Жақында С.Ысқақов атындағы Қызылорда бизнес және құрылыс колледжінде КСРО және Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі, кәсіптік білім саласы көшбасшыларының бірі Жұмабай Маханұлын еске алуға арналған тоғызқұмалақтан облыстық турнир өтті. Оған Жұмабай Маханұлымен бірге еңбек еткен кәсіптік білім саласының ардагерлері, балалары мен туған-туыстары қатысты.
Колледж студенттері мен мектеп оқушылары арасында өткен турнирде 70-тен аса ойыншы бақ сынады.
Ашылу салтанатында облыстық тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Б.Елеусінов, облыстық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғ.Бекенов, кәсіптік білім беру саласының ардагерлері, КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы В.Пак, И.Жетербаев, Б.Қырғызбаева қатысып, ардагер-ұстаздың өмір жолынан естеліктер айтып, жас жеткіншектерге сәттілік тіледі.
Сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, әрбір партия тартысты өтті. Жасөспірім қыздар арасында І орынды Тереңөзектен келген Альфия Бабабек иемденсе, ІІ орынды №6 мектеп оқушысы Айзере Қайсариева алды. Келесі жүлделі орын Фариза Мектепхан мен Сая Тұрлыбекке бұйырды.
Жасөспірім ұлдар арасында І орынды Әлинұр Ақшүкір, ІІ орынды Айсұлтан Русланұлы, ІІІ орынды Арсен Ералиев пен Бақдәулет Қуанышбай олжалады. Ал 16 жасқа дейінгі қыздар арасында І орынды Әмина Мектепхан, ІІ орынды Анель Тоқшылық, ІІІ орынды Кәусар Ертуған мен Әйгерім Шегебай жеңіп алды. 16 жасқа дейінгі ұлдар арасында І орынды Есенжан Ахметов, ІІ орынды Аслан Ғалымұлы, ІІІ орынды Нұрмат Нұржанұлы мен Құлмұхаммед Қашқынбайға тиесілі болды. Колледж студенттері арасында І орынды Парасат Тұрғанбай, ІІ орынды Ботагөз Кеңес, ІІІ орынды Таймас Мұрат пен Сара Назартаеваға бұйырды.
Сондай-ақ жақсы ойын өрнегін көрсеткен спортшылар «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды. Облыстық турнирге демеушілік жасаған Жұмабай Маханұлының балалары жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне сый-сияпат ұсынды.
«СБ» ақпарат






