Ырыс алды – ынтымақ

4

0

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Халқымыз ертеден бірлік, ынтымақ мәселесіне ерекше мән беріп, оны өмір­дің өзегіне балаған.  Оның мән-маңызын «ырыс алды – ынтымақ», «бірлік болмай тірлік болмас», «ынтымақ түбі – игілік» дейтін мақалдар арқылы жеткізген. Осы­лайша ағайынның ауызбірлігін, ауыл­дың ынтымағын, елдің тұтастығын басты орынға қойған. Бүгін де мемлекетіміздің өсіп-өркендеуінде халықтың ортақ мақ­сат-мүдделердің айналасына бірігуі, бе­рекесі мен татулығы негізгі тірек болып отыр.

Бейбіт өмірдің тұғыры – бірлік. Та­тулықтың алтын арқауы – өзара түсі­ністік. Береке-бірлігіміздің ұйытқы­сына айналып, еліміздегі этносаралық достық пен бірліктің үлгісін әлемге та­нытқан Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның құ­рыл­ғанына былтыр 30 жыл толды.

Бүгінде Сыр өңірінде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті тіршілік кешуде. Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы – қоғамдық ке­лі­сімнің темірқазығы. Нақтырақ айтсақ, аймақта 30-дан астам этнос өкілі тұрады. Олардың мәдениеті мен дәстүрін сақтап, дамытуға 11 этномәдени бірлестік ұйыт­қы болып отыр.

Жыл басында Қызылорда қаласында «Достық үйінің» жаңа ғимараты пай­далануға берілді.  Заманауи үлгідегі зәу­лім ғимарат 3 миллиард 800 миллион теңгеге «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы­ның қолдауымен бой көтерді. Ғимаратта этномәдени бірлестіктердің, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің, Аза­маттық альянс өкілдерінің толық жаб­дықталған жұмыс кабинеттері орна­ласқан. Сонымен бірге 200 орындық кон­церт залы, 50 орындық акт залы, шы­ғармашыл жастарға арналған домбыра, ән, би үйірмелері, медиация орталығы, музей және Ассамблея жанындағы ғы­лыми сарапшылық топтарға арналған кеңістіктер қарастырылған.

«Руханият орталықтары» мен «Қо­ғам­дық келісім» кабинеттері әр аудан­ның рухани діңгегіне айналған. Бұл – та­рихты жаңғырту мен болашақты бі­рік­тіру жолындағы алтын көпір.

Біздің басты құндылығымыз – бір­лік, асыл мұратымыз – татулық. 

– Бақ, қайда барасың?

– Ынтымаққа, – демек­ші, Сыр өңірі – бүгінде бірліктің, ынты­мақтың, ырыстың айнасы. Ынты­мағы жарасқан, бірлігі бекем елдің қай кезде де тұғыры биік, абыройы асқақ болары сөзсіз.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»