Кеңес дәуірінде еңбекшілердің таптық мерекесі болған 1-мамыр тәуелсіз еліміздің тарихында жаңаша сипатқа ие болды. «Қазақстан халқының бірлігі күні» деген мазмұнда жалғасын тауып, көпэтносты елдің тыныштығы мен татулығының нышанына айналды.
Конституциямыздың өзі «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы» деп басталады. Бұл көпұлтты мемлекетіміздің татулық пен бірлікке негізделген ұстанымын танытады.
Қазақ – қашаннан-ақ ықыласы ауған адамға атын түсіп беретін жомарттығы өз алдына, «құдайы қонақ» дәстүрін ұстанып, қайырымдылық қағидатынан аттамаған ел.
Тарихтан білетініміздей, ашаршылық пен саяси қуғындау жылдары қазақ өзінің жүнжіп, жүлгеленіп кеткеніне қарамастан, өзгенің де қайғысына қабырғасы қайыса ортақтаса білді. Сол заманда қазақ даласын паналаған босқын жұрт жомарт елде мәңгілікке тұрақтап қалды, өсті-өнді, ұрпақ жалғастырды.
Осы кезеңде ең алдымен «бірлік болмай – тірлік болмайды» деген халық даналығын ойға алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын көтерді. Бұл туралы 1992 жылы тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтқан. 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлық шығарды.
2007 жылы мамырда Қазақстан Конституциясына бірқатар өзгеріс енгізілген тұста Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді, ол ҚР Парламенті мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. 2008 жылы 20 қаңтарда «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы заң қабылданды. Міне, осылайша, еліміздегі 130 ұлттың бір шаңырақ астында, бір шаттық үстінде ерікті өмір сүруіне ерекше мән берілді.
Ассамблея ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылымға айналды. Бүгінде бұл құрылым әрбір ұлтқа өзінің салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық жасап отыр. Осының бәрі Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасының қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында мүмкін болғанын ашық айтуымыз абзал.
Тәуелсіздіктің орнығуының ең қиын жылдарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қайраткерлігі нәтижесінде Қазақстанда этносаралық татулық пен қоғамдық келісім тұрақты түрде сақталды. Осындай ұлттың дархан мінезі, тұлғаның салиқалы саясаты бар қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қоғамдастық өкілдері құлақ асатын беделді елге айналды. Сондықтан еліміз саяси тұрақтылық, қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық татулықты орнату жөнінен әлемдік қоғамдастық тарапынан оң баға иеленді. Қазақстанның қарыштап дамуына да ең алдымен ұлтаралық саясаттағы осы бір тұрақтылыққа негізделген қағидаттың ықпалы зор болды. Мемлекеттің экономикалық өсуі, әлеуметтік ілгерілеуі, демократиялық дамуы – қоғам бірлігі ұйысқан және сақталған жағдайда ғана жүзеге асатыны айқын аксиома.
Шындығына келгенде, еліміздегі татулық пен бірліктің басқаға емес, ең алдымен қазақтың өзіне қажет екені де түсінікті. Бұл мәселені ҚХА жиындарының бірінде Н.Назарбаевтың өзі де тілге тиек етті. «Ассамблеяның ең басты міндеті еліміздегі қоғамдық келісім болып саналады. Ал, ұлтаралық татулық мәселесі – Ассамблеяның сан қырлы қызметінің бір парасы ғана. Қазақстандағы қоғамдық келісімнің алдымен қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстағанымыз абзал. Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек» деген еді Елбасы.
Ақиқатында солай, 1 Мамыр мерекесі – ел іргесінің бекемдігі мен халық бірлігін одан сайын нықтап, сол арқылы Қазақ елі тірлігінің берекелі болуына жол ашатын жарқын мереке.
Жыл сайын 1-мамырда Қазақстанда тұрып жатқан 130-дан астам этнос өкілдері киелі жерде тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды. Жаппай патриоттық шерулер өтеді. «Достық» атты шуақты шаңыраққа шоғырланған әрбір ұлттық-мәдени орталықтар мерекеде ән айтып, би билейді. Қазақтың домбырасы, украинның бандурасы, өзбектің дутары, ұйғырдың ситары, шешеннің шиедагы, тәжіктің гиджагі – бір орманның құстарындай қосыла сайрағанда аспан асты сұлулыққа малынады. Дәстүр мен салт көріністері көз арбап, көңіл-күйді шалқытады. Түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылып, делебе қоздырады, бәсекеде достық жеңеді.
Былтыр мен биыл әлемдік пандемияға байланысты мұндай сән-салтанат тоқтап тұр. Дегенде, көп халықтың бірлігі мен тірлігі тоқтаған жоқ, оған біздің берік қалыптасқан ынтымағымыздың сұлу ырғағы себепші, әрине. Еліміздегі тұрақтылық тұғырымызды биіктетіп, бейбіт өмірдің берекесі күн сайын арта түсуде.
Жақында ғана елордада «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» деген атпен өткен ҚХА-ның кезекті сессиясында Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев: «Мен халықтың бірлігі мен қауіпсіздігін, тұрақтылық пен тыныштықты әрдайым бірінші орынға қойып келдім. Бірақ кейбір оппозиционерлер осы үшін мені сынайды: неге үнемі тұрақтылық, тыныштық деп айта береді дегенін талай естідім. Сонда не, тұрақсыздық жақсы ма? Біз тұрақсыздықтың не екенін көріп отырмыз. Төңкерістен төңкеріс, соғыстан соғыс, мемлекет дамымайды, бәрінен артта қалып қояды. Тұрақтылық, азаматтардың тыныштығы әрбірімізге байланысты», – деп атап өтті.
Жасыратыны жоқ, «біткен іске сыншы көп» дегендей, елдің тұрақтылығы мен ынтымағына алыпқашты сөз қосатындар да табылады. Дегенмен, менің атымның алдына түспе, өзім озайын деп өзеурейтіндердің сөзі іргесі берік достықтың тінін сөге алмаса керек. Қазақ атамыздың өзі: «Ырыс, қайда барасың, ынтымаққа барамын» деп өсиет қалдырып еді ғой. Ендеше, ынтымақтан артық байлық жоқ. Жаратушы иеміз не үшін сан түрлі ұлт жаратты, не үшін әртүрлі тіл жаратты? Барлық адамды орыс не қытай, тіпті қазақ қылып жаратам десе де құдіреті шексіз емес пе?
Әртүрлілік – әлемнің әдемілігі, ал, біздің еліміз әдемілікті жарқырата ұстап, жарастыра дәріптеп келеді.
Дүйсенбек Аяшұлы,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<