Уақыт талабына сәйкес

302

0

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймақтың денсаулық сақтау нысандарында құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Мысалы, Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруха­насына қарасты жұқпалы аурулар бөлімшесінің құрылысы қарқынды. Жоба құны – 2 миллард 323 миллион теңге.

Бас мердігер «Дәнекер» ЖШС құрылысты маусым айында аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Ғимараты 1970 жылы салынған «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясы бүгінде Шиелі кентінің 8 351 тұрғынына қызмет көрсетеді. Алайда ин­женерлік жүйелері мен құры­лыс конструкциялары тозығы жеткендіктен, күрделі жөндеу қажеттілігі туындады. Жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. «Жабдықтау» ЖШС бұл жұмысты бастап та кетті.

– Кент тұрғыны ретінде біз отбасымызбен «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясына тіркелгенбіз. Көрсетіліп жатқан медициналық қызметтің сапа­сына көңіліміз толады. Ғи­маратқа күрделі жөндеу жасалады деген хабарды естіп, қуанып қалдық. Жалпы денсаулық мекемелері кезең-кезең­мен жаңаланып, жаңғырып жатыр. Ол да – уақыт талабы, – деді еңбек ардагері Шағдарбек Саржанов.

Тағы бір жағымды жаңалық – аудандық аурухана жанынан қосымша ғимарат салынуда.

Шиелі ауданаралық ауру­ханасының көпбейінді ауру­ханаға айналуына байланысты медициналық қызмет ауқымы кеңейтілді. Инсульттік бөлімше ашылып, 650 миллион теңгеге МРТ аппаратымен жабдықтау жоспарланды. Алайда құрыл­ғыларды орнату үшін ғимарат тапшылығы байқалды.

Осыған байланысты аудан­дық аурухана жанынан қосымша ғимарат салу туралы шешім қабылданып, дәл қазір бұл жерде құрылыс жұмыстарын «Дәнекер» ЖШС іске асыруда.

Және бір жаңалық – Ден­сау­лық сақтау министрлігінің 2024-2025 жыл­дарға арналған медици­налық көмекті жетілдіру жөніндегі Жол картасына сәйкес Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында гос­питальді фар­мация бөлімін де ашу жоспар­лануда. Бұл бөлім дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз ету­дің тиімділігін арттырып, кли­ни­калық фармакология қыз­метін жетілдіреді.

Жобалар аудан тұрғын­дарына қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталған.

 Мақсұт ИБРАШЕВ.

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<