін жан жолдас болдық.

Осы бір көңілі кемел, жүрегі дарқан досымның өмірден өтке­ніне де он жылдан асты, бірақ бейнесі күнде көз алдымызда тұрады. Мен де Аманбек кө­кем­нің бір ұлындай болып кеттім. Аманжолдың бауырлары үнемі ата өнегесін көргендіктерін танытып тұрады.

Аманбек көкем өмірден өт­кеннен кейін Аманжол өзінен кейінгі іні-қарындастарына ақыл­шы, қамқор болды. Отанасы Ма­рия бүгінгі күні сол дәстүрді үзбей, Аманжолдың  орнын жоқ­татпай, қарашаңырақтың түтінін түзу ұшырып отыр.

…Міне, достық деген. Төребек ағаның айтқаны «Бір дос болады – қораңнан мал кеткенше, бір дос болады – кеудеңнен жан кеткенше» дейтін тәмсілді еске салады. Біз бұл екі кісінің достығын жас балаларға жарқын үлгі етіп көрсететін достық деп айта аламыз.

Аға жөніндегі ендігі сөз ша­руашылықта бірге қызмет еткен Асан Нақышпановтыкі, ол кісі былай дейді.

***

…«КПСС-тің 24-съезі» кеңша­рында бас агроном болып жүрген кезімде Аманжол осы шаруашылыққа инженер-механик болып келді.

Ол кезде шаруашылық жұмысы өте ауыр. Кеңшардағы техникалар ескі, жаңа үлгідегі техникаларға қол жетпеген кез. Аманжол жұмысын біраз басшылар мән бере бермейтін техника жүргізушілерімен сөй­лесіп, тіл табысудан бастады. Шаруашылық аумағындағы жер­лер инженерлік жүйеге кел­тірмеген. Тегістелмеген, суы бір жағына жайылып, бір жағына шықпай жататын жерге күріш егу қиынның қиыны. Оның үстіне егіс басында бұзылып қа­латын ескі техникалармен жұ­мыс істеу де естен тандыратын. Сондай кездері ол көрші ша­руа­шылықтан ба, ауданнан ба, әйтеуір жүгіріп жүріп, оның қосалқы бөлшегін тауып, алып келетін. Техника жүргенше өзі аяғынан тік тұратын. Осы азамат секілді халықтың ортақ иігілігіне жаны ашып, өз басын, отбасын ұмытып кететін мамандар сирек, тіпті жоқ еді десем де, шындық. Күзгі егінді жинап алу маусымында Аманжолдың иығына көп салмақ түсетін. Ол соның бәрін көтерді, елінің салмағын беліне түсірді.  Бұл жылдары осындай еңбектің арқасында біздің кең­шар жоспарын үнемі орындап, межеден көрінді.

Өмірдің өз заңы бар, адам­дардың жолы таусылса да, оның жолы ұзара береді. Аманжол өмірден ерте озды, қазасы жанымызды күйзелтті.

Артыңда қалған ұрпақтары өзі секілді елшіл, еңбекшіл нағыз азамат болып, халқына қызмет ете берсін.

…Асан ағаның шынайы ес­телігі біз сөз етіп отырған асыл жанның болмысын осылай ашты.

Ал мына сөзді Аманжол аға­ның жары Мария апаның аузынан жазып алдық.

***

Екеуіміз қырық жылға жуық бір ғұмыр сыйын бөлісіп, тірлік кештік. Қоғамға, ағайынға адал болды. Адам есебінде де айна­ласының алды еді. Жасынан жат әдеттерге әуестенбеген, темекі тартпайды, ішімдікке мүлде жоқ, балағат сөз айтпайды. Маған осындай орны дара адамға жар болу бақыты бұйырды.

Отағасының жаназасына алыс-жақынның бәрі келді, еш­кім қалмады. Аяулы жанның ха­лық ішіндегі қадірі сол бір оқи­ғадан да көрінді. Ол кісі өз мамандығы бойынша кіші-гірім қызметтер атқарды. Адам ел бас­қарып атқа мінбей-ақ, қара­пайым тіршілікпен-ақ қадірін арттыра алады екен. Сол кезде көңіл айтып келген мекеме бастығының: «Аманжол аға біздің кеңсенің алдын тал егіп, жап-жасыл қы­лып жайнатты. Бұл ол кісіге тікелей тиісті жұмыс емес, осыны айтқызбай-ақ өз қалауымен істеді», – деп риясыз ризашылы­ғын айтқаны есімде қалды.

Шүкір, артында Дана, Қай­ратбек, Ағила, Дулатбек есімді алтын асықтай ұлдары, күміс қасықтай қыздары бар. Мен солардың тілеуін тілеп, балдан тәтті немерелерімнің әзиз әжесі атанып отырмын.

***

Біз осы шағын естеліктерден Аманжол ағаның ұрпағына ұстын болар болмысын таныдық. Егер адам ізгішіл, игілікшіл болса, «азырақ жүріп ортаңда, көңіліңде қалсам көбірек» дегендей, ол адамның ізі өшпейді, ісі жоғалмайды.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»