Ұсыныс-пікірлер ескерусіз қалмайды

249

0

Осы аптаның сәрсенбісінде облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы болып өтті. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов қатысты.

Депутаттар алдында ал­дымен 2024 жылға арналған облыстық бюджеттің ат­қа­рылуы жөнінде есеп берілді. Бұл жөнінде облыстық эко­номика және қаржы бас­қармасының басшысы Сәкен Мырзабек, облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Мұса Қалдарбеков баяндама жасады. Сала басшылары ұсы­нылып отырған өзге­рістерді жан-жақты түсіндірді.

Хабарламадан соң депутаттар бірқатар сұрақ қойып, нақты ұсыныс-пікірін жеткізді. Бюджет қаржысы тиімді және нәтижелі жұмсалуы керектігі баса айтылды.

Одан кейін облыстық білім басқармасы басшысының орын­басары Асхат Қанатов салада атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы кеңінен баяндады. Оның айтуынша, облыстың білім басқармасына бөлінген қаржы 308,1 млрд теңгені құрады. Бүгінде өңірде үш ауысымда оқитын мектептер жоқ. Екі жыл бұрын 4 білім ошағына қосымша құрылыс салу есебінен аталған түйткіл толық шешімін тапты. Былтыр білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет және жеке инвестор есебінен 17 білім беру ұйымының құрылысы жүр­гізілді.

Олардың жалпы құны 8 млрд теңгеге жуық. Өңірде Президент баста­масымен қол­ға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 10 мектеп бой кө­теріп жатыр. Сондай-ақ жа­қында де­меу­шілік есебінен музыкалық колледждің жаңа ғимараты елдің игілігіне айналды.

Сессия барысында облыс­тық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарма­сының басшысы Ерлан Төрәлиев, облыстық қоғамдық даму басқармасының бас­шысы Руслан Қаюпов Қы­зылорда қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру туралы және қайта атау туралы, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пай­далануды реттеу басқар­масының басшысы Ғалымжан Еркебай 2025-2027 жылдарға арналған Қызылорда облысы бойынша қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы баяндама жасады.

Сессия соңында депу­таттардың ұсыныс-пікірі ескеріліп, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»