Қызылорда қаласындағы отыз жылдан бері су жылытқыш пайдаланып үйренген 100-ден астам көпқабатты үй тұрғындары қазір ыстық судың рахатын көріп отыр. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында атқарылып жатқан іс-шаралардың алғашқы нәтижесі. Ал күні кеше осы мақсатқа Үкімет резервінен нысаналы трансферт түрінде шамамен 5 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Еске салсақ, 2023 жылы 10 қазанда өңірімізге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы 2025 жылдың соңына дейін қаланы орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау мәселесін шешуді тапсырған болатын. Жалпы құны 26,2 млрд теңге болатын тиісті жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылады деп жоспарланған.
Бірінші кезең бойынша өткен жылы 187 тұрғын үйді су жүйесімен қамту жұмыстары басталды. Үкімет резервінен оған 11 млрд теңге бөлініп, жұмысты жүзеге асырушы оператор болып «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бекітілді. Осылайша бүгінде қаладағы 100-ден астам үйге ыстық су жеткізілді.
– Қалған үйлердің өжірелеріне құбыр тартылды. Енді пәтерлерге есептегіш құралдар мен тіреуіштер орнатылады, – деді «Байқоңыр» ӘКК басқарма төрағасының кеңесшісі Мұхитжан Кәрімбаев.
Мамандардың есебінше, пәтерді ыстық су жүйесіне қосу тұтынушының қалтасына айтарлықтай салмақ түсірмейді. Электрлі су жылыту қондырғысы екеуінің айырмашылығы 1035,94 теңге шамасында, яғни тиімділігі – 66,2%.
– Тұрғындар ыстық суды қысы-жазы пайдалана алады. Сондықтан қала тұрғындары мүмкіндікті пайдаланып, орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылғаны дұрыс, – деді Мұхитжан Кәрімбаев.
Осыған дейін Қызылорда қаласы республикадағы орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесі жоқ жалғыз облыс орталығы болды. Қаладағы көпқабатты үй тұрғындары электр немесе газбен жылыту құрылғыларының көмегіне жүгініп келді. Бұл төтенше жағдайларға әкеп соғуы мүмкін. Үкімет қолға алған шаралар осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған.
Екінші кезеңде, яғни биыл 236 тұрғын үй су жүйесіне қосылады. Аталған қаулы негізінде Үкімет резервінен бөлінген қаржы осы кезеңнің алғашқы кезектегі жұмыстары үшін пайдаланылады. Бұл облыс орталығындағы 423 көпқабатты тұрғын үйді орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтауға мүмкіндік береді.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<