Ұрпағың бар, ізіңді жалғайтұғын

176

0

«Атасы жақсы, қандай-ды, асқар бір зәулім таудай-ды» деп шайырлар жырлағандай, перзенті үшін әкенің орны әркез бөлек. Жүріп өткен жолы ұрпағына өмірлік өнеге екен. Жүрегі кең, жүзі мейірімге толы, адал еңбегімен ел ішінде еңсесі биік, елеулі азамат болған ардақты әкеміз Рақым Жүнісұлы Көшкінбаевтың өмірден озғанына бір жыл толып отыр. Егер ортамызда болғанда 75 жасын тойлар едік, амал қанша? Соны ойласақ, жанымызды мұң торлап, жүрегімізді терең сағыныш қозғайды.

Әкеміз Рақым Жүнісұлы 1950 жылы Қызылорда қаласын­да дүниеге келген. С.Сейфуллин атындағы №4 мектептен орта білім алып шыққан. Біздің бі­луімізше, жастайынан білімге құштар әрі еңбекқор болған. Ал­дына үлкен мақсат қойып, өмірлік ұстанымын айқындай білген. Сол мақсатына сай мек­теп бітірген жылы Жамбыл гид­ромелиоративтік-құрылыс институтына түсіп, инженер-гидротехник мамандығын ал­ған. Бұл оның саналы ғұмы­рын­да еліне, туған жеріне ет­кен қалтқысыз  қызметінің бас­та­ма­сы десек болады.

Оқу бітіргеннен кейін құ­рылыс бөлшектер мен ағаш құ­рылымдарын шығаратын за­уыттың бас инженері, ағаш ше­берханасы цехының бас шебері болып еңбек жолын бастаған әкеміз көп ұзамай  зауыттың цех бастығы болып жұмыс атқарған. «Қызылорда ремводстрой» ПМК-44 мекемесінде жиырма жылға жуық қызмет етіп, мастер, прораб, бөлімше бастығы, бас инженер қызметтерінен саты­лап жоғарылап, 1994-1996 жыл­дары осы мекемеге бас­шы­­лық жасаған. Ал 1998-2005 жыл­дар ара­лығында «Яксарт», «Як­сарт Құрылыс» ЖШС дирек­то­ры, Қазақстанның құрылыс­шы­лар одағы Қызылорда фи­лиа­лы­ның вице-президенті, «Пром­строй­проект» ААҚ-ның  Ақтау қала­сындағы бірлестігінде ди­ректордың орынбасары қыз­мет­терін абыроймен атқарды.

Екі мыңыншы жылдардың басында «Асар Холдинг ЛТД», «РМЗ-Шапағат», «Казнефте­газ­монтаж», «XXI ғасыр», «Ахат ГС» ЖШС сияқты құрылыс ме­кемелерінде қызмет атқарып, өңірдегі көптеген сәулетті ны­санның салынуына өзіндік үле­сін қосты.

Иә, қарап отырсақ, қырық жылдан аса еңбек жолында қа­рапайым шеберден бастап, жа­уапты қызметтер атқара жү­ріп, басшылық лауазымға дейін кө­терілген. Ең бастысы, артын­да жақсы із қалдырып, адал ең­бегімен абыройға бөленді. Бас­қарушылық пен іскерлік қа­бі­летінен бөлек, қарапайым­ды­лығымен халықтың құрметіне бөленді. Қай ортада жүрсе де, тәртіп пен талаптың, әділдік пен адамгершіліктің үлгісі болды.

Майталман маман ретінде облыс көлемінде жүргізілген қаншама құрылыс жұмыстарына атсалысып, сәулетті ғимарат­тардың салынуына үлесін қос­ты. Бүгінде қаланың әр бұ­ры­шында оның қолтаңбасы қал­ған нысандар ел игілігіне қыз­мет етуде.

Әкеміз заман талабына бе­йім­деліп, тоқсаныншы жылдар­дың соңынан бастап жеке кә­сіпкерлікпен айналысты. Сол кездегі нарықтың талабымен өмірге енген бұл саланы мең­ге­ріп кету екінің бірінің қолы­нан келмейтін. Әйтсе де әкеміз қиындықтарға мойымай, ел эко­номикасы қаржы тапшы­лы­ғына тірелген күрделі кезеңде отбасын қамтамасыз ете оты­рып, балаларын да еңбек етуге баулыды. Сонымен қатар, осы салада бірнеше буын жас маман тәрбиелеп, бағыт-бағдар берді. Кәсібін табысты жүзеге асыра білген әкеміз Рақым Жүнісұлы ел экономикасының дамуына да елеулі үлесін қосқанын айтып өткеніміз жөн болар.

«Адам ұрпағымен мың жа­сайды» дегендей, көзінің ті­рі­сінде үш баласын қатарынан қалдырмай, тәрбиелеп өсіріп, олардан немере сүйіп, анамыз екеуі отбасы бақытына кенелді. Бүгінде бәріміз өмірден өз жо­лымызды тауып, әкеміз салған ізбен әр салада қызмет етіп жүрміз.

Әкеміз қандай бір істі қол­ға алғанда, өте талапшыл, өзі­не де, өзгеге де қатал бола­тын. Жұмыс барысында терең жа­уапкершілікті, тиянақты­лықты талап ететін. Бірақ күнделікті тіршілікте жүрегі жұмсақ, кө­ңілі кең, жақынына жанашыр, әсі­ресе, немерелеріне ерекше ме­йірбан болатын.

Зейнетке шыққан кезінде үйдің де, ауланың да сәнін кел­тіріп, бақша егуді қолға алды. Жайқалып өскен ағаштардың көлеңкесі жанға сая. Бүгінде атасы еккен бақшадан неме­ре­лері жеміс теріп жүр. Өмірдің сабақтастығы деген осы емес пе?! Біле білсек, әкеміздің бұл ісі – жай ғана еңбек емес, өмірді шын сүюдің, тіршіліктің әрбір сә­тін бағалай білудің белгісі екен.

– Өкінбе әке, отың бар

сөнбейтұғын,

Ол мәңгілік жанады көрмей

тыным.

Ұрпағың бар, ел менен ер

намысын,

Тірі тұрса қолынан

бермейтұғын,

– деп Мұқағали ақын жырла­ғандай,  артында қалған ұрпақ­тары әкеміздің атын абыроймен арқалап, өмірлік өнегесін үлгі тұтып, қалдырған ізін лайықты жалғап, туған жерге қызмет етуге бар күш-жігерімізді аян­бай жұмсауға дайынбыз.

Ербол КӨШКІНБАЕВ